Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Істердің татуласумен аяқталуы артқан

Істердің татуласумен аяқталуы артқан

Арал аудандық сотының төрағасы К.Садуақасова «WhatsАpp» желісі арқылы онлайн режимде, 2021 жылдың 9 айында сот әділдігін жүзеге асыруда атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша баспасөз мәслихатын өткізді. Шараға жергілікті «Толқын», «Арал әлемі» газеттерінің тілшілері қатысты.
Баспасөз мәслихатында К.Садуақасова 2021 жылдың 9 айында аудандық сотпен атқарылған жұмыстар туралы баяндап, есепті кезеңде 54 қылмыстық іс, 475 азаматтық іс және 570 әкімшілік іс қаралғанын, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда биыл қаралған істердің саны азайғанын, оның басты себебі, сотта және сотқа дейін тараптардың татуласу құқығын қамтамасыз ететін медиацияның әсері екенін жеткізді.
Қылмыстық істер бойынша қаралған істердің басым көпшілігі орташа ауырлықтағы қылмыстар және қылмыстық теріс қылықтар болып табылатынын, ал азаматтық істер бойынша қаралған талап арыздардың басым көпшілігін некені бұзу, заңдық маңызы бар фактіні анықтау, алимент өндіру туралы, келісім-шарт қатынастарынан туындайтын даулар құрайтынын айтып өтті.
Есепті кезеңде медиация тәртібімен 68 азаматтық іс, 5 қылмыстық іс  өндірістен тоқтатылса, 3 азаматтық істің партисипативтік рәсім тәртібімен, 10 азаматтық істің татуласу келісімдерін жасасумен аяқталғанын тілге тиек етті. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда едәуір артқан.
Сонымен қатар, сот төрағасы құқық қолдану тәжірибесіндегі соңғы жаңашылдықтарға тоқталып, ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енген жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексінің негізгі жаңашылдықтары, әкімшілік сот ісін жүргізу ерекшеліктері, оның азаматтықтан түбегейлі айырмашылықтары жайында да айтып өтті.

Шара соңында К.Садуақасова журналистердің қойған сауалдарына жауап беріп, баспасөз мәслихатына қатысқандары үшін оларға алғысын білдірді.

Арал аудандық сотының баспасөз қызметі.
13 қазан 2021 ж. 304 0