Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бірлігі бекем ауыл

Бірлігі бекем ауыл

Қазақ «Бірлік болмай тірлік болмас» деген сөзді бекерге айтпаған. Біле білсек, береке қай жерге орнаса, сол жерде құт пен ырыс қонақтайды. Ал ондай елдің де, жердің де дамуы тез, тірлігі тындырымды. Міне, сондықтан бірлік пен тұрақтылықтың құнын халқымыз қашанда жоғары қоя білген. Бірлік екі адамның бірлігі, қала берді отбасының, әулеттің, ауылдың, елдің бірлігі. Біз осы орайда біртұтас ауылдың татулығы мен мызғымас бірлігі жайында айтқымыз келді.
Осы Аралдан үлкен жолға түсіп Сырға бет алсаңыз, Сырдарияны жағалай жатқан қаншама ел бар. «Өзен жағалағанның өзегі талмас» деген бабалар сөзінің расында салтанат құрғаны қазір де байқалып жатады. Өйткені бір дарияның өзімен қазірде қаншама ел жан бағып отыр. Балығын аулайды, жиегіне малын жайлайды. Сондай құтты өңірдің бірі – Қосжар.
Қамбашты кеулей жатқан бұл ауылдың береке-бірлігін ұдайы өзгелерге үлгі етіп айтуға болады. Табиғат тамаша суреттеген көрініс көз алдыңызға екі жарды алып келеді. Сол жардың басына шықсаңыз, төңірек тұтастай көз алдыңызда. Қамбаш көлі де иек астында. Табиғаты тамаша, сулы да нулы алқаптың ақеден адамдары да әркез кеңпейіл. Ауылға қонақ келсе бір кісідей қарсы алып, сыйласа қалсаң, туысыңдай араласа кететін құтты мекеннің бірлігі қашанда ажыраған емес.
Тарихына тоқталар болсақ, сонау 1966 жылы ауылға негізінен республикалық маңызы бар «Қамыстыбас балық питомнигі» РМҚК кәсіпорны құрылып, балық ресурстарын жасанды өсімін молайту мақсатында пайдалануға берілген. Содан бері бұл маңды жайлаған елдің жалпы саны алты жүзге жуықтады. Бұл ауылда 100-ге тарта шаңырақ бар. Негізгі кәсібі – балық және мал шаруашылығы. Ауылда халыққа қызмет көрсететін мектеп, кітапхана, клуб, медициналық пункт және ветеринариялық мал дәрігерлік пункті бар. Бұдан бөлек, ауылдағы мектеп жанынан 40 орындық балабақша ашылған. Бүгінде ол ауыл балаларын толық құрамда қамтып келеді. Басқалар қызыға да қызғана қарайтын ауыл бірлігі жайында сол елге басшы болып отырған Қосжар ауылдық округінің әкімі М.Әбдікеров:
– Өзім тұратын, өзім қызмет жасайтын ауылым жайында еш қысылмастан мақтау айтуға бармын. Себебі Қосжар ауылы – расында бірлігі мен тірлігі жарасқан Сыр бойындағы үлгілі ауылдардың бірі. Үлкені айтатын, кішісі соған тоқтайтын ауылымыздың ақсақалдары да жастарға ұдайы ақыл-кеңестерін айтып, қажет кезде жат әдеттерден тыйып отырады. Соның арқасында ауыл жастары толықтай жаман әдеттерден тыйылды. Ауылда қазір ішімдік атаулы мүлдем сатылмайды. Бір-бірінің бетін ашып, ел алдында масқара болған жағдайлар да ауылда мүлдем болған емес. Барлығы да бір атаның баласындай бірге тату-тәтті тұрмыс кешіп келеді. Қашанда бірлігі бар елде барлығы болады ғой. Оған дәлел, ауылда қазір қоғамдық көлік қатынасы тұрақты жолға қойылған. Аудан орталығымен байланыста ешқандай жол кедергісі жоқ. Ауылдың ішкі көшелері толықтай жарықтандырылған. Көшелердің де 50 пайызы –тас жол, 50 пайызы – шебін жол. Байланыс жақсы. Осының барлығы бірлігі жарасқан елдің жақсы бір көрінісі деп білемін, – дейді.
 Қашанда бірлігі басқаларға үлгі болған, тірлігі жұрт қызығарлықтай құтты мекен Қосжардың қазыналы қариялары да әркез кішіге жол көрсетуден танған емес. Алдына бара қалсаң ақылын айтатын, әділдік іздесең турасын айтатын қазына кеуде қартқа да бұл ауыл кенде емес. Осы ауыл құрыла бастағанда-ақ елге келген Қ.Тәжімбетов бүгінде сексеннің сеңгіріне таяған қазыналы қарт. Елге тұтқа, халықтың айнасы болып отырған Қарасай ақсақалдың да ауылы туралы айтары бір бөлек.
– Мен Қосжарды киелі өңір дер едім. Өйткені бұл ауылдың халқы бір әкенің баласындай. Бір-бірімен келісе алмай, қырық пышақ болған адамдар жоқ. Әрине өмір болған соң торқалы той, топырақты өлімнің қатар жүретіні ақиқат қой. Сондайда ауыл адамдарының бірлігі сол шаңыраққа келген адамдарды тәнті етеді. Қай істі болмасын ауызбіршілікпен атқара білетін ауыл азаматтары қай шаңырақта болса да бірлесіп іс қылуға дайын. Оны осы ауылдың ақсақалы ретінде талай көріп жүрмін. Аллаға шүкір, ауыл адамдары өте ұйымшыл, айтқанға тоқтай қалатын, жөн білетін жандар. Ауылымыздың әкімі Мәди де елге ортақ мәселені жоғары жаққа жеткізуге ұдайы дайын тұрады. Соның арқасында қазір ауылымыздың ажары кіріп, қоңыр тірлігі қалыпты жүріп жатыр. Мұның барлығы алдымен заманның тыныштығы, елдің татулығы дер едім. Орайы келгенде айтарым, елімізге мызғымас бірлік, тұрақты татулықтың үлкен септігі тиеді. Дамудың айқын көрінісі сол болмақ, – дейді ауыл ардагері Қ.Тәжімбетов.
«Бақ қайда барасың десе, бірлігі мен ынтымағы бар елге барамын» деген екен. Оған дәлел біз әңгімеге арқау еткен Қосжар ауылы. Қазақы қаймағы бұзылмаған, дәстүрдің озығы мен тозығын теңдей дәріптейтін ауылдың бірлігі басқаларға үлгі етуге әбден лайық. Тентегін тезге салатын ақсақалы бар, келінін келісті етер кейуанасы бар қазыналы елдің бір байлығы болса ол – балталаса да бұзылмайтын бірлігі. Жаратқан содан айырмасын.
А. БИСЕНОВ
30 сәуір 2022 ж. 848 0