Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бақыт ордасына айналған құтты мекен

Бақыт ордасына айналған құтты мекен

Балабақша – келешек ұрпақты еңбекке, өнер-білімге, отаншылдыққа тәрбиелейтін және ізгі адамгершілік ниеттерге баулитын құтты мекен. Сондай балабақшалардың бірі – Сексеуіл кентіндегі "Жауқазын" балабақшасы.  Өз қызметін 1986 жылы 1 қыркүйекте бастаған  осы мекеменің 35 жылдық мерейтойы  ел тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Балабақша тарихы өзінше бір оқиғалар мен жетістіктерге, шығармашылыққа толы. Осынау жылдар ішінде мекеме нарықтық қатынасты, оңтайландыру кезеңдерін де басынан өткерді. Көптеген бүлдіршіннің қанатын қатайтып, білімнің алғашқы нәрімен сусындатып, мектепке даярлады. Балабақшаның жетістіктерге жетуінде әрбір қызметкердің рәтті еңбегі, білімі мен біліктілігі, ізденімпаздығы жатыр.
   Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қоғамда орын алған саяси-әлеуметтік өзгерістерге байланысты балабақша көптеген қиындыққа тап болды. Облыс, аудан, ауыл-аймақтағы балабақшалардың көбісі жаппай жабылып жатты. Осындай қиын-қыстау кезеңде балабақшаны жаптырмау мақсатында және оны қаржыландыру үшін нарықтық қатынасқа өту кезеңінде қосалқы мал шаруашылығын ашып, бақша дақылдарын егіп, ақылы қызмет көрсетті. Шұлық-белдік тоқып, кірпіш басып, сондай-ақ ұжым мүшелерін қысқартуға ілікпей, жұмыссыз қалмауы үшін небір еңбек түрлерімен айналысудың нәтижесінде "Жауқазын" балабақшасы аудандағы жабылмаған жалғыз балабақша болды.
   1996-1997 оқу жылында балабақша Қызылорда облысы бойынша алғашқы рет ата-аналарға қамқорлық, көмек көрсету мақсатында бүлдіршіндерді оқытып, тәрбиелеудің жаңа тәсілдері мен озық әдістерін кеңінен қолданатын 4 сыныптық мектеп-бақша ашты. Балабақшаға 1 жасынан қабылданған бала 10 жасында мектеп-бақшаның 4-ші сыныбын аяқтап шығатын болды. Мектеп-бақшада ұлттық педагогика элементтерін батыл енгізіп, баланың рухани және физиологиялық дамуына ықпал ететін негізгі пәндерден бөлек, ән-күй, шет тілі, бейнелеу өнері, ойын, ритмика сабақтары жүргізілді. Балалар балабақшаға таңертең барып, үйіне кешкі уақытта қайтатын болды. Мұндай оқу-тәрбие орнына кент халқы, әрбір ата-ана шексіз ризашылығын білдіріп жатты.
   Алайда, 2002 жылы мектеп-бақша білім, мәдениет орындарының толықтай Арал ауданындағы құзырлы мекеменің қарамағына өткеннен кейін, аудандық бюджеттен қаражат бөлінбегендіктен жұмысын тоқтатты. Қазіргі таңда осындай ерекше мектеп-бақшаны кент тұрғындары жылы лебізбен еске алады.
   Аталған мекеме өз жұмысын әрі қарай жалғастырды. Ұжым бала тәрбиесіне қатысты қызметтерін адал атқарып, әр жылда биік белестерді бағындырып келеді. Балабақша алғашқы күннен қалыптасқан сара жолдан таймай, қазіргі заманауи әдіс-тәсілдермен жаңашылдықтарын да енгізіп келе жатқан қасиетті білім әрі тәрбие ошағы.
Ұрпақ тәрбиелеу ісіне өмірінің саналы ғұмырын арнаған, үлкен ұжымның алғашқы негізін қалаушы әрі осы мекемені 25 жыл басқарған іскер басшы Зәуреш Жазықбайқызын, әр жылдарда меңгеруші қызметін атқарған білікті мамандар Бақтыгүл Ержанова мен Күміс Санкубаеваны ерекше атап өткен ләзім. Сондай-ақ балабақша ашылғалы қызмет жасап келе жатқан Ажар Шалманова, Мейрамгүл Түлкібаева, Гүлнәр Жаманғараева, Ләззат Өтегенова, Ақерке Жұбатқанова, Гүлбағила Балымбетова, Аманкүл Оразғалиева, Лайық Тілеуова, Зәругүл Келесова, Орынкүл Құлтаева, Қанымкүл Асанова, Света Ибраймова, Айжамал Қаратабанова апайларымыздың балабақшаның дамуында өзіндік қолтаңбасы бар.
 "Бала тәрбиесі балабақшадан басталады" десек, сонау 1986 жылдан бері аталған балабақшада қаншама тәрбиеші, әдіскер, медбике,  аспаз, бала күтуші, техникалық қызметкер, күзетші сынды түрлі мамандық иелері абыройлы қызмет етті. Олардың бірқатары өмірден өтіп кетсе де, өнегелі істері өшкен жоқ. Ал зейнет демалысындағы ұжымдастарын балабақшаның бүгінгі қызметкерлері ардақтап, құрмет көрсетіп отырады.
   Біз де "Жауқазын" балабақшасы ұжымын осынау 35 жылдық мерейтойларымен құттықтай келе, отбастарына амандық, шығармашылық табыс, алар асуларыңыз көп болсын дейміз.

К. МАХСҰТ 
02 қазан 2021 ж. 976 0