Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 2022 – Балалар жылы: Балғындардың құтты мекені

2022 – Балалар жылы: Балғындардың құтты мекені

"Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз" деген Мемлекет басшысы Қ.К Тоқаев биылғы жылды Балалар жылы деп жариялады. Бұл көптің қуанышын еселеді. Бүгінде мемлекет қолдауымен балабақшалар саны артуда. Десек те саны артуымен бірге сапа да талап етілетіні шындық. Бүгінгі әңгімеміз осындай талап үдесінен табылып, келешек ұрпақтың тәрбиелі болып өсуіне қызмет етіп келе жатқан – "Жазира" балабақшасы туралы болмақ.

Балабақша – болашақ ел басқарар, жер-суына иелік етер, Отанын көркейтер, мерейін асырып, мәртебесін асқақтатар жасампаз жандарды шыңдап, өмірдің ең басты сатысын қалайтын киелі мекен. "Жазира" балабақшасы 1955 жылдан бастап бақытты балалар ордасына айналып келеді. Қазіргі таңда балабақшада 3 топта 75 бүлдіршін  тәрбиеленуде. Олар: ортаңғы –  «Ақылды балақай», ересектер – «Білімділер бекеті», мектепалды «Жас зерттеушілер» топтарына үйлестірілген. Балабақшаның барлық топтары қажетті жиһаздармен, балалардың жас ерекшеліктеріне сай көрнекі құралдармен қамтамасыз етілген. Балабақшаның ішкі бөлмелері әсем безендірілген, табалдырықтан енген жанға бір жылылық әсер сыйлайды.
–– Бар білімнің негізі балабақшадан қаланады. Балалар жылында балабақша педагогтары ерекше серпінмен жұмыс жасайды. Себебі біздің барлық жұмысымыз кішкентай балғындармен тығыз байланысты. Әркез ата-ананың көз қуанышына айналған сәбилердің бақытты болғанын қалаймыз. Ертеңгі елдің тұтқасын ұстайтын балалардың жан-жақты болуы үшін педагогикалық әдістемелерге сүйене отырып, кешенді іс-шаралар өткіземіз деген жоспарымыз бар. Балабақшадағы оқыту мен тәрбиелеу үрдісі Білім беру министрлігінің стандарты негізінде «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың» ережелері шеңберінде жүргізіледі. Бұл балалар ордасының мектепке дейінгі балғындарды адамгершілікке, адалдыққа тәрбиелеудің маңызы өте зор. Кішкене бүлдіршіндер ата-ана мен тәрбиешісінің, достарының мінез-құлқынан, сөйлеген сөзінен, әр жақсы ісінен үлгі алады. Балалардың өне-бойына адалдықты, үлкенді сыйлауды, кішіге қамқор болуды түрлі ойын, салт-дәстүр, мақал-мәтел мен ертегілер, жұмбақ пен өлеңдер арқылы дарыту – ең басты парызымыз. Жас өскіннің табиғатпен, қоршаған ортамен танысып, алғашқы білімге қадамын басатын орны балабақша болғандықтан, тәрбиешілер де талап биігінен табылуды, ел жаңалығынан сырт қалмай, үнемі ізденіс үстінде жүруді мақсат етеді, – дейді балабақша меңгерушісі Гүлшат Жалғасбаева.
Жалпы, балабақшада 29 қызметкер еңбек етеді. Оның 13-і – педагогикалық қызметкер,16-сы – техникалық қызметкер. Оқу-тәрбие процесін 10 тәрбиеші, 1 музыка жетекшісі оқытудағы жаңа әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып атқарады. Балабақша психолог, логопед мамандармен қамтамасыз етілген. Педагогтардың 10-ы жоғары білімді, 3-еуі арнаулы орта білімді білікті мамандар. Балабақша топтарында өз жұмысын жақсы білетін бірінші, екінші санатты мамандар мен педагог-модераторлар жұмыс істейді. Педагогтар жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша 232 сағаттық білім жетілдіру курстарынан өткен.
–    Бүлдіршіндер – ел болашағы. Әрбір бүлдіршіннің бойына ата-анаға, елге деген сүйіспеншілікті сіңіріп, бар қажыр-қайратын аямай еңбек етіп жүрген педагогтарымыз аз емес.  Осы тұрғыда балабақша әдіскері Ж.Амангелдиева, тәрбиешілер Н.Махамбетова, З.Бәшенова, Н.Тағыбаева, Г.Кариева, М.Есенова, Г.Лекерова, Ж.Жұбатқанова, К.Кенжеева, Н.Жолмырзаева және  музыка жетекшісі А.Орынбасаров сынды бала жанының бағбандарының рәтті еңбегін  атап өткен орынды деп ойлаймын. Балабақшада барлық жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізіліп отырады. Ашық оқу қызметтері, мерекелік ертеңгіліктер, түрлі спорттық шаралар, сайыстар, байқаулар өткізіліп тұрады. Ата-аналармен де тығыз байланыстамыз. Ізінен ерген ұрпағына саналы тәрбие мен білім беру – ата-ананың парызы. Осы тұста балабақша ұжымына артылар жауапкершілік жүгі де орасан. Сондықтан баланы адамгершілікке үйретуде, ерте жастан еңбекқорлыққа баулуда, білімді болуға құлшындыру жолында біз де аянбай өз үлесімізді қосудамыз, – дейді Гүлшат Жақсығұлқызы.
Тәрбиеленушілерге бақыт сыйлауды мақсат тұтқан бұл ұжым қызметкерлері осы жылдар ішінде қаншама жетістікке қол жеткізді. Әрине мұнда 15 жылдан бері басшылық жасап келе жатқан ізденімпаз педагог, іскер басшы Гүлшат Жақсығұлқызының еңбегі зор. Бүгінде 67 жылдық тарихы бар, ауызбірлігі мол балабақшадан  тәрбиеленген ұрпақтың білімді де ақылды, өнерлі әрі өнегелі болып қалыптасарына сенім мол.
Бүгінгі Алғыс айту күнінде балалардың үлкен-кішіге деген сүйіспеншілігін арттырып, әдептілікке, кішіпейілділікке, ізеттілікке тәрбиелеуде, қайырымды іс жасауға үйретіп, табиғат-анаға мейірімді болуға баулып, ата-аналар алғысына бөленіп келе жатқан осындай ауызбірлігі мол ұжымға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
К. МАХСҰТ 
01 наурыз 2022 ж. 1 721 0