Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 1 маусымнан МӘМС бойынша консультациялар 1414 арқылы беріледі

1 маусымнан МӘМС бойынша консультациялар 1414 арқылы беріледі

Халықтың қоңырау шалу мүмкіндігін арттыру және «жоғалған» қоңыраулардың үлесін қысқарту үшін МӘМС және медициналық көмек алу мәселелері бойынша консультацияларды 1414 бірыңғай байланыс орталығы ұсынады. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры хабарлады.
Қазіргі уақытта бірыңғай медициналық ақпараттық байланыс орталығы 1406 нөмірі бойынша жұмыс істейді. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының байланыс орталығы 2019 жылдың қыркүйегінде іске қосылды, ал 2020 жылы 1406 коронавирусқа қатысты сенім телефоны болып жарияланды. Осы жылдардың ішінде азаматтардан 2,4 млн-ға жуық өтініш қабылданып, өңделді. Олардың 90%-дан астамы консультативтік сипатта болған. Қорға көбінесе Астана, Алматы қалаларының, Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды облыстарының тұрғындары өздерін мазалаған сұрақтар бойынша жиі жүгінеді.
«Күн сайын азаматтардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі туралы хабардарлығы артып келеді. Адамдар өз құқықтарын зерделеп, қызығушылық таныта бастады және олар өз жағдайларын түсініп, келеңсіздіктерді шешуге көмектесуді сұрайды. Бүгінгі таңда өтініштер көбейіп келеді. Сол себепті азаматтарға кеңес беру қызметін 1414 бірыңғай байланыс орталығына беру туралы шешім қабылданды. Ол жерде операторлардың штаты кеңірек, сонымен қатар қоңыраулардың мол ағынын қабылдау үшін техникалық мүмкіндіктер қарастырылған. Бұл абоненттердің жауап күту уақытын бірнеше минуттан бір минутқа дейін қысқартады. Сондай-ақ бұл халықтың қоңырау шалу мүмкіндігін арттырады және «жоғалған» қоңыраулар үлесін азайтудың тиімді жолы болып саналады», – деп түсіндірді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры заңды және жеке тұлғалармен жұмыс департаментінің директоры Забира Оразалиева.
1414 операторлары 9.00-ден 21.00-ге дейін консультативтік сипаттағы сұрақтар бойынша қоңыраулар қабылдайды әрі оларға жауап береді. Егер ситуациялық сипаттағы өтініштер тереңірек зерделеуді қажет етсе, онда олар Қор мен медициналық ұйымдардың өкілдері өңдейтін екінші және үшінші желілерге жолданады.
Бұл ретте Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, fms.kz ресми сайты немесе Telegram-дағы @SaqtandyrýBot сияқты Қордың баламалы байланыс арналары бұрынғыдай жұмысын жалғастыратын болады. Оператордың жауабын күтіп, уақытты жоғалтқысы келмейтін азаматтар өз сұрақтарын сол арналарға жібере алады.
Сондай-ақ Электронды үкіметтің egov.kz сайтындағы «Денсаулық сақтау» бөлімінде «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне медициналық көрсетілетін қызметті тұтынушы ретінде қатысу туралы және аударымдардың және (немесе) жарналардың аударылған сомалары туралы ақпарат ұсыну» мемлекеттік қызметі арқылы медициналық сақтандыру жүйесіндегі өз мәртебеңізді тексеруге және жүргізілген төлемдер туралы ақпарат алуға болады.
18 мамыр 2023 ж. 401 0