МӘМС: Қызметкерлер мен жұмыс берушілер төлем жасаған кезде ескеретін жағдайлар
Халықтың экономикалық белсенді бөлігі - МӘМС үшін төлем жасайды және оның айтарлықтай үлесін жұмыс берушілер мен қызметкерлер құрайды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Бақыт Исмаханбетов жұмыс істейтін азаматтардың сақтандыру мәртебесін ала алмауы бойынша жиі қойылатын сұрақтар мен жағдайларға жауап берді.
Жалдамалы қызметкерлер мен жұмыс берушілер МӘМС төлемдері бойынша нені білу керек?
Қызметкер үшін төлемнің екі түрі түседі:
1)аударымдар – жұмыс беруші өз қаражаты есебінен төлейді. 2023 жылы оның мөлшері қызметкер жалақысының 3 пайызын құрайды. Аударымдардың ең жоғары мөлшері 10 ЕТЖ-ның 3%-нан аспауы керек (3%*10*70000=21000 теңге);
2)жарналар – жұмыс беруші қызметкердің жалақысынан 2% ұстайды. Бұл ретте аударымдардың ең жоғары мөлшері 10 ЕТЖ-ның 2%-нан аспауы тиіс (2%*10*70000=14000 теңге).
Айта кету керек, жұмыс беруші қызметкерді МӘМС-ға төленетін жарналар мен аударымдар туралы хабардар етуге міндетті.
Төлемді банктің кез келген бөлімшесі арқылы келесі шотқа төлеуге болады:
KZ92009MEDS368609103
БСН 160440007161
БСК GCVPKZ2A
Төлем тағайындау коды – 121 (аударымдар), 122 (жарналар).
Төменде біз жиі қойылатын сұрақтарға жауапты ұсынамыз.
1.Мүгедектігі бар қызметкерден жарналар ұсталына ма?
Сұрақ: Біз шағын жеке фирмамыз. Аяғында кемістігі бар ресми мүгедектігі бар программистті жұмысқа қабылдадық. Біз ол үшін аударымдарды төлеп, жалақысынан МӘМС жарнасын ұстауымыз керек пе?
Жауап: Мүгедектігі бар адамдар үшін МӘМС жарналарын мемлекет төлейді, себебі олар халықтың 15 жеңілдік санатына кіреді. Демек, жұмыс беруші олар үшін аударымдарды төлемейді және жарналарды ұстамайды.
Сонымен қатар, жұмыс беруші қызметкерлердің келесі санаттары үшін МӘМС төлемдерін аудармайды:
-Балалар
-Зейнетақы жарналарын алушылар
-«Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар
- Мүгедектігі бар адамдар
- Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын адамдар
- Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға, баланы (балаларды) үш жасқа толғанға дейін күтуге байланысты демалыстағы адамдар.
2.Жұмысқа жақында орналасса, қалай төлем жасайды?
Сұрақ: Мен 2022 жылдың қыркүйегінде жұмысқа тұрдым. Оған дейін ресми түрде екі жыл жұмыс істемедім. Жұмыс беруші мен үшін МӘМС аударымдары мен жарналарын үзбей төлейді. Жақында емханаға барсам, мәртебең «сақтандырылмаған» деді. Мен үшін төлемдер жүргізіліп жатса, неге мәртебем жоқ? Оны қалай алуға болады?
Жауап: Сіз екі жыл жұмыс істемедім дедіңіз, яғни осы кезде МӘМС-ға жарна төлемеген сияқтысыз. Заң бойынша, «САҚТАНДЫРЫЛҒАН» мәртебесі өткен немесе алдағы 12 ай үшін төлем жасалған кезде беріледі.
Қазір сіз жұмыс істейсіз және ай сайын түсімдер болғандықтан, алдағы бір жылға төлем жасай алмайсыз. Сіздің жағдайда өткізіп алған кезеңдерге жарна төлеу керек, бірақ ол соңғы 12 айдан аспауы тиіс. Дербес төлеуші ретінде, яғни 2022 жылғы сәуір, мамыр, маусым, шілде, тамыз айлары үшін жеке-жеке 3000 теңгеден (2022 жылғы жарна мөлшері) төлем жасау қажет. Әрі қарай, жұмыс беруші аударған төлемдер көрсетіледі. Өткізіп алған кезеңдер үшін төлем жасаған соң, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы төлемдерді өңдегеннен кейін сізге мәртебе 2-3 күн ішінде беріледі.
3.Жұмыс беруші жарналар мен аударымдарды төлемейді
Сұрақ: Мен жекеменшік жұмыста істеймін. Бірақ онда мен үшін тиісті жарналар мен аударымдар жасалмайды. Қазір маған МӘМС пакетіне кіретін медициналық көмекті шұғыл алу қажет. Не істеу керек?
Жауап: Егер жұмыс беруші сіз үшін міндетті тұрақты жарналар мен аударымдарды жасамаса, онда ол еңбек, әлеуметтік және салық саласындағы заңнаманы бұзған болып есептеледі. Бұл үшін жауапкершілік қарастырылған.
МӘМС аясында медициналық көмек алу үшін сіздің «САҚТАНДЫРЫЛҒАН» мәртебеңіз болуы керек. Сіз оны өткен 12 айға немесе алдағы 12 ай үшін жарналарды төлеу арқылы ала аласыз. Әр айға жеке жеке төлем жасау керек. Осы ретте ескеретін жайт, дербес төлеушілер 2022 жылы МӘМС үшін 3 000 теңге, 2023 жылы ең төменгі жалақы мөлшерінің ұлғаюына байланысты 3 500 теңге төлейтінін ескеріңіз.
4.Көп балалы анадан жарналарды ұстай ма?
Сұрақ: 5 баласы бар әйел кәсіпорында жұмыс істейді. Бірақ оның медальдері жоқ. Есепші көп балалы ана ретінде оның жалақысынан жарналарды ұстап қалуы керек пе?
Жауап: Жұмыс беруші жеңілдікті санаттарға кіретін қызметкерлер үшін, оның ішінде «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар үшін жарналар мен аударымдарды төлемейді.
Егер бұл қызметкердің осындай марапаттары болмаса, МӘМС төлемдерінен босатылмайды. Сондықтан жұмыс беруші ол үшін жарналарды (жалақысынан ұстап қалу арқылы) және аударымдарды (өз қаражаты есебінен) заңнама талап еткендей төлейді.
5.Күндізгі оқу нысанында оқып, жұмыс істейтін студенттен жарналарды ұстау керек пе?
Сұрақ: Мен күндізгі оқу бөлімінде оқимын және кафеге жұмысқа тұрдым. Менің жалақымнан МӘМС жарналары ұсталынды. Бірақ мен онсыз да сақтандырылғанымды білемін. Себебі, мен үшін мемлекет жарна төлейді. Жұмыс беруші дұрыс істеп отыр ма?
Жауап: Сіз дұрыс айтасыз. Егер күндізгі бөлімде оқитын студент болсаңыз жеңілдік санатына кіресіз және мемлекет сіз үшін МӘМС жарналарын төлейді. Сол себепті жұмыс беруші сіздің жалақыңыздан ұстап қалмауы тиіс. Сіз жұмысыңызға оқу орныңыздан оқу кезеңін көрсететін анықтама әкеліп бере аласыз.
6.Жалдамалы жұмыскердің мәртебесі қанша уақытқа дейін сақталады?
Сұрақ: Біздің жұмысымызда барлық міндетті төлемдер кешіктіріліп төленеді. Мысалы, наурыз айы үшін тек сәуірде түседі. Сұрайын дегенім ай сайын уақытында төленбесе, мәртебем сақтала ма?
Жауап: Сіз бірыңғай жиынтық төлем туралы естіген шығарсыз. Иә, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар БЖТ-ны уақытылы төлеуі керек. Себебі келесі айға төлем жасалмаған жағдайда мәртебесінен айрылады. Азаматтар бұл төлем түрін өткен айларға төлей алмайды.
Қызметкерлерге арналған жарналарға келетін болсақ, олар (БЖТ-ны қоспағанда, төлеушілердің басқа санаттары сияқты) соңғы төлем күнінен бастап 3 ай бойы сақталады. Егер жұмыс беруші ақпан айына жарна төлеген болса, онда сіздің МӘМС жүйесіндегі мәртебеңіз шартты түрде мамырға дейін сақталады. Осы уақыт аралығында жұмыс беруші ҚР заңнамасында көзделген төлемдерді жүзеге асыра алады. Осылайша, сәуір айында наурыз айындағы жарналарды төлеген кезде мәртебеге әсер етпейді.
7.Екі жұмыс орнынан жарналар қалай есептеледі?
Сұрақ: Егер азамат екі жерде жұмыс жасаса, онда МӘМС жарналарын екі ұйымның бухгалтері де ұстауы керек пе? Бірақ біз жұмыскердің басқа жердегі жалақы мөлшерін білмейміз, сондықтан жарналар мен аударымдар мөлшері шектен асып кетуі мүмкін. Мұндай жағдайда не істеу керек?
Жауап: Дұрыс, МӘМС-ке қызметкер үшін аударымдар (жұмыс берушінің қаражаты есебінен) әрбір жұмыс орнынан жүргізілуі тиіс. Бірақ әр жұмыс орнынан төленетін сома айына 21 000 теңгеден (10 ЕТЖ-дан 3%) аспауы тиіс. Қызметкердің жалақысынан ұсталатын жарналарға келер болсақ, қанша жұмыста істесе де, жалпы сомасы 14 000 теңгеден аспауы қажет (10 еселенген ЕТЖ-дан 2%).
Қызметкер сізге басқа жұмыс орнынан жалақы туралы анықтама әкеліп беруі керек. Мысалы, егер ол бірінші ұйымнан 450 000 теңге, ал сізде 350 000 теңге алатын болса, онда сіз тек 250 000 теңгеден жарна есептейсіз (700 000 – 450 000 = 250 000). Егер жалпы табыс 700 000 теңгеден аз болса, онда әрбір ұйымдағы жалақының толық мөлшерінен есептеледі.
8.Ұзақ демалыста болған кезде «сақтандырылған» мәртебесін қалай жоғалтпауға болады?
Сұрақ: Ресми түрде жұмысқа орналасқанмын. 56 күнге ұзақ демалысқа шықтым. Бухгалтер барлық аударымдарды бір рет төлейді, ал келесі ай үшін менде көрсеткіш бос болады. МӘМС аясында сақтандырылған болып қалу үшін не істеу керек?
Жауап: Сіздің жұмыс берушіңіз МӘМС төлемдерін дұрыс бөлуі қажет. Егер демалыс бір айдан асатын болса, МӘМС үшін төлемдерді кезеңдерге бөлу қажет.
Мысалы, жұмыскер сәуір мен мамыр айларында демалыста болса, бухгалтер төлемдерді екі кезеңге бөлуі керек: жарналардың бір бөлігін наурыз айына және бір бөлігін сәуірге төлеуі тиіс. Аударымдар да дәл осылай жүргізілуі керек.
9.Жұмыс істейтін жүкті әйелдер мәртебені қалай алады?
Сұрақ: Жүкті әйел ресми түрде 2023 жылдың қаңтарынан бастап жұмыс істейді. Бұған дейін жарналарды төлемеген. Қазір ол сақтандырылмағандықтан есепке тұра алмайды. Не істеу керек?
Жауап: «САҚТАНДЫРЫЛҒАН» мәртебесін алу үшін бұл әйел соңғы 12 айдағы өткізіп алған кезеңдер үшін дербес төлеуші ретінде жарналарды төлеуі керек. Егер жұмыс беруші 2023 жылғы қаңтардан наурызға дейін төлемдер жасаған болса, онда оған 2022 жылғы сәуірден желтоқсанға дейін 3000 теңгеден (2022 жылғы жарналар мөлшері) әр айға жеке жеке төлем жасау қажет.
Бұл жүкті әйел жұмыс істейтін болғандықтан, жеңілдікті санатқа кірмейді.
10.Жұмыстан шығып кетсе, мәртебені қалай сақтауға болады?
Сұрақ: Мен ақпан айында жұмыстан шығып кеттім. Бұрын мен үшін барлық төлемдер жасалған. Сақтандырылған болып қалу үшін өзім жарналарды төлей бере аламын ба?
Жауап: Сақтандырылған мәртебесінен айрылмау үшін және МӘМС аясында медициналық көмек алу үшін МӘМС төлемдері міндетті болып табылады. Сондықтан, егер сіз жұмыстан шығып кеткен болсаңыз, дербес төлеуші ретінде – айына 3500 теңгеден немесе бірыңғай жиынтық төлемді (БЖТ) төлеуші ретінде МӘМС жарналарына төлем жасауды жалғастыруыңыз қажет. БЖТ мөлшері адамның тұрғылықты жеріне байланысты өзгереді. Егер облыстық, республикалық маңызы бар қалада немесе астанада тұрса, 2023 жылы 1 АЕК немесе 3063 теңге төлеу керек. Қалған елді мекендердің тұрғындары 0,5 АЕК немесе 1725 теңге төлейді.
Бұл азамат жұмысқа орналасқан кезде, жұмыс беруші әрі қарай жарналар мен аударымдарды төлейтін болады. Осылайша ол қарыздың пайда болуына жол бермейді және өз мәртебесін сақтап қалады.
Егер сіздің тағы да сұрақтарыңыз» болса немесе медициналық көмек алуда қиындықтар туындаса, өз емханаңыздағы «Пациенттерді қолдау қызметіне» жүгініңіз.
•fms.kz ресми сайты,
•1406 байланыс орталығы,
•Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы
•Telegramдағы SaqtandyryBot арқылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру Қорына жүгінуге және сақтандыру мәртебесін тексеруге болады.
Сондай-ақ, ҚР электрондық үкіметінің egov.kz сайтындағы «Денсаулық сақтау» бөлімінде «Медициналық қызметтерді тұтынушы ретінде қатысу туралы және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі аударымдардың және (немесе) жарналардың аударылған сомалары туралы ақпарат беру» мемлекеттік қызметі арқылы медициналық сақтандыру жүйесіндегі өз мәртебеңізді тексеруге және жүргізілген төлемдер туралы білуге болады.