Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сүйінші, Теңіз-Анам келе жатыр!

Сүйінші, Теңіз-Анам келе жатыр!

Асығып жаңа өмірге толқын бесік,
Толқынмен берекелі бақ ілесіп.
Сүйінші, Теңіз-Анам келе жатыр!
Жып-жылы сағынышты самал есіп, – деп қасиетті Аралды жырға қосқан Мұрат Сыдық ағамыздың осы бір туындысын тағдырлы Аралдың тұтас гимні десе жарасқандай. Расында Аралдың толқыны кеше тулаған болса бүгінде бәрі басқаша. Мыңдаған метрге кері шегініп, келмеске көш түзеген Аралды әлі де туған перзенті аңсайды. Жоғарыда тізбектелген кестелі сөз соған дәлел.
Кешегі портқа балаңызды ертіп барып, «Бұл жерге кеме келген, жүк артып көш түзеген. Қайнаған қызу тіршілікке ілесіп балықшы аталарың бұл теңізде бейнет кешкен» десеңіз сенбеген болар еді. «Бәлду-бәлду бәрі өтірік» десе нанғандай-ақ. Ақиқаты сол, кешегі 50-60 жылдарға дейін Сырдария мен Амударияны қатар емген қарт Аралдың бүгінгі тағдыры аянышты халде. Міне, сол жылдардан бастап, сүрлеулі-соқпақты жолға түскен теңіз-ананың жағдайы біртіндеп нашарлай берді. Енді, міне, араға салған 60 жыл 60 ғасырдан әрі өмір сүрген теңізді тұзды суға айналдырды. Жағдай мұнша күрделене түсерін ойламаса керек-ті. Адамзат қолынан жасалған алапат катастрофаның зардабын бүгінге де тұтас дүние тартты. «Қайтсек теңізді қайта қалпына келтіреміз?» деген тағдырлы ой талай пенденің жарғақ құлағын жастыққа тигізбеді. Бұл жағдай әлем елдерінің назарына ілігіп, айдынды Арал осылайша ғалымдар мен экологтардың тәжірибе алаңына айналды. Ал солай болса да бұл Аралдың мүшкіл халінен бүгінгі елі ешқашан теріс айналмады. Ертеңіне алаңдаған ел арада осыншама уақыт өтсе де ата кәсіптен қол үзбей, теңізбен тілдесті, бірге күн кешті.
Тарихтың қатпарлы қырларында қалған Аралдың жағдайы бүгінге дейін әлем елдерінің назарында тұрғанмен, оған қатысты қандай да бір қадамның нәтиже берер түрі жоқ. Жабырқау көңілге жұбаныш болатын жылт еткен жылы хабар осыдан 15 жылдан әрі болған еді. Кіші Аралды сақтап қалу жобасы айтарлықтай нәтиже береді. Алайда ол тұтас теңізді сақтап қалуға қауқарсыз еді. Жағдайды бағамдап, осы кезге дейін дабыл қағып келген теңіз жанашырларының ендігі тілегі – теңізге түсетін судың қорын молайтып, құяр көздерді қайта калпына келтіру. Алайда бұл байламға қатысты дүдәмал болжамнан басқа дым айтылмай келеді. Жобаның екінші кезеңін бастандыру туралы болжамды деректер айтылуда. Алайда қаржы мәселесіндегі кедергілерге байланысты САРАТС жобасының екінші кезеңі нақты басталды деуге ертелеу болып тұр.
Жақында осы Аралға қатысты жақсы хабарды құлағымыз шалды. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, биылдың өзінде Арлға келіп құйылған судың мөлшері 2022 жылы құйылған судың көлемімен пара-пар екен. Бұл жақсы көрсеткіш. Тап осы қарқынмен теңізге су келетін болса, жыл бойы Аралға 5 миллиард текше метрге жуық су құйылады екен. Бұл шөліркеген теңіздің азда болса шөлін басуға себепші көрсеткіш. Жергілікті биліктің таратқан мәліметіне сәйкес, Арал теңізінің деңгейі жарты метрге жуық көтерілген. Яғни, 2023 жылдың екі айының өзінде Аралға 803 миллион текше метрге жуық су құйылған.
«Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Зейнулла Қазтоғанов хабарлағандай, осы уақытқа дейін Солтүстік Арал теңізіне жиналған су көлемі 27,0 млрд текше метрден, 18,5 млрд текше метрге азайып, су деңгейі 40,42 мБЖ (метр Балтық жүйесімен) дейін төмендеген болатын. 2022 жылдың қазан айынан бастап бүгінгі таңға теңіздегі су деңгейі 40,90 мБЖ (48 сантиметр) көтеріліп, жиналған су көлемі 19,7 млрд текше метрге ұлғайды», – деп жазылған Қызылорда облысы әкімдігінің хабарламасында.
Теңізін аңсаған елдің ендігі тілегі де осы болатын. Лайым жақсы жаңалықтың соңын жақсы ырымға балап жатырмыз. Расында да Теңіз-Ана қайтып оралар. Оған тілекші жұрттың ықылас-ниеті мен таза ниеті дәлел.
А. ҚАРАСАЙ
28 наурыз 2023 ж. 367 0