Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Су тоспасына жаңа тыныс беретін құрылғы орнатылды

Су тоспасына жаңа тыныс беретін құрылғы орнатылды

«Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу»(САРАТС) жобасы десе, елең ете қалатын жұртшылық үшін тағы бір жағымды жаңалық жаңғырық берді. Елеңдеуге де себеп бар. Әрбір аралдықтың тағдыры қай кезден-ақ теңізбен тікелей байланысты. Балық шаруашылығының дамуына тікелей себепкер болып отырған теңіздің жағдайы халықтың тілеуіндегі бірденбір байлық.
Оңталап ЖОЛДАСОВ

Енді ақжолтай жаңалыққа тоқталып өтейік. Ғасыр жобасына баланған САРАТС жобасының аясында 2005 жылы Көкарал бөгеті салынып, 1 жылдың ішінде толықтай аяқталған болатын. Елбасының тікелей бастамасымен салынған 13 шақырымдық бөгет Кіші теңізді сақтап қалуға үлкен көмек болды. Соның нәтижесінде судың деңгейі көтеріліп, тұздылығы төмендеп, балық өрісі жанданды. Теңіз төскейіндегі халықтың игілігіне айналған теңіз айдынды өлкенің тұрғындарына ата кәсіппен қайта қауышуға зор мүмкіндіктер сыйлады.
Жалпы, бүгінде Арал балықшылары жылына жеті мың тоннадай балық аулап, оның екі мың тоннасын экспорттайды. Қазірде айдын 18 аумаққа бөлініп, табиғат пайдаланушыларға бөлініп берілген. Арал ауданында жылдық қуаттылығы 19 мың тонна балық өңдеуге қауқарлы 8 балық өңдеу зауыты бар. Зауыттар Қытай мен ТМД елдерінен бөлек, Еуропаға су маржанын саудалайды. Теңізге жылына он бес миллион дана шабақ жіберіледі. Бірақ Көкарал бөгеті арқылы мол сумен бірге балықтың ұлы теңізге қарай ауып кету мәселесі осы күнге дейін өзекті болып келген еді. Көптің көңілін күпті еткен бұл мәселені реттеу мақсатында Аралды құтқару қоры арқылы біршама жыл жұмыстар жасалып, нәтижесінде күні кеше Көкарал су тоспасында балықтарды тоспадан өткізбейтін гидроакустикалық құрылғы іске қосылды.
Көкарал бөгетіне балық қорғау құрылғысын орнату шарасына Германия Федеративтік Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Тило Клиннер және облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жақанов және сала мамандары қатысты.
– Табиғат – ортақ анамыз. Балықты аман сақтап қалу ісіне үлесіміз тисе, игі іс. Құрылғының қалай жұмыс істейтінін көрдім. Нәтижелі боларына сенемін, – деді Т.Клиннер.
Құрылғы балықты үркітетін дабыл арқылы жұмыс істейді. Яғни су астындағы дыбыс ұлғайтқыш колонналар балықтың сенсорлық органдарына әсер етеді. Бұл балықтарға еш зиянын келтірмейді. Ол тек қана төменгі жиілікте балықтардың үлкен-кішісін үркіту арқылы ол жерге жақындатпайтын болады.
Қосу тетігіне дейін 220 Вт электр қуаты келгенмен, судағы құрылғыға 12 Вт ток барады. Бұл өз кезегінде қауіпсіздікті нығайтады.
– Көкарал су тоспасынан теңізге кеткен балық – шығын. Ол тонналап кетіп жататын. Бұған дейін талай рет көтерілген мәселе еді. Мына құрылғының пайдасы зор. Бұдан бөлек, Ақбастыға қарай өзен-көлдер арнасына суды бағыттау арқылы мәселені шешуге болады. Бір жағынан балықшыларға аулайтын жер көбейеді, – дейді байырғы балық шаруашылығы министрі, мемлекет және қоғам қайраткері Құдайберген Саржанов.
20 маусым 2020 ж. 540 0