Бәстің соңы...

– Әй, жігіттер-ай! Өлген адамның қай жері қорқынышты. Өздерің бір тура өлік көрмеген адам секілді сілейіп отырғандарың қалай?! Әлде өлік көру деп тек адам мүрдесін көруді ғана айта ма екен. Екі күннің бірінде елсізде теңкиіп жатқан малды көріп жүр емессіңдер ме?! Кеудесінен жаны шыққан адамның мүрдесі солардан артық болыппа. Менің мұндайға әбден етім үйреніп кеткен. Тіпті мал іздеп жүріп, қорым басында түнеген кезім де болған. Ал мәйітті көзіммен көрмесем де, атамның жиі айтатын әңгімелерінің бірі осы төңірегінде болушы еді, – деп сөзін түйіндеді Жанай.
Бұл әңгіменің түп төркініне үңілмеген Еркін оның айтқан сөзінің байыбына бармастан қоштай кетіп:
– Шындығында, күндіз бен түннің айырмашылығы жоқ емес пе?! Болған күннің өзінде өз басым қорым басында еш қорқып көрмеппін. Қабір қазбасам да қорымға қону деген бұрыннан бар. Адасып, пана іздеген бейбақтар қорымға түнеген дегенді талай естідім, – деп жиналғандарды аузына қаратты.
Сонымен не керек, өтірік-шыны аралас әңгімелерін суша сапырған Еркін сол түні ауыл маңындағы қорым басына жалғыз баратын болып жанындағы жігіттермен бәстесті.
Сол күні ауылда қаралы жағдай болып, күндіз қабіршілер барып, марқұмның орнын дайындап келген-ді. Қорымдардың бергі шетінен орын белгілеп, көр қазып келген жігіттердің арасында әлгі Еркін де бар еді. Кім, білсін, күндіз көзімен көрген жеріне түнде баратындай болып тұрғаны бәлкім сенімділіктен болар.
Отырғандардың арасынан ұша түрегелген Қаныш:
– Жігіттер, қайтеміз осы санасуды. Еркіннің мұндай әрекеттен тайынбайтынын бәрің жақсы білесіңдер ғой. Қанша дегенмен түн ортасы, бір қателік болып жүрер, – деп жанындағы жігіттерді сабырға шақырды. Берген уәдесін орындамаққа бекінген Еркіннің райынан қайтар түрі жоқ.
– Жә, Қаныш! Уайымдама, менің бұл қолымнан келері сөзсіз. Бірақ, соған күмәнмен қарап тұрғандарға дәлелдеп, ұртымды майламаймын ба! – деп бір қайырды.
Осылайша, ел іші тынышталған шақта, қолына сығырайған жарығын алып Еркін қорымға қарай бет алды. Ауыл сыртында отырған әлгі жігіттер достарының жүректілігіне таңырқасып, гүбір-гүбір әңгімеге басты.
Түн жарымы болды. Қанша жайлап жүрсе де барып келетіндей уақыт болды деп топшылаған жігіттер қорым жақтан көз алмай, жылт еткен жарықты көруге асықты.Сағат түнгі төрттер шамасы еді. Ессіздікке барған Еркін әлі жоқ. Жігіттерден зәре кетіп, бұл жағдайдың соңын неге жоритынын білмей әбден абдырады. Осылайша олар көрер таңды кірпік ілместен атырып, жарық түсісімен әлгі қорымға қарай бет алды. Ол жерге сан түрлі ойда жеткен олар, өз көздеріне өздері сенбей, қазылған көр ішіндегі көріністі көріп теріс айналды. Бәлкім, Қаныш айтқан қателік деген осы шығар. Ойнаймын деп өзгеге от бастырған Жанай қаққан қазықтай қозғалмастан қалған.
Иә, «Еркіннен айырылдықпа»деген ойлары оларды алдамапты. Бір қателік боларын іші сезіп, жігіттерге тоқтам салған Қаныш екпінмен барып қабір ішінде бүкшиіп жатып қалған Еркіннің денесін тартқылады. Бірақ өзінің шамасы келер емес. Міне, бәсекелестіктен бастау алған бұл қадамның соңы осылайша қайғылы жағдаймен аяқталды. Бұлай боларын Жан да, басқалары да білмеп еді. Жігіттер үшін бәсекемен бастау алған бұл қадамның соңы жұмбақ күйінде қалды. Еркіннің өлімі де сол күйі ашылмады. Ауыл адамдарының сол жағдайға не айтарын білмей «Ажалышығар» деп жылы жауып қоя салатын. Бәлкім, өз-өзіне қол жұмсау деп түсінген шығар. Дегенмен арғы әлеммен байланыс орнатпаған адамзат баласы үшін құпияға толы тылсым дүниенің түн ортасында жындармен қоза түсетіні де рас болар. Көзге көрінбейтін елес пен жетекке ергізетін ажалдың да бізге қалай, қай уақытта келерін білмейміз ғой. Бәлкім, Еркін де ажалына асыққан болар.
Сол күні қос бірдей ауылдастарын жер қойнына құндақтаған әлгі жігіттер бәсекенің соңы өкінішке алып барарын сезгендей еді. Осыдан кейін қорым басына жалғыз бармау бұл ауылдықтар үшін үлкен сабақ болды. Бәлкім, дана халқымыздың «Ажалына асыққан» деген астарлы сөзінің астында осы сынды ойсаларлық оқиға жатқан шығар. Біз айтпақшы болған бәстің соңы осы еді...
А. ҚАРАСАЙ