Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанда қанша соғыс ардагері қалды?

Қазақстанда қанша соғыс ардагері қалды?

1 мамырдағы жағдай бойынша елімізде Ұлы Отан соғысының 222 қатысушысы бар, деп хабарлайды Egemen.kz.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, қазір Қазақстанда Ұлы Отан соғысының 222 қатысушысы бар. Сондай-ақ ҰОС кезінде жараланған, мүгедектігі бар адамдар және жеңіске үлес қосқан 60 106 азамат тұрады.

Атап айтқанда, Қоршаудағы Ленинград тұрғындары – 78 адам; концлагерьлердің бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындары – 175 адам; ҰОС кезінде жараланған, контузиясы, зақымдануы немесе ауруы салдарынан мүгедектігі бар қайтыс болған адамның жұбайлары – 2 413 адам; ҰОС – да қаза тапқан (қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен) жауынгерлердің жесірлері – 4 адам; тыл еңбеккерлері – 57 436 адам.

«ҰОС кезінде майданға 1 млн 200 мыңнан астам қазақстандық шақырылды, 20-дан астам атқыштар дивизиясы мен басқа да құрылымдар құрылды. Әскери қызметі үшін жүздеген мың қазақстандық медальдармен және ордендермен марапатталды, 500-ге жуық адам Кеңес Одағының Батыры атанды. Төрт қазақстандық екі рет батыр атанды, 110 қазақстандық үш дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды. Қолына қару алған әрбір екінші қазақстандық Жеңіс үшін өз өмірін қиды. Олар шайқаста қаза тауып, хабар-ошарсыз кетті. Тұтқыннан 630 мың адам оралмады», делінген хабарламада.

Қазақстанда Жеңіс күніне орай ҰОС ардагерлеріне 1,5 млн теңге мөлшерінде біржолғы материалдық көмек көрсетіледі.
05 мамыр 2023 ж. 319 0