Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Көшелер жөнделіп келеді

Көшелер жөнделіп келеді

Тұтас өмірі аттың жалында, түйенің қомында өткен ата-бабаларымыз жол­дың азабын «Жол азабын жүрген білер» деп бір кісідей-ақ айтып кеткен ғой. Бабаларымыз сол айшылық алыс жолдардың күншілік деңгейге жақын­дататын технологияның пайда боларын білді ме екен?! Қазіргі технология сол қиындықтардың барлығын артта қал­дырды. Автокөлікке автожол, пойызға темір жол, ұшаққа да әуе жолы бар. Қазіргі уақытта қалаішілік маңызды көше­лердің барлығы тақтайдай тегіс жолдарға айналған. Одан бөлек, қала бойынша 28 көшені асфальттау жұмысы жүріп жатыр. Бұл жөнінде айтып та, жазып та келеміз. Енді сол жол салудағы жұмыс­тар жайында айтсақ.
Қалада «Арал құрылысы» деген іргелі мекеме бар. Көбіне жол салу және құрылыс жұмыстарын жүргізумен айналысады. Қарамағында қаншама қызметкері мен техникалары бар бұл серіктестікте қай уақытта болмасын жұмыс қарбалас. Қазіргі уақытта осы серіктестікке қарасты екі бригада жол салу жұмыстарымен айналысуда. Бірі – Жақсықылыш кентіндегі ішкі жолдарды салып жатса, екінші бригада Арал қаласы бойынша қалаішілік көшелерді асфальттап жатыр. Әр учаске бастығына тиесілі аумақтар бар. Белгіленген уақытта жұмыс жүріп, сапалы әрі төзімді жолдар төселіп жатыр бүгінде. Қала бойынша істеліп жатқан көшелерге жауапты учаске бастығы Әмірхан Бекежановпен тілдескенімізде қазіргі уақытта асфальт төселіп жатқан Ә.Каюпов көшесі 26-шы көше екенін айтты. Бұдан бөлек, әлі екі көшеге асфальт төселмек. Ал зор мүмкіндікке ие жол төсейтін техниканың бірі біз айтқан көшеде жұмыс істеп жатса, енді бірі Жақсықылыш кентінде екен. Бұл техниканы бірнеше қызметкер басқарады. Солардың бірі – Қалабай Төремұрат оператор болып еңбек етеді. Ол техниканың тізгінін ұстайды десек те болады. 10 тонналық КамАЗ-бен 170 градустық ыстықта келетін дайын асфальтты техниканың көмегімен жолға төсеуге жібереді. Ал Мұхит Бердалиев пен Ержан Бөріқұловтар техниканың плитасында оператор болып жұмыс істейді. Олардың міндеттері келген дайын асфальтты өз мөлшеріне сәйкес жолға төсеп отырады. Бұдан бөлек қызметкерлер өз арасында «Каток» деп атап кеткен техниканың тізгінінде бір қызметкер отырады. Ол төселген асфальтты арнайы техниканың көмегімен нығыздап, жүруге дайын тас жолға айналдырады. Бұдан бөлек 4-5 КамАЗ қала сыртында дайындалатын асфальт өнімін ыстық күйінде жол төсейтін техникаға жеткізіп беріп отырады. Осылайша тоқтаусыз жүріп отыратын жұмыстың нәтижесінде ені 5 метр, қалыңдығы 6-7 сантиметр болатын тас жолдар пайда болады.
Жол төсейтін техниканың тізгінінде оператор болып 10 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Қ.Төремұрат:
– Мен өзім көршілес Қазалы ауданының тумасымын. Сол жақта «Қазалы құрылыс» деген жеке серіктестік бар. Онда осындай техниканы 8 жылдай басқардым. Ал осыдан 2 жылдай уақыт бұрын осы «Арал-құрылысы» мекемесіне жұмысқа орналастым. Өз жұмысыма бойым үйренісіп кеткен. Ыстық асфальт, жауапты жұмыс мен үшін қалыпты жағдай десем де болады. Мұның барлығы да қаншама жылдық тәжірибенің арқасы деп ойлаймын. Бастысы, өз ұстанымымда істелген жұмысқа уақыт өте сын айтылмаса екен деймін. Сол үшін де қолдан келгенше жұмысты сапалы жүргізуге тырысамын, - дейді ол.
Міне, осындай өз ісіне жауапты мамандар мен мүмкіндігі мол техникалардың арқасында қалаішілік көшелер күн өткен сайын өзгеше кейіпке еніп келеді. Мұндай еселі еңбек пен ауқымды істің артында елдің азаматтары тұрғаны түсінікті. Сондықтан да біткен істің барлығы үшін жергілікті биліктің тізгінін ұстап, елмен етене келе жатқан аудан әкімі Мұхтар Оразбаевқа және өзге де жауапты сала басшылары мен мамандарына алғыс айтқымыз келеді.
А.Бисенов.
10 қараша 2020 ж. 534 0