Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәрбиеші – балабақша тірегі

Тәрбиеші – балабақша тірегі

Балабақшадағы тәрбие – барлық тәрбиенің бастауы. Тәрбиеші балаларды адам мәдениетінің әлеміне, күрделі және алуан түрлі қарым-қатынастардың әлеміне ертетін үлкендердің бірі. Бүгінгі әңгімеміз Жақсықылыш кентіндегі «Асылым» жеке бөбекжай балабақшасында келешек ұрпақтың тәрбиелі болып өсуіне бар қажыр-қайратын, білім-білігін аямай келе жатқан тәрбиешілер Айдын Абилова мен Нұрила Аймурзаева туралы болмақ.
Көпшіліктің назарына іскерлігімен іліккен тәжірибелі тәрбиешілер жайында әңгіме өрбітуді жөн көрдік.Біз әңгімеге арқау еткелі отырған Іңкәр Айдынқызы Әбілова 1968 жылдың 5 ақпанында дүниеге келген. 1983 жылы Қызылорда қаласындағы музыка училищесіне қабылданып, оқу орнын 1987 жылы «Хор дирижері, жалпы мектептің музыка пәні оқытушысы, балалар музыка мектебінің сольфеджио мұғалімі» квалификациясыналып шығады. Еңбек жолын 1987 жылы Қармақшы ауданында балалар музыка мектебінде сольфеджио мұғалімі болып бастайды. Кейін Арал ауданының Жақсықылыш кентіне қоныс аударып, аудандық балалар музыка мектебінің филиалында балаларға сольфеджиодан дәріс беретін мұғалім болады. Сол бір жылдары аталған мектептің жабылуына байланысты «Аралтұз» АҚ жанындағы тігін цехында тігінші болып еңбек етеді. Бар білім-білігін балаларға арнауды мақсат еткен абзал жан 2006 жылы кенттегі «Мерей» балабақшасында музыка жетекшісі болып жұмыс істеген. Қазіргі таңда «Асылым» жеке бөбекжай балабақшасында музыка жетекшісі болып қызмет етуде.
– Бар білімнің негізі балабақшадан қаланатыны белгілі. Бүгінде «Асылым» жеке бөбекжай балабақшасында 7 топта 140 бүлдіршін тәрбиеленуде. Ертеңгі елдің тұтқасын ұстайтын балалардың жан-жақты болуы үшін әріптестерім абыройлы еңбек етуде. Олар балалардың өне-бойына адалдықты, үлкенді сыйлауды, кішіге қамқор болуды басты мақсат тұтып, талап үдесінен табылуда, – дейді балабақша тәрбиешісі Іңкәр Абилова.
Іңкәр Айдынқызының балаларды өнерге баулудағы рәтті еңбегі де ескерусіз қалған емес. Әр жылдары балабақша бүлдіршіндерін түрлі аудандық, облыстық, республикалық байқау, конкурстарға дайындағаны үшін, «Үздік әуез жетекшісі» аудандық және «Жас толқын» жасөспірімдер мен балалар шығармашылық байқауында және «Ақын– халықтың жүрегінде» атты республикалық шығармашылық және өнер байқауында шәкірт дайындап және де басқа көптеген байқау, конкурстарда белсенділік танытқаны үшін Алғыс хаттармен, Құрмет грамоталарымен, дипломдармен марапатталған. Сонымен қатар 2021 жылы отбасы күніне орай «Мерейлі отбасы» ұлттық онлайн конкурсына және «Ақ жаулықты асыл әже» байқауына да қатысып, мерейі үстем болған. Жас ұрпақты өнер әлеміне жетелеп жүрген білікті тәрбиеші өткен жылдан бері «Әжелер» ансамблінің белді мүшесі.
Қызметімен қатар отбасының бабын тауып отырған Іңкәр жолдасы екеуі 5 бала тәрбиелеп өсіріп, үш қызын құтты орнына қондырған бақытты жандар. Ұлы Иманжүсіп С.Нұрмағанбетов атындағы құрлық әскерлері әскери институтының 3 курс студенті, кішкентай ұлы Мұхаммеджан кенттегі №19 орта мектебінде 7 сыныпта оқиды.
Тәрбиеші-педагогтың тынымсыз еңбегін қандай сөзбен өрнектесек те аздық ететіндей көрінеді. Әрбір шаңырақты шаттыққа кенелткен бүлдіршіндердің қылығына төзіп, еркелігін көтеріп, тәлімді-тәрбие беру төзімділік пен парасат-пайымды қажет ететіні сөзсіз. Ұлы кемеңгер Абай Құнанбаев «Адамның адамгершілігі жақсы тәрбиеші-ұстаздан болады» деген екен. Осындай талап биігінен табылып жүрген өз ісінің нағыз маманы – Нұрила Аймурзаева.
Абзал жан Нұрила Кемалқызы 1969 жылы 25 тамызда Жақсықылыш кентінде өмірге келген. 1986 жылы кенттегі №19 орта мектебін бітірген соң, «Аралтұз» комбинатында еңбек жолын бастайды. Содан кейін 1989 жылы Алматы қаласындағы №1 педагогикалық училищеге оқуға түсіп, 1991 жылы аталған оқу орнын ойдағыдай тәмамдайды. Сөйтіп жас маман Алматы қаласындағы «Азамат» балабақшасына тәрбиеші болып орналасады. Сонау 1994 жылдан бастап Жақсықылыш кентіндегі «Мерей» балабақшасында тәрбиеші болып абыройлы еңбек етеді. Кейін аталған балабақшаның жабылуына байланысты «Асылым» жеке балабақшасына тәрбиеші болып жұмысқа қабылданады. Жиырма жылдай уақытын бүлдіршіндерге арнаған жан өз мамандығын мақтаныш тұтады.
Нұрила Кемалқызы ата жұрттан өз бақытын кезіктіріп, отбасын құрды, ұрпақ өрбітті. Жолдасы екеуі үш ұлдың ата-анасы атанды.Еңбек жолын балабақшадан бастап, тәжірибе жинақтады, қарым-қабілетін байқатты. Ол тәрбиеленуші бойына білім нәрін меңгеруіне, жан-жақты дамуына, өскелең ұрпақ тәрбиелеуде, өрелі жұмысы мен өлшеусіз еңбектері үшін арнайы дипломдармен, Алғыс хаттармен марапатталып келеді. Сондай-ақүнемі балалармен, ата- аналармен көптеген жұмыстар атқарып, ұжымның беделін көтеруге күш салуда. Білімді тәрбиеші Нұрила Аймурзаеваның ұйымдастырған ашық сабақтары көптің есінде. Бұл туралы топтың ата-анасы: «Біздің балалар апайын жақсы көреді. Оны балабақшаға асыққан баланың көңілінен аңғарамыз. Ашық сабақтарға жиі келеміз. Тамаша көріністермен әрбір шара көрерменнің есінде мәңгі қалып қояды», – деп ерекшелігін сөзге қосты. Білікті әрі тәжірибелі тәрбиеші Нұрила Кемалқызы өз сөзінде: "АқынМ.Жұмабаев: «Тәрбие – адам баласын кәміл жасқа толып, өзіне-өзі қожа болғанша азық беріп өсіру» деген екен. Сондықтан біз балаларымыздың болашағына,тәрбиесіне жауапты жандармыз",– дейді ағынан жарыла.
Тәрбиеші – балабақша тірегі. Бала жанының бағбаны қандай болса, өскелең ұрпақ солай өнеге алып өседі. Солай болған соң, ең алдымен балабақшаға керегі – озық педагогикалық методиканы меңгерген, сауаты жоғары, тәлімді тәрбие бере алатын тәрбиеші.
К. МАХСҰТ
11 сәуір 2023 ж. 675 0