Неге әкесі тірі кісі бас ұстамайды?
Қазақтың тыйым сөзі – ұлттық тәрбие көзі. Ырым-тыйым көбінесе балаларды жаман әдеттен, жат пиғыл, ерсі қылық, әдепсіз істерден сақтандыруда маңызды рөл атқарады.
Осы орайда, этнограф Зейнеп Ахметованың халық арасында кең таралған тыйым сөздерге берген түсініктемесін оқырман назарына ұсынады.
«Әкесі тірі кісі бас ұстамайды»
Адамның Алладан кейінгі пірі – өзін өмірге әкелген ата-анасы. Қазақта әке – шаңырақтың тірегі, отбасының тұтқасы. Осындай алдыңда асқар таудай әке тұрғанда баласы бас ұстап, әкенің жолын кесуді ойына да алмаған, бұл – қазақтың ұғым-түсінігіне мүлде жат қылық. Тіпті өзі балалы-шағалы болса да, егер әкенің көзі тірі болса, бас ұстамайды. Қайта әкенің амандығын тілеп, өзінің әлі де әкелі «бала» екеніне шүкіршілік етеді.
Әке өмірден өткен жағдайда көрші-көлем, дос-жаран марқұмның қырқы өткен соң қаралы үйдің қамкөңіл адамдарын қонаққа шақырады. Оны бір жерде – «көңілшай», тағы бір өңірде «жұбату шай» немесе «еңсе көтеру» деп те атайды. Қалай аталса да, басқаның қайғы-қуанышын көтерісе білетін көңілге қарағыш халқымыздың бұл да бір текті ғұрпы. Осындай қонақтықта жөн білетін үлкен кісілердің бірі ұлына: «Қарағым, енді әкеңнің орнын жоқтатпай шаңыраққа ие болатын сенсің. Отбасыңның береке-құтын жұтатпай үй ішіңе қамқор бол, әкеңнің түтінін түзу шығаруыңа Алла нәсіп етсін!» – деген секілді тілектерді айтып, алдына бас тартады. Бұл – тек бас мүжу емес, азаматқа жүктелген үлкен міндет.
turkystan.kz