Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Баланың тілі кеш шықса...

Баланың тілі кеш шықса...

Қазақта ырым-тыйымдар да, наным-сенімдер де көп. Соның бірі – қазіргі күнде жиі кездесіп жүрген сәбидің өз жасына сәйкес сөйлей алмауы, тілінің кеш шығуы. Үлкендер "баланың тілі кеш шықса нағашыларына апарып, ырымын жасату керек" дейді.
Адам шын ниетімен осындай ырымға сенсе, ол міндетті түрде орындалатынын дәлелдеп жүрген мамандар бар. Ауырып жатқан адамға жақсы сөз айтып, жылы көзқарас танытса, науқастың айығуына септігін тигізетіні белгілі. Демек бұл дәстүрдің де сәбиге де игі ықпалын тигізетіні сөзсіз.
 Бала үш жастан асқанша «ата», «әже», «апа», «әке» деген сөздерді ғана айтып, қалғанын ишарамен, жылаумен түсіндіріп жататынын өмірде кездестіретініміз рас. Баланың бұл қылығын "еркелік" деп қарайтын ата-ана да, перзенті үшін уайымға салынып, логопед маман іздеп, тездетіп емін табуды ойлайтын ата-ана да бар. Ал қазіргі таңда «жұмысбастылық», ақылы маманға баруға қолдың қысқалығы себеп болып жататын кездері де болады. Сондайда ежелден ата-бабаларымыз қолданып келген «өңешпен қылғындыру» ырымын жасап көріңіз. Әрине бұл ырымға сену-сенбеу өз еркіңізде.  Десек те  дана халқымыз мұның пайдасы болғандықтан, осы күнге дейін жалғасын тауып келе жатқаны соның дәлелі болар.
Бұрын ауылдағы Гүлжан апаның баласы төрт жастан асқанша сөйлей алмай, үй ішін алаңдатқан еді. Сол кезде әжем «үш жастағы бала үлкендермен еркін әңгімелесе білуі керек. Ал сен болсаң, еш уайымсыз бес жасқа келіп қалған  баланы «қинап» жүрсің» деп апайға ұрысқан болатын. Сөйтіп нағашы атасы қой сатып әкеліп, жиенді «өңешпен қылғындырып» еді. Бүгінде сол бала ешкімнен кем емес, үлкен азамат атанып, балалы-шағалы болған.
Егер сіз де осындай мәселеге тап келсеңіз, баланы нағашысына апарып, осы ырымды жасатып жіберіңіз. Пайдасы көп болмаса, еш зияны жоқ. Балаңыздың таңдайы тақылдап, еркін әңгімелесе алатындай жағдайды жасаңыз...

Е. ЖАРҚЫНБАЙ
18 сәуір 2022 ж. 1 754 0