Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Хат тасушы Зылиха

Хат тасушы Зылиха

Қазір ақпараттық технологияның жылдам тарап, жаңалықтың желдей ескен заманы. Бүгінгі желінің жетістігі мен интернет сайттарының көрсет­кішке жұмыс істеуі қоғамда бәсекелестік орта қалыптастырып, жетістіктерді еселей түсуде. Қазір қандай жаңалыққа да таңғалмайтын болдық. Ақпа­раттың жылдамдығы, таңертең шыққан жаңалық түске дейін ескіріп қалып жатыр. Әрине бұл – дұрыс, оң бастама, нәтижелі жетістік. Десе де қол­дан қолға тиюі тиіс мерзімді басылымдар мен хат қоржындары, түрлі заттарды тасымалдауда бізге пош­та­шылардың қызметі ауадай қажет.
Алтынбек БИСЕНОВ

Күннің ыстығы мен суығына төзіп, өзінің ісіне адал екенін дәлелдей алып жүрген жандардың қоғамдағы көзге көрінбейтін ісі таза бейнетке толы десек қателеспейтін шығармыз. Олардың жұмыс барысында жүріп өткен бір күндік жолы мен көрген бейнеті қазіргі жас үшін ерлікпен пара-пар. Бүгінде осы салада ұзақ жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Зылиха Жеңісбайқызы Ақылбекованың мұндай жұмысқа әбден еті үйреніп кеткен. Табаны тозып, балтыры сыздаса да, өзіне жүктелген істі соңына жеткізбейінше тынбайды. Сонысымен де ол оқырмандарға да, ұжымдастарға да сыйлы. Әркез жүзінен жылылық сезілетін пошташыны олар іздеп отырады.
Ол 2003 жылдан бері Арал аудандық пошта торабының №2 бөлімшесінде хат тасушы болып қызмет атқарып келеді. 17 жылдан бері өзіне тиесілі аумақтағы 15-ке жуық көшені аралап келе жатқан оның өз жұмысына арыз айтып көрген кезі болған емес. Тіпті жұрттың хат арқылы есен-саулық сұрасып отырған кезіндегі ауыртпалығы көп жұмыста да сыр бермеген қызметкерді өз аумағындағы тұрғындардың дені жақсы біледі. Қызметіне түсіністікпен қарайды.
– Менің аудандық пошта торабында қызмет етіп келе жатқаныма 17 жылдай уақыт болды. Осы кезге дейін қызмет бабында жұмысымнан жерініп, бойкүйездікке салынып көрмеппін. Әрине әр жұмыстың қиындығы болады. Кейбір жұмыстар тұтас қиындықтарымен ерекшеленеді. Біздің жұмысымыз сол қиындыққа төзе білетіндердің жұмысы деп ойлаймын. Өйткені бір күнде бірнеше емес, 10-15 көшені аралап шығу оңай емес. Оның үстіне поштаға келген түрлі хаттар мен заттарды иелеріне жеткізуде жауапкершілік жоғары. Қазіргі уақытта біздің көп тасымалдайтынымыз – басылымдар мен банк арқылы тұтынушылар алған заттар. Олардың қатарында смартфондар мен түрлі гаджеттер бар. Несие шартына байланысты жолданатын хаттар да бар. Бізге келіп түскен сондай заттар уақытылы өз иелеріне табысталуы керек. Бұл оңай шаруа емес, – дейді хат тасушы З.Жеңісбайқызы.
Қай уақытта болмасын хат тасушылардың қызметі үздіксіз қозғалысты қажет етеді. Сондықтан да олар уақытпен санаспайды. Бөлімшеге келген заттарды тиісті адамына жеткізу – кейіпкеріміз З.Ақылбекованың басты жұмысы. Ал өз ісінің маманына айналған Зылиха сынды кейіпкерлердің арқасында аудандағы пошта жұмысы жақсы көрсеткіштермен алға басып келеді. Отбасы мен бала-шағаның қамы үшін тынбай еңбек ететін кейіпкеріміз өмірлік жолдасы Мейірберген екеуі дүниеге әкелген 5 баланың қызығына кенелуде. Олардан өрген немерелерінің қызығына кенеліп отырған бақытты отбасының бүгіні берекелі, болашағы баянды.
17 қазан 2020 ж. 583 0