Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бала тілін дамытуда ұсақ қол моторикасының маңызы зор

Бала тілін дамытуда ұсақ қол моторикасының маңызы зор

Бүгінде балалардың тіл дамуы төмендеп, сөз қоры өзекті мәселеге айналып келеді.Ғалымдардың зерттеуі бойынша балалардың тіл дамуы саусақтың қозғалуына байланысты, ал саусақтың қозғалуы баланың жасына сай болу керектігін айтады. Жазуға бейімделмеген, жалпы моториканың және саусақтың қозғалуы жетіспеуі мектептің төменгі сынып оқушыларының оқуға кері әсерін тигізуі мүмкін. Қол моторикасын арттыруға арналған ойындар мен жаттығулар бала тілінің дамуына да әсерін тигізеді. Бала саусақтарымен әр түрлі жаттығулар орындап, үлкен жетістіктерге жетеді және баланы сурет салуға үйретеді, ары қарай жазуға да көмектеседі. Егер баланың саусақтары шапшаң жұмыс жасап, иілгіш болса жазуы да әдемі болады.
Қазіргі кездері ұсақ қол моторикасы ұғымын жиі естиміз. Ұсақ моториканы дамыту жұмыстарын ерте сәбилік шақтан бастаған дұрыс. Өкінішке орай көп ата-ана қолдың икемі мен ұсақ моториканың даму деңгейінің төмендігін тек мектепке барарда ғана байқайды. Бұл балаға өте ауыр жүк. Тіл дамыту жұмысы қол арқылы жүру тиіс. Сонда ғана неғұрлым үлкен жаттығу болады.Физиологтар ұсақ қол моторикасы деп, саусақ, қол және қолдың білезік бөліктерінің ұсақ бөлшектерін меңзейді. Осы бұлшық еттерді дамыту және шыңдау адамның орталық жүйке жүйесінің, барлық психикалық үрдістерінің, сөйлеуінің дамуына басты ықпал етеді.
"Ұсақ қол моторикасы" – термині саусақтар қозғалысы және қолдың буындарын үйлестіру деген мағынаны білдіреді. Ұсақ моториканы дамытудың маңыздылығы неде? Адамның бас миында саусақ қимылына және сөйлеуге жауап беретін орталықтар өте жақын орналасқан. Ұсақ моторикаға әсер ете және оны белсендіре отырып, көрші орналасқан сөйлеуге жауап беретін орталықты да дамыта аламыз. Педагогтар мен балалар психологының мақсаты – ата-аналарға ұсақ моториканы дамыту ойындарының маңыздылығын ұғындыру. Баланы қызықтыруда және жаңа хабарларды игеруіне көмектесуде үйретуді ойынмен алмастыру, алға қойған мақсатына жетуді, тапсырманы орындауда қиындыққа кездессе мойымауына үйрете отырып, аз мөлшердегі жетістіктерін де бағалап, мадақтап қоюды да ұмытпауы керек. Ұсақ моториканың қимылдары мен қолдың икемдігі бас миының құрылымының даму деңгейін көрсетеді. Осыдан келіп қол қимылдарын басқара білу туады. Сондықтан ешқашан да баланы мәжбүрлеуге болмайды.
Кішкентай ғана сәбидің қалайтыны қозғалу, қозғалыс – әлемді танудың мүмкіндігі. Яғни, бала қозғалысы дәл және нақты болса, оның әлемді ақылмен тануы да терең бола түспек. Қолдан ұсақ-түйек заттарды жасау — балалардың ең жақсы көретін шығармашылық жұмыстары. Мұндай жұмыс балалардың қиялдарын, ойлары мен бармақтарының ұсақ моторикасын дамытады. Ұсақ қол моториканы дамыту әдістемесі мұндай жағдайда өте тиімді. Жас жарымдағы баламен саусақ ойындарын бастауға болады.
Бас миы мен ұсақ қол моторикасының өзара байланысы бас миының қабығы әрқайсысы бір денеге жауапты бірнеше бөліктен тұрады. Бас миының қабығында қозғалыстық сипатты анықтайтын бөлік бар. Бас миы қабығының үштен бір бөлігі қол мойнының қозғалыстық қабілетімен байланысты және мидың сөйлеу зонасы бір-біріне өте жақын орналасқан. Сондықтан егер баланың саусағы нашар дамыған болса, ол баланың сөйлеу қабілетіне әсер етеді. Осыған байланысты ғалымдар қол мойнының буынын артикуляциялық аппарат сияқты «сөйлеу органы» деп те атайды. Бала тілін дамыту үшін сөйлеу органы ғана емес, сондай-ақ ұсақ қол моторикасын да дамыту қажет.
Осы тұрғыда әйгілі кеңес педагог-новаторы, ұлы жазушыСухомлинский: «Қабілет бастауы мен балалар дарыны – саусақ ұштарында. Содан шығармашылық ойдың бастаулары пайда болады. Бала қолының қозғалысында еңбек құралына деген сенімділік пен тапқырлық орын алса, қиындық туындайды, ол үшін бала ойының шығармашылық анықтық қабілетінің өзара әрекеттестігі қажет. Балада қаншалықты шығармашылық қабілет болса, бала соншалықты ақылды келеді» деген еді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні,баланың қол моторикасына арналған ойындар мен жаттығуларды жасатуда балалардың тілдік сөйлеу байланысы жақсарады, танымдық және сөйлеу іс-әрекеттеріне деген қызығушылықтарын арттырады. Нәтижесінде балалардың тілі, қимыл-қозғалысы мен икемділігі айтарлықтай дамиды. Сондықтан балалардың қол моторикасын дамытуға аса мән беру керек.
Ақниет ЕСҚАЗЫ,
№83 орта мектебінің арнайы маманы
13 мамыр 2023 ж. 450 0