Мерекеге толы мамыр
Мамыр айы – қазақ күнтізбесі бойынша жыл он екі айдың үшінші айы. Жауын-шашын көп болып, шөптің бойы көтеріледі, жан-жануарлар түлеп, өсімдік гүлдейді. Сондықтан бұл ай шаруалар үшін қадірлі ай саналады.
Жалпы көктемнің басты белгілерінің бірі – жыл құстарының ұшып келіп, жұмыртқа салуы, сайраңдауы, көлдің сәнін келтіруі. Мамыр айы осыған орай аталса керек. Шынында да, осы айда аққу, қаз, үйрек құстары балапандарын ұядан ұшырады. Тілімізде мамыр сөзінен қалыптасқан мамыражай «жаймашуақ, жадыраңқы қалып, күй», мамырлау «баяу қозғалып, жай басу» сияқты қолданыстары бар. Мамыр атауының шығу төркініне келетін болсақ, мамыр сөзі күнтізбелік жылдың бесінші айы, көктемнің үшінші айы, жаймашуақ кез, «Жылқының аяқ ауруы», «үйрек, қаздың балапаны» деген мағыналарды білдіреді. Себебі қазақ күнтізбесін зерттеушілер көлге қонған қаз бен үйректің бабына келіп, семіріп, балапанданып, мамырлап қалу құбылысымен байланыстырады, яғни құстардың семіріп, ұша алмай, мамырлап қалған сәтімен теңестіреді.
Сонымен қатар мамыр айында аспан әлемінде түрлі құбылыстар болып жатады. Бұл айдың орта шенінде Таразы, Үркер, Сүмбілелер жатып қалады.
Айдың алғашқы онкүндігінде дала құстары балапанын шығара бастайды. Халық тілінде «қызыл жұмыртқа» деп аталатын осы кезде 1-2 күнге созылатын суық болады. Айдың аяғында «Құралайдың салқыны» деп аталатын суық жел соғады. Өйткені осы желге қарсы киік өз құралайларын аяқтандырып, жүгіртіп, өргізеді. Киік қанша көп болса да олар 2-3 күн ішінде түгелдей төлдеп болады.
Григориан күнтізбесі бойынша 15-18 мамырда кіріп, 25-28 мамырда аяқталатын амалды «Құралай салқыны» дейді. Бұл кезде қатты ұшырма жел соғып, салқындық байқалады, мезгіл-мезгіл нөсерлетіп, кей жылдары қар аралас жаңбыр жауады. Бұл он күнде киік лағын өргізіп, жаңбырға сауырын тосып, тазарады.
Қай айда тусаң, сол ай адамның мінезін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Бұл бос сөз емес, ғылыми түрде дәлелденген. Мамыр айында дүниеге келген жандар жер-жаһанды кезіп, шартарапты аралағанды ұнатады. Олар қызық оқиғаға құмар келеді, табиғатынан табанды, қайратты, алған бетінен қайтпайтын рухы биік жандар. Әрдайым алғы шепте болу оның басты қағидасы. Сондай-ақ олар өз қағидатына берік, адал әрі оларға сенім артуға болады. Жақсы, адал дос, жолдас. Ұялшақтығына қарамастан, мамыр айында туғандар небір оқиғаның басы-қасында жүреді. Сондай-ақ олар тәуекелге бел буып, қауіпке бәс тігіп, небір оқиғаға еніп кетуге дайын тұрады.
К. МАХСҰТ