Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Еркеліктің де жөні болады

Еркеліктің де жөні болады

Қазақ халқы баланың тәрбиесіне жастайынан үлкен мән берген. «Тәрбие тал бесіктен» деген аталы сөзіміз осының айғағы. Еңбектеген сәби кезден бастап ата-ананың көзқарасынан, атаның бір ауыз сөзінен аса алмаған еліміз бүгінде бұл қадір-қасиеттен айырыла бастағандай.
Осы сенбіде әпкемнің туған күні болып, отбасылық отырыс жасалды. Бұл жолы әдеттегідей үйде емес, шағын мейрамханада атап өтуді жөн көрдік. Айтылған жерге келіп, ас-суымызға тапсырыс берген соң, өзге үстелдерге көзім түсті.
Бізбен қатар туған күн тойлап жатырған жандар бар екен. Бірінің жас шамасы жоғарғы сынып оқушылары болса, екіншісі орта жастан асқан кісілер. Олардың үстеліндегі аға-апалардың арасынан балаларымен келген жандарды байқадым. Үйден жыраққа шықса, оның үстіне қонақтыққа барғанда балалардың бар мінезін көрсететін әдеті емес пе?! Олар да барынша ойнап қалуға тырысқандай ортада жүгіріп, тіпті кейбір ер балалар сөрелерде тұрған заттарға тиісе бастады. Әрине, бұндай кезде орталық администраторы ескерту жасайды. Ескертуді естіген бірнеше апаның: «Менің балам ерке. Өзі мінезі туғаннан белсенді» деп, жылы жауып қойғанын байқадым. Олар үшін қазір дастарқан басы қызығырақ еді. Ал балалар өз істерін әрі қарай жалғастырды. Ең қызығы кеш бата үйді-үйіне тарай бастағанда болды. Балалар жылап, атааналарына қарсы сөздер айтты, әлі де ойындары қанбағанын айтып аздап мазаны алды.
Жастар үстелі әдеттегідей шулы болды. Бір-бірімен жағаласа тілек айтып жатыр, заманауи ойындар ойнап, келіспеген жерінде артық ауыз сөздерін айтып та қояды. Әбден қызған сәттерінде қыз балалардың да бейәдеп сөздерін байқап қалдым. Табиғатымызға жат қылықтарды көрген көздерім еріксіз көңілсізденді.
Осылай тағамдарымыз да келді. Бізде тілек айтып, дәмнен алып жақсы демалдық. Қайтуға таянып есік алдына шыға бергенде, әлгі көрші үстелдегі оқушы балалардың көк түтіннің ортасында тұрғанын көрдім. Бірі ұялы телефонына келген қоңырауға: «Иә, мама, кештеу қайтамын. Қайта-қайта хабарласып мазаны алмашы. Кішкентай бала емеспін ғой» деп, тұтқаны қоя салғанын байқадым.
Үйге келгенше осы оқиғалар ойымнан кетпеді. «Өзім де жас болдым ғой» дедім ішімнен оларды ақтап алуға тырысып. Дегенмен ата-анам менің кемшілігім болса маған жекіп беретін еді. Қазіргі қоғамда «Менің балам ерке еді», «Балам дұрыс айтады, олар неге ұрсады екен?», «Олардың құқығы жоқ» деген секілді түрлі ақылды пікірлер қалыптасқан. Кішкентайынан осындай тәрбие көріп өскен баланың азамат болғанда өзіне қарсы сөйлейтін, күндізтүні той тойлаумен уақыт өткізетін жан болғанын ешбір ата-ана қаламас еді. Бірақ уақытылы күтім көрмеген талдан қисық ағаш қана өсетінін ұмытпайық.
Г.ӘЛНИЯЗИНА
08 қараша 2022 ж. 485 0