Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сот әділдігі бірінші кезекте сұралады

Сот әділдігі бірінші кезекте сұралады

Бұқаралық ақпарат құралының өкілі ретінде қаншама құрылымдарда төбе көрсетіп, жұмыс жайын немесе атқарылған істі бағамдайтынымыз бар. Бұл жолы Арал аудандық сотының төрағасы Камшат Садуақасованың үстіміздегі жылдың 3 айында атқарған жұмыстарын тыңдап қайттық.
Мемлекет басшысының әділетті Қазақстан құру бағытындағы жұмысы баяндамашы сөзінен айқын аңғарылады. Көрдік, көңілге түйдік. Атап айтсақ, сот әділдігін жүзеге асыру барысында бірқатар көңіл көншітерлік істер қолға алынған. Тарқатар болсақ, есепті кезеңде 7 адамға қатысты қылмыстық іс қаралып, 5 адамға қатысты іс бойынша айыптау үкімі шығарылған. Ал 1 адамға қатысты 1 іс сотталушының жәбірленушімен татуласуына байланысты тоқтатылып, 1 іс соттылығы бойынша жолданған.
Сондай-ақ есепті кезеңде 152 азаматтық іс қаралып, аяқталған. Таразыласақ, 76 іс бойынша шешім қабылданып, 67 талап қанағаттандырылған. Сондай-ақ 9 талап қою қанағаттандырусыз қалдырылса, 15 сот бұйрығы шығарылып, 35 іс өндірістен тоқтатылған. Бұдан бөлек 20 іс қараусыз қалдырылып, 6 іс соттылығы бойынша жолданған.
Жалпы, талап қоюшылардың басым көпшілігі неке бұзу екені көңіл құлазытады. Заңдық маңызға ие фактіні анықтау, алимент өндіру және келісімшарт қатынастарынан туындайтын даулар белең алған. Салыстырмалы түрде көрсеткіш сандарды сөйлетсек, 2023 жылдың 3 айында 205 адамға қатысты 205 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс тіркеліп, 161 адамға әкімшілік шара көрілген. Оның ішінде 88 адамға айыппұл жазасы, 54 адамға әкімшілік қамау жазасы қолданылған.
Иә, әр істің артында адам құқығы тұр. Істі заңда көзделген мерзімінде қарап, әділдігімен шешу әр судьяның басты міндеті болып табылады. Судьялардың әр іске сергек қарап, әділдігімен шешіп беруінің нәтижесінде аудандық сотта заңда қарастырылған қарау мерзімінен асып кету фактілері орын алмаған.
А. ЖАЙШЫЛЫҚ
18 сәуір 2023 ж. 248 0