Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлағатты ұстаз Наталья

Ұлағатты ұстаз Наталья

Еліміз қаншама жылдар бойы көптеген ұлттар мен ұлыстардың Отаны болып келеді. Бүгінде түрлі ұлт өкілдері Қазақстанды өз жерім деп біліп, қазақ халқын туғанындай көреді. Осыған орай, қазақстандықтардың басын біріктіретін бірден-бір мереке – 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні деп атап өтіліп келеді. Бейбітшілік пен ынтымақтың қанат жаюы қазақтың мейірбандығы мен қонақжайлылығы, өзге ұлттардың қазақ халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тілін, ділін құрметтеуінде екені белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» атты XXXI сессиясында: «Елімізде тұратын барлық этнос өкілдерінің жалпыазаматтық құндылықтарды құрметтеуі және өздерін Қазақстанмен байланыстыруы аса маңызды. Бұл – Тәуелсіздік жылдарындағы біздің үлкен жетістігіміз», – деген еді.
Тарихқа көз жүгіртсек, сонау ХІХ ғасырда Ресей патшалығының Арал теңізін зерттеуінен бастау алып, сол бір қысталаң шақтарда сталиндік репрессияға ұшырап, жер аударылған өзге ұлт өкілдері біздің ауданымызға да қоныстанған. Осындай тағдыр теперішіне тап болған отбасының ұрпағы №14 мектеп-лицейінің ардагер ұстазы, молдаван ұлтының өкілі Наталья Ивановна Мироуц болатын.
Наталья ұстаздың нағашы атасы Григорий Герман Молдавияда ауылдық кеңестің төрағасы болып қызмет атқарған. 1938 жылы оған «халық жауы» деген жала жабылып, 1941 жылы ату жазасына кесілген. Ал Григорийдің отбасы халық жауының отбасы деп елден аластатылып, Арал қаласына жер аударылған. Қиындықты, ауыр күндерді көтере алмаған әйелі жолда қайтыс болып, жетім қалған алты баласы Арал өңіріне табан тірейді. Жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған қазақ халқы балаларды қамқорлығына алып, тәрбиелеп өсіреді.
Кейін Григорий Германның ісі қайта қаралып, ақталады. Григорийдің алты баласы аралдықтардың қамқорлығы мен жанашырлығының арқасында тәрбиеленіп, оқу бітіреді. Содан соң әрқайсысы тіршілік қамымен жан-жаққа кетеді. Ал Аралда қалған қызы Мария Герман осында әскери қызметте жүрген молдаван жігіті Иван Мироуцпен танысып, отау құрады. Сөйтіп олардың отбасында 1953 жылы Наталья, 1964 жылы Юрий өмірге келеді. Натальяның анасы Мария зейнетке шыққанша «Аралрыбвоз» мекемесінде техникалық қызметкер болған. Зейнетке шыққан соң отбасы жағдайына байланысты Молдавияға қоныс аударады. Кейуана: «Арал халқын қалай ұмытамын, бізге қиын кездерде қол ұшын созған» деп еріксіз көзіне жас алып, достарын, жұмыстастарын қимастықпен еске алған көрінеді.
Наталья Ивановна Мироуц қаладағы №14 мектепті бітіріп, еңбек жолын осы мектепте пионер жетекшілігінен бастайды. Біраз уақыттан кейін Қызылорда педагогикалық институтын «математика пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша сырттай оқып тәмамдайды. Білімді де білікті маман қаншама шәкірттерге сапалы білім, саналы тәрбие берді. Оның тәлім-тәрбиесін көрген оқушылары аудандық, облыстық білім сайыстарында жүлдегер атанып, мектеп, аудан мерейін асқақтатты. Жетекшілік еткен сыныптарында «Алтын белгі» иегерлері шығып, ұстаз абыройын арттырды. Ұстаз еңбегі салалық басшылық тарапынан бағаланып, мақтау-марапатты еншілеп, облыстық, аудандық Құрмет грамоталарымен де марапатталды.
Наталья Ивановнаға әзілдеп, енді Молдавияға көшетін шығарсыз дегенде: «Мен шешемнің бауырларына қазақ халқының жасаған жақсылықтары үшін қарыздармын. Арал топырағында кіндік қаным тамған туған жерден көшпеймін» дейді.
Бүгінде өз ісінің маманы атанған ұлағатты ұстаз құрметті еңбек демалысында. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта тәрбиелеуде ұстаздың еңбегі ерен. Түлеп ұшқан шәкірттері сапалы білім мен саналы тәрбиенің арқасында еліміздің өсіп-өркендеуі жолында аянбай еңбек етуде.
Жақында Наталья ұстаз 70 жасқа толып, әріптестері, шәкірттері, дос-жарандары зор құрметпен атап өтті. Бұл ұстазға деген сыйластық пен сүйіспеншіліктің бір парасы болар.Ұрпаққа тәрбие беру, білім нәрімен сусындату – екінің бірінің қолынан да келе бермейді. Сондықтан ұстаз болу – жүректің батырлығы деп бағалауға болады.
Ғ. ҚҰРЫМБАЕВА,
№14 мектеп-лицей мұғалімі
29 сәуір 2023 ж. 135 0