Бас мүфти марқұмдардың рухына Құран хатым дұғасын бағыштады
Бүгін елімізде жарияланған Жалпыұлттық аза тұту күніне орай ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен барлық мешітте Құран хатым дұғасы жасалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сауапты шараға еліміздің барлық өңірлеріндегі құлшылық ордалары да үн қосып, бүгін бір мезетте қайғылы оқиғада қаза тапқандардың рухына Құран бағышталды.
Елорда төріндегі «Әзірет Сұлтан» мешітінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған дін қызметкерлері Құран хатым дұғасына қатысып, алапат өрт салдарынан қайтыс болған мұсылмандар рухына Құран бағыштады. Мемлекетіміздің Көкбайрағы төмен түсіріліп, күллі Қазақстан халқы қайғыға шомған азалы күнде марқұмдардардың артында қалған туыстары мен жақындарына көркем сабыр сұрап, Жаратушы Алладан жақсылық тіледі.
Бүгін Жалпыұлттық аза тұту күнінде марқұм болған мұсылман жандардың рухына арнайы Құран хатым дұғасын бағыштадық. Алла қабыл етсін! Тілсіз жаудан қаза тапқан азаматтарды Алла мейіріміне алғай. Қиын сәтте әр азамат бірлігін танытып, өз тарапынан қолдау көрсетуде. Біз, дін қызметкерлері де күн сайын дұға жасаудамыз. Сонымен қатар ҚМДБ жанындағы «Зекет және қайырымдылық» қоры апат болған орында қайырымдылық іс-шараларды жүзеге асыруда, – деп атап өтті Бас мүфти сауапты шарадан соң тілшілер қауымына берген сұхбатында.