Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда облысы оқушыларының үстінен қылмыстық іс қозғалды

Қызылорда облысы оқушыларының үстінен қылмыстық іс қозғалды

Қызылорда облысында мектептің бес оқушысы тоғызыншы сынып оқушысын ұрып-соққаннан кейін қылмыстық іс қозғалды. Мектеп директоры мен меңгерушісі жұмыстан босатылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қызылорда облысында жаппай төбелестен кейін тоғызыншы сынып оқушысы реанимацияға түсті. Оқиға үш күн бұрын болған. Оқушы ауруханаға түрлі жарақаттармен жеткізілген.

«Полиция оған сол мектептің оқушылары шабуыл жасағанын анықтады. Олардың бесеуі іс бойынша күдікті деп танылды», деп мәлімдеді 24kz.

Мектеп директоры мен оның орынбасары қызметінен босатылды. Сондай-ақ 10 полиция қызметкері жазаланды. Бірақ мұндай шешімге бәрі бірдей келіскен жоқ.

«Ол жерде ИДН инспектор төртеу-ақ, бүкіл аумақты қамтып жабу мүмкіндігі шектеулі. Дегенмен профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мойындаймыз, кемшілік бар, сол кемшіліктермен жұмыс істейміз», деді Қызылорда облысы ПД бастығының орынбасары Шамшидин Амитов.

Облыстық білім басқармасының бастығы Қазалы ауданында ғана емес, облыстағы барлық білім беру ұйымдарында тәрбие жұмыстарын күшейту, тәртіп мәселесіне көңіл бөлу, ата-аналар комитетінің, аналар мектебі, әкелер мектебі секілді балалармен тығыз жұмыс істейтін қоғамдық ұйымдардың жұмысын күшейту жөнінде тиісті тапсырмалар берілгенін айтты.
12 сәуір 2023 ж. 195 0