Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Шижаға жастарының жарқын істері

Шижаға жастарының жарқын істері

Ел біріксе екпінді күшке айналады. Бұны әу бастан түсінген халқымыз қашанда елді бірлік пен ауызбіршілікке шақырып отырған. Міне, атадан балаға мұра, қала берді үлкендер салып кеткен құндылық ретінде қолданыста келе жатқан жарасымды тірліктің жарқын үлгісі әлі де ауылдағы ағайынның айбынын асқақтатып келеді. Қазір қай істе болмасын біріге қалатын ауылдастар көп. Қол көмек немесе асар деген әдістердің шынайы ұғымы осы ауызбіршілікке саяды. Ал сол әдіс қазір қай ауылда болмасын сақталып қалған. Соңғы жылдары ауыл жастарының бірлікте іс қылуы үйреншікті жағдайға айналып бара жатыр. Бұл қуантарлық жайт. Бүгінде сондай бірлікте күн кешіп, жарасымды тірліккөрсетіп келе жатқан шижағалықтарды көпке үлгі еткіміз келді.

Осыдан бірер апта бұрын редакцияға Шижаға ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақытжан Сматуллаев ағамыз келді. Қолына қысқан парағында әлдебір жігіттердің есім-сойы жазылған. Мақсаты – ауылда атқарылып жатқан игілікті істерді көрсету. «Іздегенге сұраған». Бұған дейін де сол елде қиын жағдайда қалып, баспанаға мұқтаж отбасының қуанышы туралы естігенбіз. Бұл жолы сол бір жақсы бастама тағы да жалғасыпты. Қуанып қалдық. Жақсы іске ниетті жандардың бұл жолғы таңдауы көпбалалы баспанаға мұқтаж отбасыға түскен. Тағдыр талайымен асыраушысынан айырылып,қиын жағдайда қалған отбасының осы кезге дейін біреудің тастанды, жарамсыз үйінде тұрып келе жатқандығы көпшілікті толғандырмай қоймаған. Міне, осы жағдайды ескерген ауыл азаматтары, оның ішінде 1982 жылы туған Серік Сармаханов және Жасұлан Алшоразов есімді азаматтардың бастамасымен жалғызбасты анаға ауылдан еңселі үй бұйырып отыр. Бұл қайрымды істен шет қалмаған азаматтар да жоқ емес. Қамкөңіл жанның қуанышына ортақтасқан ауыл ақсалы Б.Сматуллаев:
– Халқымыздағы ең асыл қасиеттердің бірі қайырымдылық қой. Бұл ата-бабамыздан бері жалғасып келе жатқан ізгі амал. Міне, сол істе өзгелерден қалыс қалмай, қайырымдылықтың озық үлгісін көрсеткен ауыл азаматтарына ағалық алғысымды білдіремін. Бұл істе сыртта жүрген елдің жанашыр перзенттері де қалыс қалмады. Қаражат жинау мәселесінде қомақты қаржының үлесі сол жандардың еншісінде деп естідім. Алайда есімдерін жарияламауды өтінген екен. Шынымды айтсам кімдер екенін де білмедім. Барлығы да осы топырақтан түлеген жандар екен. Соны білдім. Алла оларға разы болсын. Асыл дінімізде «Оң қолың істеген жақсылықты сол қолың білмесін» деген сөз бар ғой. Бұл істе ауыл азаматтарының қайырымды бастамаларын өзгелерге мақтаныш етіп айтуға болады. Алла ауызбіршіліктен айырмасын, – дейді.
Шындығында «Ниетке найза бойламас» деген. Шижағалық жастардың бұл бастамасы мұнымен шектеліп қалмапты. Бұл жолы Төребек және Әзімбек есімді азаматтар бастаған ауыл жастары мешітке дыбыс күшейткіш қондырғылар мен имамның қажетті заттарына көмек көрсеткен. Яғни, орындық және мешітте қажетті өзге де заттар. Әрине айтар ауызға оңай көрінгенмен мұндай амалдардың қаржылық шығына бірлі-жарым азаматтардың қалтасына салмақ болуы мүмкін. Демек бұл есте де елдің бірлігі, жастардың қайырымдылығы көпке үлгі болып тұр. Осы сынды жақсы амалдардың жалғасы бір ауылда көрініс тауып жатыр. Мұнымен тоқтап қалмақ емес. Біз сөзге тартқан Бақытжан ағамыздың да ауыл жастарына айтар алғысы шексіз.
– «Ниетіне қарай амалы» деген ғой. Қазір қай ауылдан болсын жақсылықты да, кемшілікті де табасың. Сол секілді мен ауылымның тек жақсылықтарына куә болсам деген тілекпен жүрген жанмын. Сондықтан жақсылықтар жалғаса берсін деймін. Сөз ретінде тағы бір жақсы бастаманы тілге тиек етсем. Биыл мектеп бітіргендеріне 20 жыл болатын ауыл жастары өзара ауызбіршілік танытып, ауылдың кіреберісіне 200 түп көшет отырғызды. Бұл да кейінгілерге үлгі боп қалатын ең қайырлы амалдардың бірі. Қуанып қалдық. Туған жеріміздің гүлденуіне атсалысқан азаматтарға тұтас ауыл риза болды. Айта берсек жақсылық жасап жарысуға ниетті жандар жеткілікті. Тек олардың әрбірін жеке-жеке айтып шығу мүмкін. Анығында, әркімнің амалы өзіне аян. Тек елімізде жақсылық болсын. Біз соған тілекшіміз, – дейді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Сматуллаев.
Иә, ел жастарының қайырымды іске болысып, бірлікте әрекет етуі қуантарлық жайт. Бізде осы қуаныштың еселенуіне тілекшіміз. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған ауылдарда мұндай жарасымды тірлік әлі де үзілген жоқ. Лайым жақсылық істер толастамасын!
А. ҚАРАСАЙ
23 сәуір 2023 ж. 386 0