Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Интернет тарифі де қымбаттайды

Интернет тарифі де қымбаттайды

Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин жақында интернет құны арзан 20 ел­дің қатарына кіреті­ні­мізді айтқан еді. Іле-шала ұялы байланыс операторлары тариф бағасын өсіріп үлгерді.

Ookla деректеріне сәйкес Қазақ­станда 4G қолжетімділігі 84,5 пайызды құрайды. Ал 5G енді енгізіліп жатыр. Бірақ елімізде интернет сапасына қа­тысты шағым көп. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та жауапты министр­ге көптің көкейінде жүрген «интер­нет қашан жөнді жұмыс істейді» деген сұрақты қойған болатын. Бағдат Му­син бұған тариф арзан болғандықтан, интер­нет жылдамдығы ақырын деген жауап айтты.

– Арзан байланыс операторлар үшін тиімді емес екенін түсіну маңызды. Бұл бизнес, сондықтан бизнесті дамыту, яғни желіні құру және сапаны жақсарту үшін инвестиция қажет. Кіріспен бірге инвестициялар келеді. Егер табыс төмен болса даму үшін инвестиция құйылмайды, тиісінше сапа да болмайды. Әлеуметтік желілердің дамуына байланысты, елде тра­фикті тұтыну бірнеше есе өсті. Бұл нені білдіреді? Бұл операторлар желі­сіндегі жүктеме де артты деген сөз. Бірақ шығындар тұтынылатын трафиктің көлеміне сәйкес тепе-тең түрде өскен жоқ. Қазақстан-мобильді трафикті тұтыну бо­йынша жетекші елдердің бірі және мобильді желіні қолдану жағынан да алдыңғы қатарда, деді Цифрлық даму министрі.

Осыдан соң отандық ұялы байланыс операторлары бірден тариф құнын көтеруді қолға алған. «Қазақтелеком» АҚ 2023 жылғы 1 тамыздан бастап мұрағаттық тарифтер желісінің кейбірі қым­баттайтынын хабарлады. Beeline компаниясы 15 тамыздан бастап «Жарқын 4990» және «Жарқын 5990» тарифтерінде YouTube, Instagram, Facebook, TikTok, WhatsApp және басқа да танымал әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге шексіз кіру мүм­кіндігін алып тастайды және «Жарқын 3990» тарифінде осы ресурстарға беріліп келген 25 ГБ пакеті де тоқтатылады. Сондай-ақ күнделікті пакет құнын 290 теңгеге өсіруді жоспарлап отыр. Activ.kz ұялы байланыс операторы да 2023 жыл­ғы 8 тамызда «Шынайы шексіз мұ­ра­ғаттық», «Супер Комфорт мұра­ғаттық», «Сұхбат мұрағаттық» та­риф­тері бойынша төлем шартын өз­гертеді. Ал Tele2 22 тамыздан бас­тап «Старт», «ЖЕҢІЛ Старт», «Бәрін ауыстыр 1990 тг 0419 мұ­ра­ғаттық», «Бәрін ауыстыр 1990 тг_0619», «ЖЕҢІЛ Старт мұра­ғат­тық», «Супер+», «ЖЕҢІЛ Старт мұра­ғаттық 2», «Қосыл», «Бә­рін ауыстыр 2490 тг 0419 мұра­ғат­тық», «Бәрін ауыстыр 2590», «БӘРІ Супер мұрағаттық», «Ке­регі осы», «Күшті», «БӘРІ Супер», «Толығымен қосыл 0518», «Толы­ғымен қосыл», «Бә­рін ауыстыр 2590 тг_0619», «Үл­кен мұрағат­тық 2», «Бәрін ауыс­тыр 3190_new», «Максималды қосылу», «Бәрін ­ауыстыр 3290 тг 0419 мұра­ғаттық», «Бәрін ауыс­тыр 3290 тг_0619», «НАҒЫЗ Экстра», «Үл­кен», «НАҒЫЗ Экс­тра мұрағат­тық», «Күшті+», «Бәрін ауыстыр 3190», «Бәрін ауыстыр 3690», «Бәрін ауыстыр 3790», «Сенгісіз шексіздік», «Бәрін ауыстыр 4190» тарифтері бағасын көтереді.

– Бірқатар факторға, со­ның ішінде экономикалық жағдай­ға байланысты біз тарифтік жос­пар­­лардың бағасына кішігірім өзге­ріс енгізу туралы шешім қа­был­дауға мәжбүрміз. Бұл сіздің қара­­жатыңызға әсер етуі мүмкін еке­нін түсінеміз, сондықтан біз қо­сымша ресурстар мен қызметтер түрінде өтемақы ұсынамыз. Бұл өзгерістер инфрақұрылымға негіз­делген шығындардың өсуімен, жаңа технологиялардың іске қосы­луымен, әлемдік логистикалық тіз­бектердің құлдырауы, инфляция, электр энергиясының қымбаттауы, жаңа технологияны енгізу үшін жо­ғары жиілік құны және компаниямыз үшін сын-қатерлер тудырған басқа да жағдайлармен байланысты. Сондықтан біз қызметтердің тұ­рақтылығын қамтамасыз ету және сізге одан да озық технологиялар мен қызметтерді ұсыну үшін та­рифтеріміздің бағаларын қай­та қарауды ұйғардық», делінген Tele2 хабарламасында.

Ұялы байланыс операторлары тұтынушыларға сапалы қызмет көрсету мақсатында ба­ғаның өсіп жатқанын атап өтті. Бірақ Цифрлық даму, инновация­лар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин қа­зір­дің өзін де 4G сыйымдылығына қатысты мәселе бар – стансалар жеткіліксіз деген. Ал ол стансаларды операторлар салуы керек. Соған қарағанда 5G-дің ауылы тіпті алыс. Бағаның бірден өскені секілді интернет жылдамдығы да жақын арада жақсарса ғой...

egemen.kz

Фото: aqmeshit-zhastary.kz
20 шілде 2023 ж. 238 0