Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралға 800 миллион текше метр су құйылды

Аралға 800 миллион текше метр су құйылды

Қазір Арал десе көз алдымызға шалқыған теңіздегі мұнартқан кемелер емес, сор мен тұз, әрісі құрғақшылық жайлаған дала елестейтін болды. Жыл басында Кіші Аралдың қайта тола бастағанын естіп, қуанған жұрт, соңғы кезде қайта алаңдай бастады. Өткен ғасырдан бері айтылып келе жатқан мәселенің шешімі табылар емес. Таласы көп, тоқтамы жоқ пікірлердің арасында Аралдың жайы елеусіз қалғандай көрінеді.

Тұз татыған тұңғиық

Таяуда Аралдың тағдыры Парламент Мәжілісінде де сөз болды. Депутат Мархабат Жайымбетов Үкіметке жолдаған сауалында теңіздің жайы әлі оңып тұрмағанын баян етіпті. Былтыр құны 4,5 миллиард теңгеге бағаланған «Көкарал бөгетін сақтап қалу» жобасы іске асырыла бастағаны белгілі. Осыған қарамастан, жағдай түзелді деуге ерте. Мәселен, қазір Солтүстік Арал теңізі тартылып, елді алаңдатып отыр. Елдің алаңдайтын себебі жоқ емес, өйткені бір теңіздің тартылуы бір емес, бірнеше проблема тудырады. Соңғы 12 жылда теңіз көлемі 8,5 млрд текше метрге азайған, яғни, үштен бірі жоғалды. Бұл қарқын тоқтамаса алдағы ширек ғасырдың көлемінде толық құруы мүмкін екенін тағы жасыра алмаймыз.

Ең басты мәселелердің бірі – тұздың көбеюі болып тұр. Суы қашқан теңіздің орнынан көтерілген тұз бүкіл Орталық Азия елдерін экологиялық апатқа тартып барады. Жайымбетов осы тұста елемеуге болмайтын бір деректі айтыпты. Теңіз суының әр литріндегі тұздың көлемі 8-ден 13 грамға көбейген. Егер судың тұздылығы литріне 15 грамға жетсе, балықтар жаппай қырылады. Шыны керек, қазірдің өзінде Аралдың маңайында өлген балықтың көп екенін ел айтып жүр.

Экологиялық апат дегеннен шығады, алдыңғы жылы Арал ауданында болған қуаңшылық әлі естен кетпеді. Жайылымның 95 пайызына шөп шықпаған. Сырдария арқылы теңізге құятын Қамыстыбас, Ақшатау көлдері мен Кіші Арал жағалаудан 1,5 шақырымға дейін тартылды. Не керек, бұның бәрі маңайдағы жұрттың әлеуметтік жағдайына да әсер етпек. Теңіз тартылғалы 3000-ға жуық балықшы табыссыз қалып, енді 9 балық өңдеу зауыты мен 14 шағын цехтың уақытша тоқтап қалу қаупі бар.

Бұл мәселеде көрші елдермен мәміле жасай алмай келе жатқанымыз тағы рас. Халықаралық келісімдер бойынша, теңізге жыл сайын кемінде 3 млрд текше метр су келуі қажет. Бірақ көрші елдер судың бастауынан керегін алып, қалдығын ғана айдап отырғанға ұқсайды.

«Енді не істемек керек?» деген сауалға Мәжіліс депутаты төрт ұсынысын айтыпты. Қысқаша айтар болсақ, әуелі Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттерімен вегетациялық кезеңде теңізге бөлек су лимитін белгілеп, «Фархад» су торабынан су жіберу мәселесін қарау қажет. Бұдан соң мемлекетаралық келісімді «кепілдендірілген келісім» статусына қою керек. Әйтпесе қазір келісім бар дейміз, алайда теңізге бөлінген лимиттің сақталуын бақылап отырған еш орган жоқ. Келесі кезекте «Қараөзек» арнасының бойындағы 3 су тоспаны қалпына келтіріп, ең бастысы – «Өңірлік дамыту және Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіру» жобасына Дүниежүзілік Банктің қайтарымсыз гранты есебінен 1,5 миллион АҚШ долларына Солтүстік Арал теңізінің аумағын ұлғайтуды қолға алған абзал екен.

Осы тұста Қызылорда облысының әкімдігі де назардан тыс қалмайтыны белгілі. Жергілікті билік теңіз үшін қолдан келгеннің бәрін жасап отыр. Негізі проблема бір облыстың аясында, халықаралық дәрежеде ғана шешімін табатынын жоғарыда айттық. Әйтпесе әкімдік жыл сайын Аралға құятын судың көлемін ұлғайтуға тырысып отыр. Мысалы, биыл қаңтар мен ақпанда теңізге 800 миллион текше метр су барған. Былтыр жыл бойы келген су көлемімен пара-пар. Арал теңізінің деңгейі 2022 жылдың қазан айымен салыстырғанда көктемде 48 сантиметрге артқан екен. Бұл да бір көңілге жұбаныш беретін тұсы.

«Осы уақытқа дейін Солтүстік Арал теңізіне жиналған су көлемі 27,0 млрд текше метрден, 18,5 млрд текше метрге азайып, су деңгейі 40,42 мБЖ (метр Балтық жүйесімен) дейін төмендеген болатын. 2022 жылдың қазан айынан бастап көктемге дейін теңіздегі су деңгейі 40,90 мБЖ (48 сантиметр) көтеріліп, жиналған су көлемі 19,7 млрд текше метрге ұлғайды», – деп жазылған Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының хабарламасында.

Түйіні жоқ талқы

Арал үшін қанша жиындар, халықаралық форумдар өткенін білмейміз, әйтеуір талқы аз болмады. Талай мамандар тартысты, пікірлесті, өз ойларын айтты. Бір ғана «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін қалпына келтіру» жобасы аясындағы пікірталас соңғы 18 жылдан бері толастамай келеді. Былтыр Дүниежүзілік Банк грантынан қаржы бөлінген жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін ирандық «Yekom Consulting Engineers» консультанттық компаниясы жеңіп алып, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетімен бірлесе дайындап жатқаны мәлім болған. Жобаға 190 млн АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлінеді деп күтілген. Жоба үш компоненттен тұрады. Біріншісі, Солтүстік Арал теңізі мен Сырдария бассейнінің су инфрақұрылымы мен гидрологиялық режимін жақсарту. Екінші компонентте Қызылорда облысының экономикалық, әлеуметтік және экологиялық әлеуетін арттыруға бағытталған бірқатар жобалар қамтылған. Ал үшінші компонент су ресурстарын тиімді басқару, техникалық және институционалдық даму бағдарламаларын дайындауды қамтиды. Бұған қоса, «Көкаралдың» 50 метрге дейін көтеру жайы айтылған. 2005 жылы салынған оның бөгеті қазір нашар екені айтылады. Ал келесі біреулер жанына өзге каналдар қазғанды құп көреді. Ақыры басқосуларда мәселенің түйіні табылмай, жоба кейінге ысырылды. Осы секілді талай дүниелер сөз болды, бірақ іске келгенде бір қайнауы кем секілді көрінеді. Өйткені 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджетте осы жобаны қаржыландыруға ақша қарастырылмаған.

«Былтырғы жиында көп нәрсе айтылғанымен, аяқсыз қалды деуге болады. Теңізді сақтап қалуда «Көкаралдың» маңызы зор. Сондықтан оны нығайтып, 50 метрдің шамасында көтерген абзал. Бірақ қарсы тарап «Көкаралға» емес, жанындағы ұсақ-түйек істерге назар аударды. Рас, 2005 жылға дейін теңізде су молайып, жағдай оңала бастаған. Алайда қазір Кіші Аралдың жайы мәз емес. Су үнемдеуге епсізбіз. Кезінде 48-50 миллиард текше метр шамасындағы су ұлы теңізге қарай ағып, тектен-тек құмға сіңген уақыт та болды», – деді табиғат жанашыры Сайлаубай Жұбатыров.

Күріштіктің келешегі қалай болмақ?

Өңіріміз басқадан бұрын күрішпен аты шыққаны белгілі. Жалпы, елімізде егіске берілетін судың 28 пайызын күріш алқабы қамтиды. Сырдың суының біраз бөлігін күріш тартып алатыны жасырын емес. Қызылорда облысы жыл сайын шамамен 90 мың гектарға жуық күріш егеді. Кеңес заманында 60 мың гектар шегінен аспаған. Егістікті көбейте беру бір зардабын тартқызбай қоймағанының көрінісі – осы. Бұл жайды Экология министрлігі де ұғынды. 2021 жылы ведомство 2030 жылға дейін Қызылорда, Алматы және Түркістан облыстарындағы күріш алқаптарын 29 мың гектарға азайтып, сол арқылы жыл сайын 1 текше шақырым суды үнемдеу туралы шешім қабылдаған. Өңірге белгілі табиғат жанашыры Сайлаубай Жұбатыров та осы көзқарасты құптайды.

«Биыл жыл басында теңіздегі судың біршама артқаны рас. Дегенмен сәуірде деңгейі қайта түсе бастады. Өткен ғасырдың 70-жылдары Аралда балық қырылып, кеме жүре алмаған еді. Сол қауіп енді Кіші Аралға төніп тұр. Жаһандық жылыну мен құрғақшылықтың белең ала бастағанын көзімізбен көріп отырмыз. Осы тұста теңізге тамшыдай болсын көмек ету үшін күріш алқаптарын азайту қажет-ақ. Әрине, күрішпен күн көретін адам көп, десек те оның орнына басқа да шаруашылықтарды дамытуға болады. Күріштің әр гектары өнімін бергенше 30-35 мың текше метр суды қабылдайды екен. Сонда қаншама суды шығындап жатқанымызды есептей берейік. Күріш егуді азайту қылмыс емес», – дейді ол.

Қорыта айтқанда, теңіздің тағдыры өңір халқын емес, адамзатты алаңдататын ахуал болып тұр. Әрине, атқарылып жатқан істер жетерлік. Еңбектің бәрін жоққа шығармаймыз. Әйтсе де, теңізді қалпына келтіруде өз алдына бөлек саясат керек екені аңғарылып тұр.
30 мамыр 2023 ж. 183 0