Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қ.Төремұрат: Аралдың көшелері көп ауданнан көш ілгері

Қ.Төремұрат: Аралдың көшелері көп ауданнан көш ілгері

Қай істе болмасын тынымсыз еңбек табысқа жеткізеді. Ал ізденіс пен қалыпты қозғалыс һәм тиянақтылықтың арқасында өмірлік тәжірибе жинақталады. Еңбек майданында жүріп мұндай жетістікке жеткен жеңімпаздар қаншама?! Біз бүгін қалыпты өмірде жұрт қатарлы еңбек ете жүріп, өз ісінің маманына айналған жан жайында айтпақпыз. Кейіпкеріміздің есімі  – Қалабай, тегі – Төремұрат.
Байқасаңыз, қала көшелеріне асфальт төсейтін алып техниканың жүргенін бұған дейін де көрген боларсыз. Жүрісі баяу, бірақ ісі тыңғылықты бұл техниканың мүмкіндігі зор. Тек оның тілін игере білген арнайы маман қажет. Бір ерекшелігі, осы технологияны бір емес, бірнеше адам басқарады. Ал тізгінде кейіпкеріміз Қалабай. Оның міндеті – 180 градуста қайнап келген ыстық асфальтты қабылдап алып, шебін жолға төсеуге дайындау. Бет қаратпайтын асфальттың ыстығына төзіп, мұндай ауыртпалықтың талайын бастан өткерген кейіпкеріміздің осы қызметте жүргеніне 10 жылдай уақыт болған. Өз ісіне әбден төселген Қалабай көршілес Қазалы ауданының тумасы. Бұған дейін «Қазалы-Строй» деп аталатын мекемеде еңбек еткен маманның Аралға ауысып келгеніне де көп уақыт бола қоймаған. Қазіргі уақытта «Арал-құрылысы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде  2 жылдан бері еңбек етіп келеді.
– Мен үшін бұл қызметтің жұмбағы жоқ. Технологияның тілін де жетік меңгердім десем болатын шығар. Қазіргі уақытта Арал қаласындағы бірнеше көшелер тақтайдай тегіс жолдарға айналды. Салынған жолдардың сапасы да жақсы. Жылдың төрт мезгіліне де төзімді. Арал қаласындағы жолдардың мұндай төзімді болуының да өзіндік ерекшелігі бар деп ойлаймын. Мәселен, Қазалы ауданының жері көбіне балшықты, сортаң болып келеді. Жаңбырлы кездері тіптен лайсаңға айналады. Ал сондай жерлерді басып, асфальтқа шыққан көліктерден сортаңды лай қалдықтары қалады. Міне, асфальттың өзара бірікпей, ыдырап кетуіне осындай табиғаттың қолайсыздығы да себеп болады. Мұндай қолайсыздықты мен Арал қаласынан байқамадым. Оның үстіне, ыстық асфальттың нығыздалуы да жолдың сапалы болуына сеп. Асфальттың тез құртылуына жүк көліктерінің де әсері мол. Сол үшін істелген жұмыстың сапалы әрі ұзаққа төзімді болуын қаласақ, көлік қозғалысындағы тәртіпті ретке келтіруіміз керек деп ойлаймын, – дейді Қ.Төремұрат.
Бүгінде Төремұрат отбасымен бірге осы Арал қаласында тұрады. Қызмет бабымен келесе де, жаны аралас, қойы қоралас қос ауданды бір-бірінен бөліп жармайды. Ал жол жағына келгенде, Аралдың көшелері осы жылы басқаша кейіпке еніп, көп ауданға қарағанда көш ілгері басқанын жасырмайды. Ауданның мұндай жетістігіне біздің де марқайған жайымыз бар.
А.Қарасай
12 желтоқсан 2020 ж. 572 0