Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Саумал қандай ауруларға ем?

Саумал қандай ауруларға ем?

Саумал метаболизмді қалыпқа келтіруге, суық тию мен тұмаудың алдын алуға және қатерлі ісік ауруларына ем. Бұл туралы дәрігер-терапевт Анар Секербекова жазды.

«Саумал – жеңіл қорытылатын белсенді биологиялық өнім. Құрамында белок, амин қышқылы, тез еритін май, оттегі және организмге керек кальций, натрий, фосфор, калий, темір, магний, бром сияқты минералдар, С, А, В1, В2, В6, В12, Е, РР дәрумендері бар. Жалпы, саумалдың құрамында 80-ге жуық биологиялық белсенді қоспа бар екендігі анықталып отыр.

Ол ағзаға сіңірілу кезінде, ас қорыту процесіне қатысатын органдарға (асқазан, ұйқы безі, бауыр, ішек) үлкен жүктеме жасамайды. Сондықтан, дененің қалыпқа келу процесін жылдамдатады», – дейді дәргер.

Оның айтуынша, ол иммундық жүйенің қызметін және қан айналымын жақсартады. Сондай-ақ, асқазанның ойық жарасын да емдеуге болады.

«Бие сүтінде көптеген дәрумендер, микроэлементтер және басқа да биологиялық белсенді заттар бар. Айта кету керек, бұндағы кейбір микроэлементтер, басқа сүт өнімдерінде кездеспейді. Ал құрамындағы С дәруменінің мөлшері, сиырдың сүтінен 7 есе жоғары», – дейді А. Секербекова.

Дәрігер саумалды күніне 4-5 рет, тамақтанудың алдында 20-30 минут бұрын, 250 милиграммнан ішкен абзал екенін атап өтті.

«Осылай жалғасса бір аптадан кейін, адамның көңілі көтеріліп, ұйқысы жақсарып және тәбеті ашылады. Емделу уақыты – 1 ай. Бие сүті сауылғаннан кейін 3 сағаттың ішінде негізгі қасиеттерін жоғалтады. Бірақ саумалды мұздату арқылы «өмірін» ұзартуға болады. Сол уақытта табиғи өнім барлық биологиялық белсенді компоненттер мен дәрумендерін сақтайды», – деді ол.

turkystan.kz
19 маусым 2023 ж. 287 0