Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Қазфосфат" Арал экологиясын жақсартуға көмектеседі

"Қазфосфат" Арал экологиясын жақсартуға көмектеседі

Арал қасіреті көптеген жылдар бойы бүкіл Орталық Азия аймағының экологиясы мен климатына әсер етуде. Жалаңаш теңіз түбінен ескен желдер көп мөлшерде тұзды шаңды, құмды және химиялық ластаушы заттарды жүздеген шақырымға апарып, экологиялық жағдайды нашарлатуда.
«Казфосфат» ЖШС бас директоры, жерлесіміз Ғани Тоқсанбаев пен Аралды құтқару халықаралық қорының Қазақстан Республикасындағы Атқарушы дирекциясының директоры Болат Бекнияз арасында кездесу өтіп, онда тараптар «Арал теңізінің тартылған жеріндегі тәжірибелік алаңдарында фосфогипсті пайдалану бойынша бірлескен зерттеулер жүргізу туралы» жобасын іске асыру бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Келісімге қол қоймас бұрын үлкен ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Оның аясында осы жылдың мамыр айында Аралды құтқару халықаралық қорының Қазақстан Республикасындағы Атқарушы дирекциясының ғылыми тобы, АҚШ Бас консулы Кэроллайн Сейдж, Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Джун Ямада, ДДҰ Еуропалық аймақтық бюросының директоры – Ханс Клюге, USAID миссиясы директорының орынбасары Луис Ривера және т.б. қатысуымен Арал теңізінің тартылған бөлігінде экспедиция өтті.
Аралды құтқару халықаралық қорының Қазақстандағы Атқарушы дирекциясының ұйымдастыруымен ағымдағы жылдың 25-26 мамырында Қызылорда қаласында жыл сайынғы конференция да Арал экологиясын жақсарту тақырыбына арналды. Оған «Казфосфат» компаниясы донор ретінде арнайы шақырылған болатын.
Осы конференция барысында «Қазфосфат» ЖШС директорының кеңесшісі Ербол Құлжабаев 2023-2024 жылдар аралығында сексеуіл және басқа да өсімдіктердің тіршілігін арттыру мақсатында химиялық мелиорант – фосфогипсті Аралдың тартылған бөлігінде қолдану мүмкіндігін зерттеу бойынша жұмыстарды жүргізуді ұсынды. Жоба фосфогипсті пайдалана отырып, Арал теңізінің экологиясы мен топырақ ресурстарын жақсарту бойынша жұмыстарды жүзеге асыруға бағытталған. Бұл тыңайтқыштар өндірісінде жанама өнім ретінде түзілетін кальций сульфаты гидраты. Аталған өнім топырақтың құнарлылығын тиімді қалпына келтіріп, тұздылықты азайта алады.
Айта кетерлігі, соңғы бірнеше жылда «Казфосфат» отандық жетекші ғылыми-зерттеу институттарымен бірлесе отырып, фосфогипсті ауыл шаруашылығында мелиорант ретінде пайдалану жөнінде елеулі ғылыми зерттеулер жүргізіп келеді. Бұл зерттеулер фосфогипстің топырақтағы қышқыл тұздарды бейтараптандыруға оң әсерін тигізетінін және ең бастысы топырақ қабатындағы ылғалды әлдеқайда ұзақ сақтау қабілетін арттыратынын көрсетті. Ал ондағы кальций мен фосфор қалдықтары топырақты пайдалы элементтермен байытады. Арал теңізі жағдайында бұл көрсеткіштердің барлығы сексеуілдің өмір сүру деңгейін 20–30%-дан 70–80%-ға дейін арттыруы мүмкін.
«Казфосфат» ғылыми-зерттеу жұмыстарына қажетті көлемге қарай Арал теңізіне 500-ден 1000 тоннаға дейін фосфогипс жеткізуге қаржы бөледі. Егер ғылыми-зерттеу жұмыстары нәтижелі болса, онда фосфогипстің үлкен көлемін тасымалдау өте қомақты қаражатты қажет етеді. Яғни 1 гектар аумақ үшін 10-нан 30 тоннаға дейін (топырақ қабатының тұздылығына байланысты), сәйкесінше, 10 мың гектарға 300 мың тоннаға дейін фосфогипс қажет болады дейді мамандар.
Мұндай қомақты көлемді «Казфосфат» мекемесі тегін тиеп, жөнелтуге дайын. Алайда, теміржол көлігімен жүкті орнында түсіріп, тасымалдау 5-6 миллиард теңгені құрайды екен. Ал компания мұндай шығындарды көтере алмайтынын айтуда. Осы орайда Арал теңізіне қажетті фосфогипсті жеткізу мақсатында аталған компания үкімет пен халықаралық қорларға үндеу дайындамақ.
"Толқын" ақпарат
04 шілде 2023 ж. 185 0