Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Баланың тілі неге кеш шығады?

Баланың тілі неге кеш шығады?

Қызымды кезекті екпесін алу үшін емханаға апарып, дәрігердің алдында кезек күтіп тұрған едік. Өзіммен қарайлас жас келіншекпен әңгімеміз жараса кетті. Әңгіме сарыны балаларымыз жайлы болып жатыр. Содан әлгі келіншек баласының жасы үшке таяп қалса да, әлі күнге дейін сөйлемейтіндігін айтып қынжылды. Осы сәтте мені де бұл менің де болашақта проблемама айналмас па екен деген ой мазалады. Не керек, жүрген жерімде қызыммен қарайлас балаларды көрсем ата-аналарына «балаңыз сөйлей ме?» – деп сұрайтын болдым. Сөйтсем, қазіргі балалардың 70 пайызының тілі кеш шығатын көрінеді...
Жасыратыны жоқ, бүгінгі балалардың көпшілігі көзін ашар-ашпастан интернет деген әлемге енеді. Бала өмірге келген сәттен бастап әрбір іс әрекетін қызыға қарап отырамыз. Олар теледидардан жарнама көрсетілген кезде көз алмай тыныш отыра кетеді. Мұндағы тез жылжитын кадр, түрлі-түсті көріністер баланың назарын аудармай қоймайды. Соған мәз болып, теледидар алдына таңып қоямыз. Мұның бәрі оның болашақ сөйлеу тілінің дамуына кері әсерін тигізерін біле бермейміз. Аудандық түзету кабинетінің логопед маманы баланың көзін қызықтыратын дүниелерге шектеу қою керек екендігін ескертеді.
– Бала әлі сөйлемейді деп келетін ата-аналар қаншама. Негізінде бала 1 жаста 10 сөзден артық сөз айтуы керек. Бірақ өкінішке орай қазіргі балалар дамуы жағынан кешеуілдеп келеді. Оған себеп  жеткілікті. Ең алдымен әйел адам жүкті кезде қан аздық ауруымен ауырса, бала туу барысында кіндікке оратылып қалса, сондай-ақ бір жасқа дейін тұмау сынды инфекциялы аурумен ауратын болса, сөйлеуі кешеуілдеуі бек мүмкін.Бала психикасының дамуында сөйлеу тілінің орны ерекше, ол зейін, ойлау, есте сақтау сияқты психикалық процестермен етене байланысты. Егер сөйлеу тілінің кешеуілдеуі байқалса, баланың ақыл-ойының дамуы жасына сай болмайды. Сондықтан, барлық психикалық үрдістердің жасына сай дамуы бала тілінің шығуына өте маңызды, – дейді Нұргүл Еңсепова.
Қазіргі балалардың тілі неге кеш шығады деп ойланып көрдіңіз бе? Біздің бүлдіршіндер бөтелкелі, емізікті өмір салтын ұзақ ұстанғандықтан кеш сөйлейтін болды. Аузында екі тісі пайда болғаннан сәби қою, құнарлы тағамды қосымша жеуі керек. Қазір көп ата-ана баласының тағамын блендерден өткізіп бергенді ұнатады да, балалар 3-5 жасқа дейін ұсақталған, үгітілген ас ішеді. «Бұрын балалардың тілі ерте шығушы еді» деп айтып жатады. Бұл сөздің жаны бар. Өйткені ол кезде құрт жеді, сүйек мүжіді. Қазіргі балаларымыз жеп жүрген тамақтардың дені жұмсақ. Қатты тамақты тістеп, мүжіп жемеген соң тістің түбі мен қызылеті бекімейді. Оның үстіне кей ата-ана тамақты шайнап беретіні бар. Ауыз қуысы, бетінің бұлшық еті қозғалып, артикуляция болуы керек. Және осындай проблема бар отбасыларға логопед маман үйде тек бір тілде сөйлеуге кеңес береді. Қос тілді қатар қолданатын отбасылардың балаларына көп жағдайда логопедтің көмегі керек болады. Отбасындағы психологиялық жағдай да ескерілуі керек. Үлкендердің балаға және өзара қарым-қатынастары аса маңызды. Үстемдік көрсетілетін, түрлі қорқыныштары бар балаларда тұтығу, кекештену пайда болады.
–Баланың тілі тез шығуы үшін үлкендер әр қимылын, ойын дауыстап айтып түсіндіріп отыру керек. Біздің балаларға үлкендердің әңгімелесуі, тілдесуі жетіспейді. Бала керек нәрсесін қолмен көрсетсе немесе ымдаса ата-анасы бірден оны қолына ұстатады. Енді түк қиналмастан қажеті өтеліп жатса бала сөйлеп қиналып қайтсін? Сол үшін «не керек, су ма шәй ма? Жоқ шырын ба, жейсің бе, жемейсің бе» деген сұрақтар қою арқылы сөзге тарту керек. Бұл баланың сөздік қорын молайтудың бір жолы. Саусақты қимылдату мидағы сөйлеу функциясына жауапты тітіркендіреді, – дейді Шағала балабақшасының психологы Бану Ташауова.
         Бұрындары да ел ішінде осындай мәселе кездесті ғой. Мұны дана қазақ қалай шешті екен? «Ырымға сенсең қырын кетпейсің» деп жатамыз. Қазақ халқы баланың тілі шықпай кешеуілдеген жағдайда нағашы жұрты қой сойып Құран оқытып, сол қойдың тоқ ішегімен баланы қылғындыратын болған. Осындай жоралғы жасалғанан кейін барып баланың тілі шығады екен. Бұл жоралғыны  әлі күнге дейін жасап жүргендер бар.
Назерке Маратқызы
12 қараша 2022 ж. 376 0