Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жолдарды жамау керек еді...

Жолдарды жамау керек еді...

Көліктің артқы есігін ашып, діттеген жеріне жеткізуді өтінді әлдебір жолаушы. Жолымыз бірдей болған соң келістім. Артқы орынға жайғасты да, терезеге қарап ойға шомып кетті. Қалың ойдағы жолаушыны көлік астынан шыққан ащы дауыс селк еткізбесі бар ма?
– Жай жүрсеңізші, жолды білесіз ғой, – деді мұңлы үнмен.
– Кешіріңіз, ана шұңқырды байқамай қалдым. Алдында өткенде жоқ сияқты еді, – деп өзімді ақтап әлекпін.
Негізі ақталуға себеп жоқ емес еді. Айтса айтқандай, қала ішіндегі жолдардың дені қыстайғы судан бүлініп, шұрық-тесікке айналған-ды. Әсіресе көлік көп жүретін жолдардың ойқы-шұйқысы шығып, ауыр жүк көліктердің салдарынан сыр беріп жатыр. Көптен бері көрер көз болса қане деп жүр едік. Жақында осы жолдарға қатысты жылы әрекетті көзіміз шалды. Суретте көріп тұрғаныңыздай қаланың көшелері жамалып жатыр. Көзге ыстық көріністі біз де қалт жібергіміз келмей, жұмыс барысымен танысуға тырыстық. Өзін Еркебаймын деп таныстырған 30 жастар шамасындағы жұмысшы жігіт асфальт ерітіндісін дайындайтын құрылғыны жолдың ойық жеріне туралады. Жанындағы көмекші әріптесі әлгі құрылғыны арнайы оттық арқылы іске қосып, әлгі асфальт қоспасын ерітуге кірісті. Көлік нөпірі толастамайтын әлгі жолдың бойындағы жұмыс бір сәтке тоқтайтын емес. Жұмыс қауырт болған соң көп бөгелмедім. Байланысу үшін жауапты тұлғаның нөмірін алғанбыз.
– Қала бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың жалпы ауданы 400 шаршы метрді құрайды. Бұл әрине аз жұмыс емес. Тапсырыс беруші жергілікті аудандық тұрғын-үйкоммуналдықшаруашылығы, жолаушыларкөлігі және автомобиль жолдарыбөлімі. Жұмысты бастағанымызға да көп уақыт бола қойған жоқ. Қазіргі таңда межелі жұмыстың 50 пайыздайы бітіп тұр. Мұның барлығы алдымен Польша мемлекетінен әкелінген құрылғының көмегімен тез жүріп жатыр. Әлгі техниканың құны 2,5 миллион теңгедей болады. Жұмысы мен мүмкіндігі құнына сай дер едім. Бұрын бір ойылған жерді жамау үшін оның астындағы түрлі жол төсеніштерін қолмен бұзып әлекке қалушы едік. Қазір сол жұмыстың барлығын осы техника бір өзі атқарады. Әлгі жамалуы керек жерді толықтай ерітіп, асфальт салуға дайын етеді. Ендігі жұмыс – асфальт өнімін төсеп, арнайы таптағышпен тегістеу. Осылай жалғасып жатқан жұмыс жақын күндері аяқталады. Бізде техника да, жұмыс қолы да жеткілікті. Тек осы жұмыстарды уақытылы жүргізуге жүргізушілер түсіністікпен қараса деймін, – дейді «ARDANA GRUP»ЖШС-нің бақылаушы маманы Ж.Өмірзақов.
Қазір қаланың көшелері жайлап қалыпқа келуде. Ойылған, жарылған жолдарды әзірше кедір-бүдір боп жатса, сәл сабыр сақтаңыз. Кезегі келген кезде ол олқылықтардың да орны толады. Бастысы уақыт керек. Бұл жұмыстарды қолға алған «ARDANA GRUP» ЖШС мердігер мекемесі жақын күндері жұмысты толықтай аяқтап қалады. Базар маңындағы жолдар, Сапақ би және Жетес би көшелері бойындағы жолдарды жөндеу алдағы күндердің еншісінде. Бастысы, қай бастаманың болмасын нәтижесі бар.
А. ҚАРАСАЙ
16 мамыр 2023 ж. 268 0