Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бүгінгі бойжеткен тәрбиесі: намысы биік ел едік

Бүгінгі бойжеткен тәрбиесі: намысы биік ел едік

Ертеде халқымыз қыз баланың тәрбиесін қадағалап, оның түзу жолмен жүруі үшін ақыл айтып отырған. Алдымен шаңырақ басындағы ақ жаулықты әжесі, мұнан соң анасы қызына өзін қалай ұстау керектігін үйреткен. Инабаты мен ибалылығы келіскен қазақ аруы әрдайым ер адамды сыйлап, дауыс көтеріп сөйлемейтін. Кейде артық сөз бен күлкіге жоқ бұрынғы бойжеткен мен бүгінгі бойжеткеннің арасындағы айырмашылық жер мен көктей секілді. Ертеңгі елді тәрбиелейтін бүгінгі бойжеткен тәрбиесіне қоғам назар аударып жүр ме? Әлде «әркімнің өз өмірі өзі біледіге» салып жүрміз бе?
Бұрын мектеп қабырғасында күнделікті қыз балалардың киім киісі мен тазалығына тексеру жүргізілетін. Ал бүгінгі тәрбие біршама өзгергенін көріп те жүрміз. Мектеп қабырғасында жасөспірім қыздар етегін қысқартып, ерте боянып бастап жүргені анық. Тіпті ерсі күліп, бейәдеп сөздер айтып жүргендерді де байқаймыз.
Осы тұста Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» шығармасындағы анасының Меңтайға айтқан өсиет сөздері ойға еріксіз оралады. «Қызға қатты күлудің қажеті жоқ. Жігіттерге оның жымиғаны да жетіп жатыр» деген анасы. Меңтайдың қазақ қызына тән қасиеттері осы анасының тәрбиесінен-ау деп ойлайсыз кейде. Жалғыз бұл ақылмен ғана тоқтап қалмайды. Мұнан өзге де қыз балаға қатысты көптеген өсиеттер қалдырған анасы.
Батыр Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова апамыздың болашақ бір шаңырақтың тұтқасын ұстайтын қыздардың тәрбиесінде де біршама сөздер айтқан. Соның ішінде қазақ қыздарының шетел асып, сонда тұрмыс құрып қалуы, сонымен бірге ар-намысымыз жайында болатын. «Қазақтың қызы неге шетелге құмар? Неге шетелдікке күйеуге шығуға сонша құмар? Әлемнің барлық тілін біл, бірақ ана тіліңді ұмытып, ұлтыңнан безсең, онда шірік жұмыртқасың. Ауылда жүрген ұлды да, қызды да «пәленшенің қызы, түгеннің баласы» деп шақырады. Мақтаса да, боқтаса да әкеңнің атымен атайды. Жақсы сөз де, жаман сөз де әкеңе ғана тиеді. Ал үйден қырық қадам аттаған соң әкеңнің атымен аталмайсың. Әсіресе, шетелде «Қазақтың қызы, қазақтың баласы» – деп шақырады. Жақсы атың шықса, сөзім жоқ. Жаман атыңмен көрінсең, ұлтыңа, өз қазағыңа, еліңе тіл тигізесің. Қазір біздің шетелде оқып, шетелдіктерге күйеуге шығып жүрген қыздардың көбі ұлтына, еліне тіл тигізіп жатыр. Біз көне халық едік. Дәстүріміз дара, салтымыз салиқалы ескі халық едік. Тамырын тереңге тартқан ел едік. Шайқалса да шайыры сыртына шықпайтын, жел соқса да құламайтын емендей алып ел едік. Қай жерден қателестік? Қай жерден мүлт кеттік екен?! Қай қылығымызға бола бізді осындай жаза күтіп тұр?! Неден кемшілік кетірдік? Ұрпағымыз неге дәстүрін ұмытты? Сан мың жыл сақтап келген бай рухани мұрамыздан неге баз кештік? Не жаздық? Намысымыз биік ұлт едік қой. Қазір неге сол асыл қасиеттен айырылып қалдық? Ұлттық намыс деген ауыл үйдің көже намысы емес, ол Алатаудай биік, ертістей қаһарлы намыс. Ұлттың намысы ауыл арасындағы пыш-пыш намыс емес, ол парасатты намыс» деген.
Иә, егер намысты биік қояр болсақ, қаракөз қыздарымыз білгенін істемес еді. Яғни, көшеде қайыр сұрап немесе өз баласынан бас тартпас еді. Етек-жеңін жинап, ар мен ұятты алға қояры сөзсіз. Көшеде шылым шегіп, «жынды суға» сылқия тойған қыздарды көрсек үйреншікті жағдай секілді өте береміз. Тіпті бір-бірімен шаш жұлысып, төбелесіп жатса да оларды ажыратуға әрекет етпейміз де. Жанжал демекші, таяуда елімізде орын алған қыздар төбелесін еске түсірейікші. Оны бірі білсе, енді бірі білмес. Дегенмен көгілдір жәшік ішінде кеңінен тарап жатқан бұл ақпарат барлығына таныс болуы керек. Талдықорған өңірінде орын алған бұл жағдай бойынша қыздар-жігіттер болып жалдамалы пәтерге жиналады. Сол сәтте қыздардың өз араларында түсініспеушілік орын алып, бір қызға үш қыз болып бас салады. Кейін үш қыздан жәбір көрген қыздың миы шайқалып, денесіне зақым келеді. Сондағы мәз болып бейнебаянға түсіріп отырған қазақ жігіттері екен. Осы тұста сол жігіттердің намысы қайда деген сауалды өзімізге еріксіз қоямыз. Бір жағынан қыздар өздері кінәлі десек, енді бір жағынан намыссыз жігіттердің әрекетіне күйінесің. Жоғарыда келтіріп өткен Зейнеп Ахметова апамыздың намыс жайындағы сөздерінің жаны бар секілді.
Зейнеп апамыз айтпақшы, «Әсілі, балаға «міне, баланың тәрбиесі» деп тақ еткізіп айта қоятындай нәрсе жоқ. Әр ата-ананың бір-біріне деген қарым-қатынасы, олардың өмірге көзқарасы, айналасына қарым-қатынасы, тіпті, тамақ ішкеніне дейін балаға тәрбие». Иә, бала не көрсе соны істейтіні анық. Сондықтан да отбасындағы қыз тәрбиесіне келгенде немқұрайлы болмағанымыз жөн. Ертеңгі ел болашағына бүгінгі қазақ қыздары да жауапты екендігін есте сақтайық.
А. НҰРЛАНОВА
07 ақпан 2023 ж. 400 0