Тазалықты өзімізден бастаған абзал
Жаз шықса жиі айталатын тақырыптың бірі – тазалық мәселесі. Еріккеннен қозғалатын дүние емес. Керісінше үздіксіз айтылуы қажет мәселе. Меселе деуге әбден жарасарлықтай. Өйткені біз жауапкершілікті сезінбесек, жағдай бұдан да қиындай түсері анық.
Бұл қиындықты бүгінде көріп те келеміз. Әсіресе қаланың шеткі аумақтарында тұратын тұрғындар үшін бұл үлкен мәселеге айналған. Аралдың табиғаты бесенеден белгілі. Жаз шықса жел көтеріліп, желмен бірге жалба көкке ұшатын бұл мезгілде тазалыққа салғырт қарайтын жандардың кесірінен сол шеткі аймақтың азаматтары көп зардап шегеді. Көкке көтерілген көк-ала қалта ауласына жаңбырдай төгілгенде, жауапсыздықтың қандай деңгейде екенін күнде байқайды.
Ашығын айту керек, бұл мүлде жұмыс істеліп жатқан жоқ деген сөз емес. Бірақ барды бағалай білуді де үйренген абзал. Бұл сөзді айтуға да себеп бар. Себебі тазалық шаралары өз деңгейінде атқарылғанымен белігеленбеген жерлерге қоқыс тастау фактілері тиылмай тұр. Осы кезге дейін қаншама аумақ қоқыстан тазартылып, реттелгенімен тазартылған аймақтардың бірнеше күн өтпей жатып қайта ластану фактілеріне байланысты тазалықты бұзған адамадарға айыппұлдар салынып, тиісті шара да қолданылды. Әр аумақтың тазалығын көздің қарашығындай сақтап, тәртіпті бұзған тұрғындарға қатаң шаралар қабылдауға қарамастан полиция қызметкерлерінің көзін ала бере қалдықтарды тастай салуды әдетке айналдырғандар тыйылар емес.
Қазақта ертеден келе жатқан «Ауылына қарап, азаматын таны» деген терең мағыналы тәмсіл бар. Ендеше әр тұрғын өзі тұратын үй-жайдың айналасын таза ұстап, артық-ауыс қалдықтарды шашпай, ұқыпты болса, туған қаламыздың таза әрі көрікті мекенге айналуына титтей де болса үлес қосқан болар еді. Суын ішіп, ауасын жұтып, топырағын басып жүрген туған жерімізді аялап, қадірлеу туралы әр азамат ойланса дейміз.
О. ТІЛЕУ