Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жұмыссыздықты азайтқан ауыл

Жұмыссыздықты азайтқан ауыл

Иә, Аралда осындай ауыл бар. Жақсықылыш – атағы «Ақ алтынмен» шыққан киелі мекен. Мұнда жер емген жұрт немесе теңізге ау салған шаруа жоқ. Елді мекен тұрғындары қара жерден «Ақ алтын» қазып, несібесін теріп отыр. Түгелге дерлігі тұз өндірісінде жұмыс істеп, кәсіпорын беделін арттырып келеді.
М.ҚҰРМАНӘЛІ
Бұрынырақ кент «Батыр аналар ауылы» деген атаққа ие болған еді. Алтын құрсақты аналардың көптігінен көпшілік тұзды өлкені осылай әспеттейтін. Себебі ауылда 80-ге жуық «Алтын», 90-ға жуық «Күміс алқа» иегері бар. Ал қазір көпшілік өндіріс қазанын өзгеше танып үлгерген, яғни жұмыссыз адамы аз ауыл деп атайды. Тұрғындардың 90 пайызы жұмыспен қамтылған. Олардың көпшілігі «Аралтұз» кәсіпорнында еңбек етсе, өзгесі жергілікті мекемеден несібесін теріп келеді.
Ауыл әлеуетін көтеріп отырған «Аралтұз» өндіріс орны –атағы әлемге жайылған алып кәсіпорын. Жақсықылышқа бара қалсаңыз, ең алдымен тұзшылардың қолымен тұрғызылған тау көзіңізге түсер еді. Биіктігі бірнеше қабатты ғимаратпен шамаласады. Осыдан-ақ ондағы өндірістің әлеуетін шамалай беріңіз. «Ақ алтын» көбіне жазда жиналып, қыста өңделеді. Мұнда әр үйден бір адам осы жерден нан тауып отыр. Тіпті, бір отбасында бірнеше азамат жұмыс істеп, тіршілігін тұзбен байланыстырған. Кәсіпті атадан балаға ұластырған династиялар да табылады. Кент әкімі Пазылбек Берсүгіров кәсіпорын көптің несібесіне айналғанын айтады.
– Қазіргі таңда ауылда 5050 адам болса, соның ішінде экономикалық белсенді азамат саны 2316-ны құрайды. Бүгінде соның 2184-і тұрақты жұмыспен қамтылған, – дейді. Бір қуанарлығы, ауыл жастарының басым көпшілігі екі қолға бір күрек тапқан. Бос сенделмей, маңдай терімен нәпақасын тауып отыр. 
Елімізде үлгілі ауылдардың көп екенін білеміз. Бір кездері белгілі кәсіпкер Бауыржан Оспанов өзі өскен Алматы облысы, Алакөл ауданына қарасты Жыланды ауылын тегін қымызбен қамтып, ауылдастарына әлеуметтік көмек жасағаны жайлы ақпарат көп тарады. Одан бөлек Сыр өңіріндегі қалаға бергісіз Нағи Ілиясов ауылын да жұрт тамсана айтады. Біз де айдынды өңірдегі ауылдардың әлеуетін көр­сетпек ниетпен Жақ­сы­қылшты үлгі еткіміз ке­леді. Екі қолға бір күрек табу­дың мәселесі меңдеп тұр­ған қазіргі уақытта жақ­сықылыштықтардың жұ­мыстан тарықпай, түзу тірлік кешуі біз­ді қуантады.
06 тамыз 2019 ж. 1 898 0