Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Банкроттық 3 рәсім бойынша жүзеге асырылады

Банкроттық 3 рәсім бойынша жүзеге асырылады

Осы жылдың наурыз айынан бастап төлем мерзімі өткен қарыздары және микрокредиттері бар азаматтар банкроттық рәсімге өтініш бере алады.
Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Қызылорда қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасының жетекші маманы Мұрат Сарманов мәлімдеді.
– Өткен жылы кредиттік ұйымдар қарыз алушылардың 708,7 мың өтінішін қарады, оның ішінде 527,8 мың қарыз алушының қайта құрылымдауға берген өтініштерінің 74,5 пайызы мақұлданды. Осы орайда, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі кредиттік ұйымдар қарыздар мен микрокредиттер бойынша мерзімі өткен берешекті реттеудің міндетті тәртібі ескерілетін ішкі нормативтік құжаттарды жаңартты. Сондай-ақ кредиттерді қайта құрылымдау мәселелері бойынша қарыз алушыларға кеңес беру үшін қосымша жедел желіні ашты. Сонымен қатар, борышкерлер ипотекалық қарыз шартынан туындайтын дауларды реттеу үшін Банктер туралы заңға сәйкес банк омбудсманына жүгіне алады, – деді Мұрат Шахыбекұлы.
– Банкроттық және төлем қабілетін қалпына келтіру заңы 3 рәсімге сәйкес орындалады. Бірінші рәсім – соттан тыс әкімдік банкроттық деп тану, екінші рәсім – соттық тәртіппен банкроттық деп тану, үшінші рәсім – төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі. Соңғы екі рәсім сот шешімімен орындалады. Ал бірінші рәсімге сәйкес келетін азаматтардың мүлкі болмауы тиіс, соңғы 12 айда несие төленбеуі тиіс және қарыз мөлшері 5,5 млн теңгеден аспауы қажет болып табылады. Осы талаптарға сәйкес келетін болса Кірістер департаментіне арыз тастау арқылы жоғарыда аталған бірінші рәсіммен банкрот деп танылса болады. Екінші рәсім бойынша борышы 5,5 млн теңгеден асатын, мүлкі жоқ азаматтар сотқа арыз түсіру арқылы жүзеге асыра алады. Үшінші рәсімде қарызы мүлкінің бағасынан аспаған жағдайда жүзеге асады, – деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Қызылорда қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасының жетекші маманы Асқар Махмутов.
Өңірлік коммуникациялар қызметі
13 сәуір 2023 ж. 291 0