Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қазақ баланы неге қырқынан шығарады?

Қазақ баланы неге қырқынан шығарады?

ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ – ЕЖЕЛДЕН ЫРЫМШЫЛ ХАЛЫҚ. БАЛАНЫҢ ЖАРЫҚ ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕН СӘТІНЕН БАСТАП ЕСЕЙГЕН ШАҒЫНА ДЕЙІН САЛТ-ДӘСТҮР БОЙЫНША АТАЛЫП ӨТІЛЕДІ. СОНДАЙ ІЗГІ ДӘСТҮРДІҢ БІРІ – СӘБИДІ ҚЫРҚЫНАН ШЫҒАРУ. БҰЛ ДӘСТҮР БАЛАНЫҢ ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕНІНЕ ҚЫРЫҚ КҮН ТОЛҒАНДА АТҚАРЫЛАДЫ.
Әуелі баланың «қарын шашы» мен «сүт тырнағы» алынады. Қарын шашты шүберекке түйіп сақтайды және «тіл-көзден сақтайды» деген ырыммен бесігінің басына тұмар ретінде іліп қояды. Ұл баланы 40 не 41 күнге, ал қыз баланы 37 не 39 күн толғанда «қырқынан шығару» ырымын өткізеді. Қыз бала ұл балаға қарағанда тез ширайды. Ұл бала баяу ширайды. Қыз бала 9 жасында, ұл бала 12 жасында балиғатқа толады деп есептеген. Әдетте дәстүр бойынша сәбидің шашын, тырнағын алу мен шомылдыруға өнерлі, ісмер әрі пысық әйелдер таңдалады. Бұл осы әйелдің игі қасиеті балаға жұғысты болсын деген ойдан туындаған. Алдымен арнайы ыдысқа күміс жүзік, білезік, сырға, алқа сынды зергерлік бұйымдар салынады. Содан соң әжелер мен қыз-келіншектер арнайы ыдысқа қырық қасық су құйып тұрып, «Өмірлі бол», «Өнерлі бол», «Өркенді бол» деген тәрізді тілектерін білдіріп отырады. Рәсімді аяқтаған соң қасық пен тостағанды шомылдырған адамдарға береді. Алғашқы шомылдырған суын «шілде суы» деп ыдысқа құйып сақтайды. Кейін нәрестенің денесі қызарып, бөрітсе су шипа болады деп есептеген. Қырық күн киген «иткөйлегіне» әртүрлі тәттілер салынып, ит мойнына байланады. Итті қуалай ұстап алған балалар мойнына оралған тәттіні бөлісіп жейді. Сосын итжейдені үлкендерге әкеліп береді. Ол жейдені сол ауылда бала көтере алмай жүрген жас келін болса, соған береді. Ол жейдені 40 күн басына жастап жатса, бала көтереді деген ырым да бар. Бала қырық күнге толғанша жаңа босанған әйел мен сәбиді үйден сыртқа шығармай, ерекше күтіммен қарайды. Жалпы алғанда, баланы қырқынан шығарудың керемет ғылымдық және философиялық танымы бар. Жаңа туған баланың мойны 40 күнде бекиді, еңбегі 40 күнде қатаяды. 40 күнде бала толық қара құлақтанады. Бала туған үйге түнде таң атқанша 40 күн шырақ жағып қояды. Ол бір жағы қауіпқатерден сақтаса, енді бір жағы «өмір бойы жарығы сөнбесін, оттай маздап өссін» деген жақсы ырым. Босанған ананың да белі 40 күнде қалпына келеді, 40 күнде толық қол-аяғын бауырына алады. Қалжа жеп қалжырағаны басылады. Қазақ осындай ерекшеліктерді ескере отырып баланы қырқынан шығару деген өте тамаша, керемет маңызы бар дәстүр-салтты жасаған.

К.КӨЗДІБАЕВА
06 желтоқсан 2022 ж. 1 505 0