Тазалыққа талап қатаң
Көктем – көрікті мезгіл. Ал көрік деген сөздің парқын түсіне білу біздің әрбірімізге міндет. Сондықтан болар, халқымызда көктем мезгілінде төңірегімізді тазартып, ағаш отырғызу, бұлақ көзін ашу сынды игі дәстүр қалыптасқан. Осы үрдісті бұзбай, айнала тазалығына тыңғылықты қарауды әркім өзінен бастағаны жөн.
Иә, өткен сенбіде Арал ауданында «BIRGE - TAZA QAZAQSTAN» экологиялық акциясы аясында кезекті сенбілік өткізілді. Тазалық шарасы қала, кент, ауылдық округтерде ұйымдастырылды. Сенбілікте қаланың кіреберіс аймағы, орталық көшелер мен әлеуметтік нысандар, қоғамдық орындар қамтылды. Ортақ мекеннің мүддесі, туған жердің табиғаты мен айналасын таза ұстау үшін барлық мемлекеттік мекемелер мен түрлі ұйымдар бірлесе атсалысты.
Тазалық шарасына қатысушылар аудан әкімінің арнайы бекіткен 8 сектор бойынша санитарлық-тазарту жұмыстарын жүргізді. Аудан көлемінде жүргізіліп жатқан тазалық жұмыстары мұнымен шектеліп қалмақ емес.
Бірақ барды бағалай білуді де үйренген абзал. Бұл сөзді айтуға да себеп бар. Себебі тазалық шаралары өз деңгейінде атқарылғанымен, шеткі көшелер мен сырт аймақтарда, қала сыртында белгіленбеген жерлерге қоқыс тастау фактілері тыйылмай тұр.
Санитарлық штаб жиынында аудан әкімі Серік Сермағамбетов:
– Осы кезге дейін қаншама аумақ қоқыстан тазартылып, реттелуде. Дегенмен тазартылған аймақтардың бірнеше күн өтпей жатып қайта ластану фактілері тыйылмай тұр. Сондықтан әр аумақтың тазалығын көздің қарашығындай сақтап, тәртіпті бұзған тұрғындарға қатаң шаралар қабылдауды полиция бөліміне тапсырамын. Қатаң шаралар көріліп, темірдей тәртіп болмайынша бұл жұмыс өнбейді, – деген болатын.
Тапсырма қашанда орындалуымен құнды. Аудан басшысының тапсырмасына сәйкес мемлекеттік мекемелер мен полиция бөлімі рейдтік шаралар жүргізіп, бей-берекет белгіленбеген орынға қоқыс тастауды әдетке айналдырған тұрғындарға заң шеңберінде шаралар қабылдауда. Сонымен қатар төрт түлігін қараусыз қалдырып, қала көшелеріне жіберген азаматтарға да әкімшілік айыппұл салынды.
Айта кетейік, қала тазалығын сақтауға байланысты рейдтік шаралар ендігі кезекте тәулік бойы жүргізілетін болады. Сондай-ақ тәртіпке бағынбай ортақ үйді ластағандар жауапкершілікке тартылып, БАҚ пен әлеуметтік желілерде жарияланып, заң аясында айыппұлдар салынатын болады.
Біздің де туған өлкеміздің көрікті болуы өзімізге байланысты. Осыған дейін де басылым беттерінде қала қонақтарының пікірі мен тұрғындардың тазалыққа шақырған үндеулері тұрақты жарияланып келді. Себебі қаламыздың ажары азаматтардың бет-бейнесіне баланатындықтан, ортақ абыройды бірге қолға алған абзал.
Қазақта ертеден келе жатқан «Ауылына қарап, азаматын таны» деген терең мағыналы тәмсіл бар. Ендеше әр тұрғын өзі тұратын үй-жайдың айналасын таза ұстап, артық-ауыс қалдықтарды шашпай, ұқыпты болса, туған қаламыздың таза әрі көрікті мекенге айналуына титтей де болса үлес қосқан болар еді. Суын ішіп, ауасын жұтып, топырағын басып жүрген туған жерімізді аялап, қадірлеу туралы әр азамат ойланса дейміз.
(Өз тілшімізден)