Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » МӘМС-2023: кім қанша төлейді?

МӘМС-2023: кім қанша төлейді?

Ең төменгі күнкөріс деңгейі мен айлық есептік көрсеткіш мөлшері инфляцияның болжамды деңгейін ескеріп, жыл сайын белгіленеді. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалында МӘМС үшін кімге қанша төлеу керектігі түсіндірілді.

Филиал директоры Бақыт Исмаханбетовтың айтуынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға төлейтін жарналар мен аударымдар көлемі МӘМС туралы заңда бекітілген және ағымдағы жылы өзгеріссіз қалды. Ал ең төменгі жалақы және айлық есептік көрсеткіш базалық әлеуметтік төлемдерінің мөлшері өсуіне байланысты дербес төлеушілер мен жеке кәсіпкерлер төлейтін жарна көлемі артты.

2023 ЖЫЛЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ҮШІН КІМ ҚАНША ТӨЛЕЙДІ?

Жұмыс берушілер қызметкерлері үшін – жалақының 3% мөлшерінде төлейді. Алайда салық салынатын табыс 10 АЕК (700 000 теңге) аспауы керек, яғни жұмыс берушінің ақша аударымының ең жоғары сомасы 21 000 теңгені құрайды.
Қызметкерлер және АҚС шарты бойынша жұмыс істейтіндер - табысының 2% төлейді. Бұл жерде салық салу объектісі 10 ЕТЖ аспайды, ақша аударымының ең жоғары сомасы 14 000 теңгені құрайды.
Жеке кәсіпкерлер - ЕТЖ-ның 1,4 еселенген мөлшерінің 5%-ы немесе 4 900 теңге төлейді.
Өзін-өзі жұмыспен қамтыға азаматтар (БЖТ төлеушілер):
- Республикалық және облыстық маңызы бар қалалардың тұрғындары үшін БЖТ көлемі 1 АЕК құрайды, яғни 3 450 теңге.
- Қалған елді мекендердің тұрғындары үшін БЖТ көлемі 0,5 АЕК құрайды, яғни 1 725 теңге.
Дербес төлеушілер – 1 ЕТЖ 5% немесе 3 500 теңге
Сондай-ақ, 2023 жылдан бастап арнайы салық режимдерін қолданатын микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін бірыңғай төлем енгізілді. Осы әдіс бойынша барлық міндетті төлемдердің мөлшері жұмыс берушілер үшін 15%, ал қызметкерлер үшін бірыңғай төлем мөлшерлемесінің 10% құрайды. Бұл ретте төлем есептелетін ең жоғары айлық табыс республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі жалақының 10 еселенген мөлшерінен аспауы тиіс.
Бұдан бөлек, мемлекет 15 жеңілдік санатына кіретін азаматтар үшін төлем жасауды жалғастырады. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеңілдік санатындағы әр адамға жарна мөлшері 4 505,6 теңгені құрайды.
Бақыт Исмаханбетов сақтандырылмаған азаматтар МӘМС жүйесінің қатысушысы болу үшін ыңғайлы әрі тиімді тәсіл – дербес төлеуші ретінде алдағы 12 айға жарна төлеуге болатынын атап өтті. Мысалы, 2023 жылдың қаңтарынан бастап сақтандыру мәртебесін алу үшін 2023 жылдың қаңтарынан желтоқсанға дейінгі әр айға жеке-жеке 3 500 теңгеден төлем жасау керек.
ЕСЕПШІЛЕРДІҢ НАЗАРЫНА!

Көпшілік екі жерде жұмыс істейтін қызметкердің жарналар мен аударымдар мөлшерін шекті максимумды қолдана отырып, жалпы кірістен немесе олардың әрқайсысынан түсетін табысты жеке-жеке есептеу керек пе деген сұрақ қояды.
Мысалмен түсіндірейік. Қызметкердің бір ұйымдағы жалақысы 500 000 теңге, ал екіншісінде – 300 000 теңге делік. МӘМС туралы заңға сәйкес, жарналар мен аударымдарды есептеу үшін ай сайынғы табыс 10 АЕК аспауы тиіс. (10 * 70 000 = 700 000 теңге).
Бұл ретте аударымдарды есептеу үшін осы шек әрбір жұмыс беруші бойынша жеке қолданылады (яғни бір жұмыс орнындағы шекті табыс). Қарастырылып отырған мысалда бірінші және екінші ұйымдағы қызметкердің жалақысын жеке-жеке есептегенде 10 АЕК аспайды: 500 000 теңге < 700 000 теңге; 300 000 теңге < 700 000 теңге. Демек аударымдар жалақының толық мөлшеріне сәйкес есептеледі: 500 000 теңге * 3% = 15 000 теңге (бірінші жұмыс орнынан МӘМС-ке аударымдар); 300 000 теңге * 3% = 9 000 теңге (екінші жұмыс орнынан МӘМС-ке аударымдар).
Ал жарналарды есептеу үшін қызметкердің бір айдағы барлық кірістерін қосуыңыз керек (яғни жалпы барлық жұмыс берушілер бойынша). Қарастырылып отырған мысалда қызметкердің екі жұмыс орнынан түскен жалпы табысы 10 АЕК асып түседі (500 000 + 300 000 = 800 000 теңге). Демек, жарналардың мөлшері жалпы алғанда 14 000 теңгеден аспауы тиіс. Сонымен, 500 000 * 2% = 10 000 теңге (бірінші жұмыс орнынан МӘМС жарнасы). Ал екінші жұмыс орнынан МӘМС жарнасы: ең жоғары рұқсат етілген жарна 14 000 теңгені құрайды – 10 000 (бірінші жұмыс орнынан ұсталған жарна) = 4 000 теңге. Екінші жұмыс беруші жарна мөлшерін дұрыс есептеуі үшін қызметкер оған аударылған жарналар туралы бірінші жұмыс орнынан анықтама апаруы керек. Бұл анықтама берілмеген жағдайда, екінші жұмыс беруші жарнаны толық көлемде төлейді, яғни 300 000 * 2% = 6 000 теңге. Нәтижесінде екі жұмыс орнынан төленген жарналар 16 000 теңгені құрайды. Алайда артық төленген қаражат (рұқсат етілген ең жоғары жарнадан жоғары) қайтарылады: 16 000 – 14 000 = 2 000 теңге.

Егер сізде тағы сұрақтар туындаса, өз емханаңыздағы Пациенттерді қолдау қызметіне жүгіне аласыз. Ал ол жерден мардымды жауап ала алмасаңыз, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының келесі байланыс арналары арқылы өтініш жібере аласыз: fms.kz ресми сайты, 1406 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және Telegramдағы SaqtandyryBot. Осы құралдар сақтандыру мәртебесін тексеруге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, egov.kz ҚР электрондық үкіметінің сайтында "Денсаулық сақтау" бөлімінде медициналық сақтандыру жүйесіндегі өз мәртебеңізді тексеріп, жүргізілген төлемдер туралы "Медициналық қызметтер туралы және МӘМС-ке аударылған сомалар туралы ақпарат" мемлекеттік қызметі арқылы білуге болады.

Фото: islam.kz
16 қаңтар 2023 ж. 389 0