Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Күншуақ" – баланың саялы мекені

"Күншуақ" – баланың саялы мекені

Мектепке дейінгі шақ адам өміріндегі ең маңызды кезең. Өйткені осы кезде баланың бойындағы табиғи бар дарындылық жан-жақты дамиды. Сондықтан  осы шақта балалармен анағұрлым жан-жақты дамытушылық әрекеттер жүйелі жүргізілсе, соғұрлым жұмыс нәтижелі болатыны белгілі. Халқымыздың  нағыз азаматын тәрбиелеп өсіру негіздерін қалыптастыратын тұңғыш мектеп – ол балабақша. Балабақша келер ұрпақты еңбекке, өнер-білімге, елінің ар-намысын қорғауға және ізгі адамгершілік ниеттерге баулиды. Сондай балабақшалардың бірі – Жақсықылыш кентіндегі "Күншуақ" балабақшасы.
2021 жылы 2 ақпаннан бері жұмыс істеп келе жатқан  балабақшаның құрылтайшысы әрі меңгерушісі  – Құралай Сермуханова. Бұл бүлдіршіндер  ордасының ашылғанына аз ғана уақыт болса да жақсы жетістіктерге қол жеткізуде. Атап айтсақ, балабақшада екі топта  4 тәрбиеші екі ауысымда еңбек етеді.  Балғындар мекенінде 3-6 жас аралығындағы 40 бала тәрбиеленуде. Балабақшада 18 қызметкер бар. Үш тәрбиеші жоғары білімді, бір тәрбиеші орта арнаулы білімді мамандар. Г.Айназарова, А.Қадірбергенова, З.Рзағазиева және Ж.Кәрібаева сынды тәрбиешілер өз еңбегінің нәтижесімен, біліктілігі мен білімдерінің арқасында бүлдіршіндердің тәрбие беру үрдісіне заманауи әдіс­терді енгізуде. Балабақшада әрбір қызметкердің өз міндеті бар. Ән-әуез жетекшісі Ж.Аймұратова балаларға түрлі ән мен биді үйретуден жалыққан емес. Көмекші тәрбиешілер Г.Имашева мен А.Жәрімбетова әр баланың бейімділігі, қызығушылығы және қабілетіне қарай дамуына жағдай жасау жолында еңбек етуде. Ал аспаз Қ.Оразымбетова балаларға дәмді асты уақытылы дайындап берсе, шаруашылық меңгерушісі Р.Жанділдаева балғындар қажеттіліктерін дер кезінде жеткізіп, бар жағдайын жасауда. Сондай-ақ балалардың денсаулығын дәрігер Б.Халықұлова күнделікті қадағалап отырады. Сонымен қатармұқияттылық пен дәлдікті талап ететін есепшілік жұмысты атқаратын М.Құрманованың еңбегі зор. Ұжым қызметкерлерінің басты мақсаты – күнделікті тәрбиеленуші бүлдіршіндерге бақыт сыйлау.
– «Үйренер нәрсең – білім мен мейірімділік» деп Жүсіп Баласағұн айтқандай, балабақша ұжымы әрбір күнін ізденіспен өткізеді. Балабақшамыз «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасы» бойынша оқу-тәрбие жұмыстарын жүргізеді. Балабақшамыздың көптеген жетістіктері де бар. Өткен жылдың желтоқсан айында өткізілген семинар әріптестер тарапынан жоғары бағаланды. 2021 жылы онлайн түрінде ұйымдастырылған "Жыл тәрбиешісі" байқауына ересек "Қызғалдақ" тобының тәрбиешісі Г.Айназарова қатысып,  "Ізденімпаз тәрбиеші" номинациясын иеленсе, осы жылы ортаңғы "Ботақан" тобының тәрбиешісі Ж.Кәрібаева  аудандық "Жыл тәрбиешісі" конкурсына қатысты. Сонымен бірге балабақша атынан 22 наурызда өткізілген отбасылық сайысқа Қ.Оразымбетова қатысып, балабақша мерейін үстем етті. Ал жақында балалар мерекесінде балғын тәрбиеленуші Б.Жасталап сурет салудан жүлделі бірінші орынды жеңіп алды. Балалардың ой-өрісін жан-жақты қалыптастыру мақсатында түрлі ойындар мен жарыстар, ертеңгіліктер ұйымдастырып тұрамыз. Осы уақытқа дейін тәр­биеші ретінде балаларға үздік­сіз тәрбие мен білім беруде жаңартылған педа­гогикалық технологияларды­ кеңінен қолдануға тырысамыз. Себебі қазіргі заман балаларының берілген ақ­парат­ты тез қабылдауынан, есте сақтау қабілеттері жоға­ры дамығандығын байқауға болады,– дейді Қ.Абилмазинқызы.
 Осындай маман иелерінің кәсіби шеберлігін арттыруда олардың маңдай тері еңбектерінің жемісін көруге көмегін тигізетін әдіскер Б.Айназарованың еңбегін атап өткен орынды. Ол  "Мерей" балабақшасында 27 жыл қызмет етіп, зейнетке шықса да қарап отырмай, осы жеке балабақшадағы тәрбиешілерге ақыл-кеңесін беріп, тәлімгер болуда. 
Айта кетерлігі, Қызылорда педагогикалық институтын бітірген жоғары білімді педагог, білікті кәсіпкер Сапақ ауылынан  балабақша ашып, ел алғысына бөленіп отырған Қ.Абилмазинқызының білім саласындағы еңбегі өлшеусіз. Бүгінде педагогтар ұжымы іскер басшы Құралай Сермуханованың жетекшілігімен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартын» басшылыққа алып, оқу-тәрбие процесінің ізгілендіру тұрғысындағы ұстанымдарды іске асыруда.
Бүгінде атына заты сай «Күншуақ» балабақшасы ұжымы балалардың жан-жақты қорғалған, үйлесімді тұлға болып қалыптасуына жағдай жасауда. Тәуелсіз еліміздің бақытты балдырғандарына білім, тәрбие беруде балабақша ұжымы азғантай уақытта біршама жетістіктерге қол жеткізді. Педагогтар үнемі шығармашылық ізденіс жолында. Ал ата-аналар Б.Ізбасқанова мен Е.Сақтағановтың пікірінше, «Күншуақ» балабақшасын балалардың саялы мекені деп бағалайды, олар балаларының осы балабақшадан алған тәлім-тәрбиесіне алғысын айтып, ризашылығын білдіруде.
Балабақша – барлық тәрбие мен білімнің ең алғашқы баспалдағы іспетті. Мұндағы тәрбие мен білім балалардың табиғи мінезін, қабілетін ерте жастан дамытады. Бала – болашағымыз, бала – қуанышымыз. Ендеше біз де бүлдіршіндерді мектепке дейінгі үздіксіз тәрбиемен, біліммен қамтуды мақсат еткен ұжым қызметкерлерінің еңбегіне табыс, отбастарына амандық тіледік.
К. МАХСҰТ 
16 шілде 2022 ж. 468 0