Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Күн тию мен ыстық өтуден қалай сақтану керек?

Күн тию мен ыстық өтуден қалай сақтану керек?

Көктем-жаз мезгілдерінде адамдар сыртта көп жүрсе, басына күн тиіп, ыстық өткізіп алуы мүмкін. Мұндай жағдай болмауы үшін не істеу керек? Алғашқы көмек қандай болуы қажет?

 Назарларыңызға төтенше жағдайлар мамандарының кеңесін ұсынамыз.Ыстық өту адам ағзасына ыстық ауаның және инфрақызыл сәуленің түсуінен туындайды. Ол ыстық ауа райында, Күн сәулесінің астында өте көп уақыт жүргенде пайда болады.
Күн тию – Күн сәулесінің адамның миына әсер етуі. Мұндай зақымдану құрылысшы немесе ауыл шаруашылығы мамандары сияқты ашық аспан астында жұмыс істейтін адамдарда болуы мүмкін.
Күн тию мен ыстық өтудің белгілері:
– самайдың тамыр соғысын сезуі;
– терінің, әсіресе, беттің қызаруы;
– жүрек соғысы жиілігінің минутына 100 немесе одан да көп болуы.
Сонымен қатар:
– әлсіздік, ұйқышылдық;
– бастың айналуы;
– құлақта түрлі шудың болуы;
– жүрек айнуы;
– құсу.
Дене температурасы ыстық өту кезінде 40 градусқа дейін жетеді. Ең ауыр жағдайда зардап шегуші есінен айырылуы мүмкін.
Күн тиген және ыстық өткен адамға арналған алғашқы көмек
 
  • Зардап шегушіге қолайлы жағдай жасау: көлеңкедегі салқын жерге апарып, белдігін, жағасын, галстугын, аяқкиімін шешіңіз. Желдеткішті немесе кондиционерді қосыңыз, болмаған жағдайда қолдан желдеткіш жасаңыз.
  • Ағзаны тез салқындату: зардап шегушіні салқын ваннаға апарыңыз немесе дымқыл орамалмен ораңыз. Жылып кеткен орамалды ауыстырып отырыңыз. Басына, алақанына, шабы мен қолтығына мұз немесе дәрі қобдишасындағы термопакетті салу керек. Бұл жағдайда мұздатқыштағы көкөністі де пайдалануға болады. Адам ағзасын кем дегенде 38,5 градусқа дейін салқындатсаңыз, ары қарай ол өзі күреседі.
  • Зардап шегуші жоғалтқан сұйық мөлшерін қалпына келтіру. Минерал сусын, дәрі қобдишасындағы арнайы ұнтақталған тұзды ертінділерді: регидрон, оралит немесе лимон қосылған тәтті шай ішу керек. Қажет болған жағдайда қолдан дем алдыруға және массаж жасауға дайын болыңыз. Жаныңызда аммиак ерітіндісі болғаны жөн. Жәбірленушіге аса қауіп төніп тұрмаса да, ауруханаға жеткізуіңіз немесе “103” қызметіне қоңырау шалуыңыз қажет.
Күн тимеуі үші не істеу керек?
 
  • Күн ыстық кезде арнайы киім мен баскиім киіп жүрген жөн.
  • Ыстықта жұмыс істейтіндер сұйықты көп ішуі тиіс және басшылық оларға ауызсу беріп отыруы керек.
  • Ыстықта адам ағзасы көп мөлшерде сұйық жоғалтып, нәтижесінде қан қоюланады. Бұл жағдай жылу реттеудің бұзылысына ғана емес, инсульт пен инфарктқа да душар етуі мүмкін. Ағзадағы тұз балансын реттеу үшін минерал су немесе арнайы тұзды ерітіндіні ішу қажет.
  • Ыстықта және Күн астында жұмыс істегенде жүйелі түрде үзіліс жасап отыру керек. Ол үшін орынжайды салқындатқыш құралмен жабдықтау керек.
kyzylorda-news.kz​​​
08 шілде 2023 ж. 158 0