"САРАТС-қа" жан бітті

Сең жүретін уақытты сергелдеңге санаған балықшы қауым соңғы бір ай шамасында судан ауын, теңізден қайығын жағаға шығарды. Себебі абыржының уақытында теңізге мәлім жоқ. Табанда жел соғып, күн бұзылса ұстасқан мұздар ажырап, теңіз үстіндегі балықшы жұртқа қауіп төндіреді. Сондықтан бұл маусымда балықшыға маза керек. Бүгінде айдын беті айнадай. Қайық суға түскен шақ балықшы қауым үшін берекелі маусым болмақ. Сол маусымда тұрмыз. Бүгінде ау-құралын сайлап, жылымын майлаған балықшы бабаның ұрпақтары теңіз төсінде жүр. Су маржанын сүзіп, нәпақа айыруда. Мұның барлығы айдынды Аралдың қалыпты өмірі.
Өткен жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен Солтүстік Аралды сақтау жобасы қаржыландырылған болатын. Қазіргі таңда ғасыр жобасына айналған Көкарал бөгетінің гидроқұрылысын жөндеу жұмыстары басталып кеткен. Бұл бағытқа бүгінде 500 млн теңге қаржы бөлінген. Оған Қарашалаң көлінен 2 канал, Сарытерең көлінен 1 канал қазу жұмыстары басталып кетті. Алла сәтін салса, келер жылы жоба толықтай іске асырылады деп күтілуде. Күтілетін нәтиже де жоқ емес. Алдымен теңіздің тұздылығы төмендеп, су маржанының молаюына үлкен септігін тигізбек. Бұл – ата кәсіппен қауышқан балықшы қауымның қуанышы һәм берекесі мен мерекесі.
Иә, айдынды өлкенің айбынына айналған Арал теңізінің тағдырына алаңдаулы жұрттың қолға алған қай ісі де қайырлы. Ендігі тілек сол жұмыстар нәтиже беріп, теңіз кемеріне келсе дейміз. Ата кәсіптен ажырамаған ағайынның да тілегі сол.
А. ҚАРАСАЙ