Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Бес қонақ» басталды ма?

«Бес қонақ» басталды ма?

«Сәуір болмай жауын болмас, жауын болмай тәуір болмас» дегенмен бүгінгі күнге дейін күн жылы болды. Кешелі ауа райының құбылмалығы ешкімді де таңқалдыра қоймаған болар. Кей жерлерде бірнеше жылда бір рет куә болатын қар жауса, 2-3 күннен бері жаңбыр құйып тұр. Ендігі тәуір құбылысты күтіп жүргендейміз. Көбі “бес қонақ” деп атап кеткен сәуірдің құбылысы бүгін кіргендей.

Қазекем бертінге дейін көктемнің екінші айын «Көкек» деп атап келген. Алайда уақыт өте атауы «Сәуір» болып өзгерген. Ал оның қашан, қалай өзгергенін бірі білсе, бірі білмейді. Ендеше өткенге сәл шәгініс жасайық. Ежелгі жыл қайыру дәстүрі деген болған. Мәселен, қазақ ежелден көшпелі өмір салтын ұстанып, мал шаруашылығымен күн көрген халық ретінде жыл мезгілдерінің ауысатын уақытын анық біліп отыруы керек болған. Бұл малдың төлдеу кезінде күннің райы қандай болатынын дәл болжап, жас төлді аман аяқтандыру үшін де қажет еді. Осы тұрмыстық-шаруашылық қажеттілігі көшпенділерді ғасырлар жүзінде жыл мезгілін анық айыратын, ай аттарын берік орнықтырған халық етіп қалыптастырған. Бабаларымыздың жіктеп-жіліктеуінше ай аттары мына ретпен тізбектеледі: Ергеу – Нау­рыз, Көктеу – Сәуір, Мезгеу – Мамыр, Көзгеу – Маусым, Шілдеу – Шілде, Тамызық – Тамыз, Дәндеу, Мизам – Қыркүйек, Соқтау – Қазан, Күйек – Қараша, Қауыс, Ықтырғы – Желтоқсан, Ығыс – Қаңтар, Қаңтар – Ақпан.

Зерттеушілер ежелгі көшпенділер жыл мезгілін, тіпті алдағы табиғи апаттар мен тосын оқиғаларды да жұлдызға қарап анықтаған деген тұжырымға келеді. Этнограф, ғалым ­Байахмет Жұмабайұлының айтуынша, қазақ халқы ежелгі жұлдыз күнтізбесі арқылы жыл басын белгілеп, жұлдыздар өзгерісіне қарай алдағы уақытты дәл анықтап отырған. Жұлдызшылар жұлдыздардың орнын өзгертуіне, қозғалыс жылдамдығының өзгерісіне, анық-өшкіндігіне және басқа да өзгерістеріне қарап жыл өзгерісін дәл болжаған екен. Қызығы сол, адам арасындағы өлім-жітім, соғысты да болжап айтқан. Сол кезеңдегі болжау үрдісін қазіргі ата-әжелеріміз айтып отырады. Қарапайым мысал, «Ай шалқасынан туыпты ғой, күн суытайын деп тұр» дегенді жиі еститінбіз. Ал «Үркер суға ерте түсті, жаз жауынды болады, құрғаққа түссе құрғақшылық болады» «Қазан айында күн күркіресе, қыс қысқа болады» немесе «Биыл Үркердің шөміші кішкене екен, жастардың өлім-жітімі көп болады-ау», «Шығыстан сары жұлдыз көтеріліпті. Не соғыс, не апаттың белгісі» деген жорамалдардың көбі дөп келіп отырған. Қазақ даласына Ислам дінінің келуімен мұсылманша ай атаулары бабаларымызға етене таныс болған. Қаңтар – Сафар, Ақпан – Рабиғул әууәл, Наурыз – Рабиғул ахир, Сәуір – Жумадил әууәл, Мамыр – Жумадил ахир, Маусым – Ражәб, Шілде – Шағбан, Тамыз – Рамазан, Қыркүйек – Шәууәл, Қазан – Зулқағда, Қараша – Зуллхижжа, Желтоқсан – Мухаррам. Бір қызығы көнекөз қариялар ай атауларын түзеген екен. Мәселен, Наурыз – Хамал, Көкек – Сәуір, Мамыр – Зауза, Маусым – Саратан, Шілде – Әсет, Тамыз – Сүмбіле, Қыркүйек – Мизам, Қазан – Ақырап, Қараша – Қауыс, Желтоқсан – Жәди, Қаңтар – Дәлу, Ақпан – Құт. Ал «Сәуір» қалай туды?

Сәуір – араб тілінде «өгіз» деген мағынаны білдіреді. Жұлдыз айлары бойынша «Торпақ шоқжұлдызының» атауы болады. Бұл атау 90 жылдары қолданысқа енген. Кейін ел болып көкекті осылай атап кеткен. Осы бір өзгерістің куәсі болған белгілі журналист Марат Тоқашбай әлеуметтік желідегі парақшасында жазба қалдырыпты. Онда қазақша ай аттарында «апрель» айын «көкек» дейтінін, ал «сәуір» қайдан пайда болғанына жауап береді. Тарихы мынандай. 1990 жылы 24 апрельде арнайы заңмен Қазақстанда президенттік билік енгізілді. Тура сол күнге Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің органы «Халық кеңесі» газетінің алғашқы саны жарық көреді. Бұрын «апрель» сөзі қолданыла беретін. Компартияның қылышынан қам тамып тұрса да жаңа басылымда ай аттарының қазақша берілгенін көңілі қалап тұр еді сол кездегілердің. Алайда бір аптадай ғана бұрын Орталық Комитеттің апрель Пленумы өткен. Оны қалай жазамыз деген журналистердің ойы сан-саққа жүгіреді. «КПСС Орталық Комитетінің Көкек Пленумы» десең ыңғайсыз. Содан газеттің бас редакторы Сарбас Ақтаев оның жолын табады. «Сәуір Пленумы» дейік деп алғаш қолдана бастайды. Одан соң осы тіркестегі «сәуір» сөзі біртіндеп барша басылымдарға ауысқан екен. Одан кейін «Орталық Комитет» те, «Пленум» да жойылды. Бірақ қазақша ай аттарының ішінде көзге шыққан сүйелдей боп арабша «сәуір» сөзі қалып қойды. Жазбадағы ой да осы ай атауын түзету еді. Бұл жазба жарық көрген уақыттан бір жыл бұрын Нұртөре Жүсіп «Айды айырмаған – амалды білмейді» деген мақала жариялаған. Онда «Қазіргі қолданыста жүрген ай атауларының ішінде саяси сипатпен «еніп» кеткен бір ай бар. Ол – сәуір айы. Бұрынғы қазақ бұл айды «көкек» деп атаған. Осы көкек қалайша сәуір болды?» деген сұраққа жауап іздейді. Қош.Қазақтың «Сәуір болмай, тәуір болмайды» деген сөзі «сәуір» атауының бұрыннан барын дәлелдейді дерсіз, бәлки?! Бірақ бұл жерде «сәуір» сөзі айдың атауы ретінде емес, осы айдағы амал атауы ретінде қолданылса керек. Сол амал жақсы өтпей, кейін күн райы да тәуір болмайтынын айтқан. Ол қандай амал?

Қазақта «амал» деген ұғым бар. Әр жыл мезгілінде, қала берді әр айда болатын табиғат құбылыстарын амал деп атайды. Отамалы, Бесқонақ, Сәуір амалы, Құралайдың салқыны. Осының барлығы да амалдар. Ал әрбірінде болатын құбылыс әр түрлі. Соған сай жасалатын қам-қарекет те өзгеше. Қариялар Сәуір амалы (шамамен осы айдың 20-сыншы жұлдызында басталады) кіргенде жаз бұлттарын бақылайды. Бұлт төніп, ыдырамаса, сәуірдің бұлты қалып қойғаны. Онда сәуір амалы ұзаққа созылып, 40 күнге жалғасады. Жаңбыр нөсерлеп жауып, соңы қарға ұласады. Сәуір амалы өтпей, сәурік (үйірге енді қосылған 3-4 жасар айғыр) пішуге болмайды. Аяқ астынан ауа райы бұзылып, қарлы боран болуы мүмкін. Осы жөнінде аңыз бар. Бір бай отамалы өткен соң, жаз шықты деп ойлап, қырық сәурігін түгел піштіріп тастайды. Соның артынан қарлы боран болып, қырық пішпе түгел қырылыпты. Содан бері ел ішінде осы амалды «қырық сәурік» деп атаса керек. Халқымызда бұл амалға қатысты «Сәуір болмай, сайран болмас, Сайран болмай, айран болмас», «Сәуір болса күн күркірер, Күн күркіресе көк дүркірер», «Сәуірдегі жауын – Сауып тұрған сауын», «Сәуір жақсылығына бақса алты күн, жақсылығына бақпаса алпыс күн» деген мақал-мәтел, қанатты сөздер бар. Әрі қазекем сәуір амалы кезінде соғатын көктемгі желді де «сәуір» деп атайды.

Бір аймақта бұл құбылыс 17-23 сәуірде болса, басқа бір өңірде сәуірдің 8-і кіріп, 18-шығады деп болжаған. Ал батыс аймақта "бесқонақ" 13-18 сәуір аралығында болады. "Бесқонақ" келгенде күн суытып, қыс қайта басталғандай дала борап, жаңбырлатып тіпті қар да жауады. "Бесқонақ" күндері қазақ сапарға шықпаған, малды да алыс жерге жаймаған. Себебі бұл күндері ауа райын болжау қиын.

«Сәуір айы – малшыға сарыуайым, Малмен бірге бағады ауа райын...» деп жырлағандай, көктемнің екінші айында күн жылына бастайды, су тасиды, мал төлдейді, құстар жылы жақтан ұшып келеді.

Айнұр ӘЛИ
16 сәуір 2023 ж. 370 0