Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Кимешекті әже қайда кешегі?..

Кимешекті әже қайда кешегі?..

Неменеге жетістің, бала батыр,
Қариялар азайып бара жатыр.
Бірі мініп келместің кемесіне,
Бірі күтіп әнекей жағада тұр.
Ақын Мұқағали Мақатаев қазыналы қариялар жайлы осылай жырлаған еді. Иә, қариялар  азайып бара жатыр. Бірақ сан жағынан ғана емес. Айтпай-ақ жүзінен  аталық пен әжеліктің келбеті көрініп тұратын жандар сиреп кетті. Бәлкім, заман ағымы дерміз, әйтеуір, ақ сақалды ата мен ақ жаулықты әжені көзіміз көруден қалып барады.
Бірде дүкенге барсам, бір орта жастағы әйел адам қасында кішкене балақаймен оны-мұны алып жатыр екен. Сырт келбетіне қарасаң, әп-әдемі  шашы қысқа, қасын қияқтай етіп қойған, аяғында биік өкше аяқ киім. Кенет қасындағы балақай «әже, мынаны да алып берші» деп қалды. «Әже» деген сөзді естіп, әлгі әйелге зер сала қарадым. Құдды жас келіншек сияқты жасанған жанның жас шамасын білгім келіп барады. Сөйттім де, сұрақты төтесінен қойдым.
– Ау, балақай, әжең бе, анаң ба? – деп  сұрақ тастаған едім.Әжесі әңгімеге араласып кетті.
– Алпысқа жақындап, осындай бала тапсам қалай болар екен? Немерем ғой. Дүкенге барам десем, ере шығатын әдеті бар, – деді.
Мұнан әрі әңгіме үзіліп, бейтаныс жандар өз жөніне кетті. Содан көпке дейін ойымда әжем жүрді. «Менің әжем қандай еді? Бүгінгі әжелер қандай?» деген салыстыру санамнан шықпай қойды. Замана көші ілгері басып келеді. Соған сай адам да өзгеруде. Қазіргі адамдар қартаймайтын болған ба деп қалам. Аналар кимешек былай тұрсын, жаулық та тақпайтын болған. Мұның бәрі біздің салтымызға кері әсерін тигізбей қоймайды.
 Мен әжемнің қызы болдым. Жанынан бір елі ажыраған емеспін. Сөйтіп жүріп  әңгімесіне қанық болып өстім. Өзі жастайынан бейнетті көп көрген. Мен ес білгелі әжемнің жанында ұйықтайтынмын. Түні бойы оны-мұны сұрап, әжемнің әңгімесін тыңдағанды жаным қалайтын. Бірде әжеме:
– Әже, атамды жақсы көріп үйлендіңіз бе? – деп сұрадым. Әжем күліп:
         – Ай, тентегім-ай, сен де қайдағыны сұрайсың-ау, ол кездері қазіргідей жастар бірін-бірі таппайды. Әке-шешеміз сөйлесіп, құдаласып, «сен сол әулетке барасың» дейді,  біз қарсылық көрсетпейміз, – деді.
         – Сонда атамды жақсы көрмей үйлендіңіз бе?
         – Неге олай ойлайсың? Жақсы көрдім. Атаң өзі сұңғақ бойлы, келбетті жігіт болатын. Соғыстан жараланып оралды. Содан бір аяғын сылтып басатын еді. Атадан жалғыз ұл. Мен үш ұлдың ортасындағы жалғыз қызбын. Анам қанша құрсақ көтерсе де, менің алдымда бала тұрақтамаған екен. Содан мен өмірге келгенде, кіндігімді ырым қылып таспен кесіпті. Менен кейін анам үш ұл туды. Мен де ажарсыз болған жоқпын. Шаштарым қою қара, қалың, ұзын еді. Екі жаққа өріп қоятынмын.
         – Қазір шашыңыз селдіреп қалған ғой.
         – Иә, қазір шаш қалмады. Сол кездері басыма қаптап жара шыға бастады. Анам марқұм көз тиді деді. Жара болғанда қандай дерсің?! Шашымды сыпырып алып тастауға мәжбүр болдым. Қыздың шашын қиғаны ол кезде ұят нәрсе болатын. Сондағы жылағаным әлі есімде. Кейін қайта шықты ғой. Бірақ бұрынғыдай болмады, – деп әжем бір күрсініп алды. Содан ұйқыға ыңғайланды. Күбір-сыбыр етіп, елдің тынышығын, ұрпағының амандығын тілеп Жаратқанға жалбарынып жатыр. Менде ұйқы жоқ. Әжемді әрі мазаладым.
         – Әже...
         –М-м-м...
         – Атаммен неше жаста үйлендіңіз?
         – Ай, балам-ай, қоймадың-ау. Мен ол кезде 18 жаста болдым. Атаң 25-те еді. Соғыс біткен соң екі жылдан кейін елге оралды. Содан бірден біздің үйге құда түсе келіп, мені алып кетті. Қазір жастар үйленсе, бөлек бөлме керек. Ол кезде ондай ой жоқ. Мұндай зәулім үй де жоқ. Жаз жайлауда мал бағамыз. Қыста жер астынан бастырма қазып, қамыстан ши тоқып, сонымен бөліп қоямыз. Мына сегіз баланы перзентханада туған жоқпын. Сонда да Аллаға шүкір, денсаулығы жақсы. Ол кезде үйде енеміз босандырып алатын. Содан өзі-ақ барлық жөн-жоралғысын жасайды. Тіпті үшінші қызым Бағираш егін басында туылды. Тап күздің уақыты болатын. Күн күрт суытып, егінді жинау керек болды. Қол күші жетпей жатыр. Содан ай-күнім болып отырса да, сыр білдірмей бардым. Егінге кетіп, арқама баламды байлап келгенде атам мен енем шошып кеткен.
         Әжемнің әңгімесі осы жерден үзілді. Әрі қарай мен ұйқыға кеттім. Әжем  қарғыс, былапыт сөз, өсек айтпайтын. Бізді артық ауыз сөйлей бастасақ «тәйт» деп тыйып отыратын. Өзінің суырыпсалмалық қасиеті де болды. Бізге:
Сауысқандай сыңқылдап күлгенің жетер басыңа.
Тымсырайып отырсаң, кім жуиды қасыңа?– деп өлеңмен ақыл айтатын.
Сондағысы жеңіл табиғатты болсаң, басыңа бейнет тілейсің. Салмақты жүрсең, бәледен аулақ боларсың дегені ғой. Өзі ер адамды піріне балап жоғары құрметтейтін. Тіпті менің әкемнің алдынан кесе өтпейтін. Бізге де бала тәрбиесінің озық үлгісін көрсетті. Ылғи да «Еккен ақыл болмаса, сепкен ақыл не болсын» деп қандай қасиеттің болмасын ананың сүтімен берілетіндігін ескертіп отырушы еді.  Алланың берген ырзығын пайдалана білмесең, кепиетіне ұшырайсың деп анама айран пістіріп, дастарқаннан құрт пен ірімшік, май үзілмейді. Бірде тіпті кәдімгі кір сабынды қалай жасағанын айтып берді.
– Біздің кезімізде көп нәрсені қолдан жасайтын едік. Тіпті кір жуатын сабынды да. Сексеуілдің күлі мен сүйекті қайнатып, сабын қылатынбыз. Қазіргі сабындардың иісі жаман, қолқаны алады. Ал біздің қолдан жасаған сабынмен жуылған киімнен балғын иіс шығатын деп салыстырып отырады.
Өзі өмірге 8 бала әкелсе де, екі баласы қыршын кетті. Олардың өлімі әжеме ауыр соққы болды. Жылай-жылай екі жанардан айырылды. Өзін кінәлайтын. Жаратқанға «Е-е-е, құдай, мені ал. Балаларымды аман сақта» деп тілейтін. Соған қарап бала біздер «әжем алжыған ба? Өзіне өлім тілеп отырғаны несі» дейтіндіз. Сөйтсем,  бәрінен де анаға баласын өз қолымен жер қойнына тапсырудан асқан қасірет жоқ екен-ау. Өзі 84 жасында өмірден озды. Өлерінің алдында бар айтқаны – бір-біріңе қамқор, тату болыңдар.
Қарап отырсам, әже деген әдемі аттың үлгісі осы кісілер сияқты. Ақ жаулығын тағынып, етек-жеңін қымтап, аузынан дұғасы мен ұлағатты сөзі түспеген жан. Осындай жанның немересі, шөбересі болу да бір бақыт екен.
Назерке Маратқызы
08 қазан 2019 ж. 2 442 0