Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бала жанының бағбаны

Бала жанының бағбаны

Бала – өмірдің гүлі. Бүгінгі бала – еліміздің болашағы, ұлтымыздың жалғасы. Тәрбиеші – балаға бағыт-бағдар, тәлім-тәрбие беретін отбасынан кейінгі екінші анасы. Әрбір шаңырақтың шаттыққа кенелткен бүлдіршіндердің қылығына төзіп, еркелігін көтеріп, тәлімді тәрбие беру төзімділік пен парасат-пайымды қажет етеді. Осы тұрғыда ұлы кемеңгер Абай атамыздың «Адамның адамгершілігі жақсы тәрбиеші-ұстаздан болады» деген орамы ойға оралады. Бүгін осындай ілтипатқа ие, көптің назарына іскерлігімен іліккен тәжірибелі тәрбиеші, бала бағбаны  Гүлбадан Әбішева жайында айтпақпыз.
Гүлбадан Әбішева 1970 жылы 16 мамырда дүниеге келген. Әуелі 1987 жылы балабақшаның кіші буын тәрбиешісі мамандығы бойынша оқу бітіріп, 2010 жылы «Гүлдер» бөбекжайына тәрбиеші болып жұмысқа орналасады. Кейін, 2015 жылы білімін жетілдіру мақсатында Қызылордадағы «Болашақ» колледжін сырттай оқып бітірген. Бүгінде бала жанының бағбанына айналған тәжірибелі,  білікті маман.
– Тәрбиешілік мамандықтың мен үшін еш қиындығы жоқ. Өйткені бұл кәсіпті өзім таңдадым. Сондықтан күнделікті жұмысымнан еш шаршаған емеспін. Қашанда баланың тілін табуға тырысу қажет, ол үшін сабырлық пен төзімділікті серік ету керек,– дейді ол.
Бір жерде қаншама жылдар бойы табан аудармай қызмет етіп келе жатқан Гүлбадан Аманкелдіқызы нағыз тәрбиеші десек жарасады. Себебі ол үйінде жүрсе де ертеңгі күнін, бүлдіршіндермен қалай  жұмыс істейтінін жоспарлап отырады. Ол балабақшада білікті тәрбиеші болса, отбасында аяулы жар, ардақты ана, сүйікті әже. Гүлбадан жолдасы Ахметулламен екеуі бір қыз, екі ұл тәрбиелеп өсіріп, екі келін түсіріп, үш немере сүйіп отырған мейірімді жан. Мамандығына адалдық танытып, өмірін баланың шат күлкісіне арнаған ол ең бастысы алдына келген  бүлдіршіндердің жүздері бақыттан бал-бұл жанып жүрсе дейді. Сондай-ақ ол саналы ғұмыры балғындарға тәрбие берумен өтіп жатқанына қуанады.
Ол еңбек жолын «Гүлдер» бөбекжайында бастап, тәжірибе жинақтады. Сонау 2010 жылдан тәрбиеші болып жұмыс атқарып, қарым-қабілетін байқатты. Оның іскерлік қабілетін ескерген аталған бөбекжай меңгерушісі Фарида Әжібаева:
– Балаға қарапайым тәрбие бере отырып, білікті де білімді етіп тәрбиелеп шығаруға болады. Мен көп жылғы тәжірибемде ұғынғаным, баланы дұрыс сөйлеуге, тазалықты сақтауға, ұқыпты болуға үйрету қажет. Біз үшін бүлдіршіндердің балабақшада дұрыс тәрбие алуы маңызды. Осындай жауапты міндетті атқаруда ұжым қызметкерлерінің үлесі зор. Соның ішінде Гүлбаданның үнемі балалармен, ата-аналармен көптеген жұмыстар атқарып, балаларды еңбексүйгіштікке, адамгершілікке тәрбиелеудегі еңбегін атап өткен орынды деп ойлаймын. Өз жұмысының қыр-сырын терең меңгерген тәжірибелі маман Гүлбаданның адамгершілік болмысына балалар да, ата-аналар да риза, – деп тәрбиешінің жұмысына дән риза екенін білдірді.
Балаларға әрқашан қамқор болып, ешқашан жұмыс істеуден шаршамайтын Гүлбаданның тәрбиеленуші бойына білім нәрін сіңірудегі өлшеусіз еңбектері салалық басшылық тарапынан лайықты бағаланып келеді.
– Ел болашағы келешек келбеті мен тәрбиелеген бүлдіршіндердің тәрбиесінде. Бүлдіршінді күлімдеп қарсы алып, бар өнеріңді үйретіп бақытты етсең, өз ұлтыңды бақытты ету жолында тер төккенің. Тәрбиенің тал бесігі балабақшадағы тәрбиеленушімен өткізген әрбір сәтің қызықты. Бала – көз қуанышың. Баланың балабақшадан жақсы тәлім-тәрбие алғанын қалаймын, аянбай сол үшін де еңбек етемін, – дейді «Құлпынай» тобының тәрбиешісі Гүлбадан Әбішева.
Бұл сөздің астарында тәрбиеші мамандығының үлкен жауапкершілік иесі екендігі айқындалып тұр. Бала тәрбиесі, оның ішіндегі балабақшадағы сәбилерді тәрбиелеу – үлкен мәртебе. Ақын М.Жұмабаев «Тәрбие – адам баласын кемел жасқа толып, өзіне-өзі қожа болғанша азық беріп өсіру»  деген екен. Сондықтан осындай балалардың болашағы үшін бар білім-білігін, тәжірибесін аямай жүрген жандардың рәтті еңбегіне табыс тілейміз.

К. МАХСҰТ
04 мамыр 2022 ж. 1 804 0