Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстандықтарды интернет алаяқтар қалай алдайды? Заңгер онлайн қылмыстардың нақты түрлерін атады

Қазақстандықтарды интернет алаяқтар қалай алдайды? Заңгер онлайн қылмыстардың нақты түрлерін атады

Қазақстанда 2023 жылдың алғашқы үш айында 4 мыңнан аса алаяқтық дерегі тіркелген. Ішкі істер министрлігінің деректеріне сәйкес алаяқтар азаматтарға 3 миллиард теңге шығын келтіріпті. Уақыт өткен сайын интернеттегі алаяқтар да тәсілдерін өзгертіп, азаматтарды алдаудың түрлі жолдарын пайдаланады. Заңгер Бердімұрат Хасенұлы Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында қазіргі кезде интернетте кең тараған алаяқтық түрлері туралы айтып берді. Сондай-ақ ол алаяқтықтың алдын алу жолдары жөнінде ой қозғады.

Заңгер Бердімұрат Хасенұлы ғаламтордағы алаяқтар азаматтарды алдау үшін түрлі қулыққа баратынын айтады. Әрі психологиялық амал-тәсілдер арқылы адамдардың сезімімен ойнайды екен.

"Ақшаға мұқтаж, қаржылық тұрғыдан қиналып тұрған адамдар сыни тұрғыдан ойланбайды. Әркімде әртүрлі жағдай болады. Бірі арзанға көлік алғысы келуі мүмкін, енді біреуіне шұғыл қаражат керек болады. Бізде "қылмыскер психологиясы" деген ұғым бар. Алаяқтар өз құрбандарының әлсіз тұсын анықтап, онымен әрі қарай сөйлеседі. Жанды жеріне тиісіп, тез пайда табу, аз уақытта ақшасын еселеу секілді тиімді ұсыныстар айтады. Әрине, эмоцияға берілген адам тезірек қалауына жетуді ойлап тұрады", – деді заңгер.

Маманның сөзінше, бүгінгі таңда бірнеше алаяқтық түрі елде белең алған. Олардың қатарында банк қосымшалары арқылы есепшоттағы ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыру бар да бар.

"Есепшотта жатқан қаржыны қолма-қол ақшаға айналдырғысы келетіндер алаяқтарға сеніп қалады. Мұнда бірден екі тарап зардап шегеді: бірі мобильді банкингті қолданатын кәсіпкерлер, екіншісі есепшоттан қаржы шығарғысы келгендер. Арада делдал болған алаяқтар шотқа ақша түскен соң ғайып болады. Мұндай жағдай адамдардың сауатсыздығынан болады деп ойлаймын. Себебі шоттағы қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыру дегеннің өзі заңсыз әрекет. Сонда олар өздері алаяқтық жасаймыз деп алаяқтың құрбанына айналады. Оның үстіне келтірілген шығын 10-15 мың теңгенің көлемінде болғандықтан, құқық қорғау органдары бұл істерді қарамайды. Демек жабулы қазан жабулы күйінде қалады", – деп қосты ол.

Бүгінгі таңда алаяқтар түрлі маркетплейстер мен хабарландыру орналастыруға арналған платформаларда жұмыс істейді. Маманның пайымдауынша, қаскөйлер түрлі хабарландыру жариялап, құрбандарын іздейді екен.

"Мәселен, алаяқтар сіздің хабарландыруыңызды көшіріп алады. Бірақ бағасын әлдеқайда төмен етіп белгілейді. Бұл көлік, пәтер немесе өзге тауардың хабарландыруы болуы мүмкін. Ал алаяқ сізге қоңырау шалып немесе хат жазып, "Көлікті тексеремін" деген сылтаумен құжаттардың суретін сұрайды. Енді оның қолында көліктің суреті ғана емес, құжаттары да бар деген сөз. Әрі қарай хабарландыруға қызығушылық білдірген адамдардан алдын ала төлем алады. Сөзіне сенбегендерге көліктің құжатын жібереді. Ең соңында хабарландыруын өшіріп, байланысқа шығуды доғарады. Ал полиция тексергенде платформада тек сіздің хабарландыруыңыз тұрады", – деп түсіндірді заңгер.

Мұндай маркетплейстерде алаяқтар адамдарды алдаудың тағы бір тәсілін қолданады екен. Ол – "жеткізу қызметінің" сілтемесі арқылы банк картасынан ақша шешіп алу.

"Алаяқтар хабарландыру иесіне жазып, тауарды сатып алатынын, бірақ затты өзі алып кете алмайтынын айтады. Сөйтіп жеткізу қызметі арқылы салып жіберуді сұрап, арнайы сілтеме жібереді. Сілтемеге кіріп, барлық мәліметтерді, банк есепшотын жазған соң алаяқтар картадан ақшаны шешіп ала алады. Тіпті қарапайым сілтеме арқылы алаяқтар ұялы телефоныңыздағы барлық мәліметтерді біледі. Сосын атыңызға несие де рәсімдеуі әбден мүмкін", – дейді Бердімұрат Хасенұлы.

Заңгердің айтуынша, микроқаржы ұйымдарында қарыз беру тетіктері толыққанды қарастырылмаған. Сондықтан алаяқтар мұндай кемішілікті өз пайдаларына асырып, өзге адамдардың құжатымен несие рәсімдейді, деді ол.

"Әлеуметтік желіде жоғалған құжаттардың суреттері толып тұр. Ал бұл алаяқтарға таптырмас мүмкіндік. Жеке куәліктегі деректер арқылы олар құжат иесінің атына несие рәсімдейді. Микроқаржы ұйымдарының басым бөлігінен қарыз алу үшін жеке куәліктің болуы жеткілікті. Әйткенмен құжат иесі өзінің атына несие рәсімдегенін 1-1,5 айдан кейін біледі. Оның өзінде коллекторлық ұйымдардан хабарласқан соң ғана. Егер азамат мұндай жағдайға тап болса, дереу полицияға немесе сотқа арыз түсіріп, несие рәсімдеу туралы азаматтық шартты жарамсыз деп тану қажет. Осындай қулықтың құрбаны болған адамдар көп болса, солармен бірігіп ұжымдық арыз түсірген абзал. Қоғамдық резонанс туғанда іс тезірек тергеледі", – деп түсіндірді заңгер.

Маман осы тектес алаяқтық деректерімен күресу үшін микроқаржы ұйымдарының жауапкершілігін күшейту керек дейді.

"Бізде алаяқтық деректері дұрыс тергелмейді. Өйткені алаяқты табу қиын. Оның үстіне 50-100 мың теңге үшін ауыр қылмыстарды ысырып қойып, басқа істерді тергей алмайды. Шынтуайтына келгенде полицейлер істің маңыздылығына қарай әрекет етеді. Бізге алаяқтармен күресу емес, алаяқтық деректерінің алдын алу шараларын қабылдау маңызды. Жоғарыда айтып өткен маркетплейстер мен микроқаржы ұйымдарының жауапкершілігін арттырып, несие алуды қиындатқан жөн. Әрі осындай ұйымдарды да жауапқа тартуды ұсынамын. "Адамдар өздері алданды" деп отыра беру де дұрыс емес", – деп түйіндеді Бердімұрат Хасенұлы.
24 сәуір 2023 ж. 214 0