Мануалды терапия Жаннаттың жан қалауы
Мануалды терапия дегенді естігеніңіз бар ма еді?Бұл емнің көмегімен аяққа тұрғандарды, дертіне дауа тауып, қатарға қосылғандарды әлеуметтік желілер арқалы көп көріп жүрмін. Буындарды сықырлату, тарту, созу сынды ем-шараларды көзіңіз көріп жүрген болар. Омыртқаның қисықтығы, сүйектердің дұрыс орналаспауы сынды тән мәселесіндегі олқылықтарды орнына келтіретін бірден-бір тәсіл осы болып тұр бүгінде. Мұндай емнің көмегімен аяққа тұрған жанды еліміздегі "Евразия" бірінші арнасы арқылы көріп қатты таңғалғаным бар. Жыл бойы жербауырлап, аяққа тұра алмай қалған әлдебір келіншекті қабылдауы қымбат тұратын емшіге алып барып, сегіз ай емделмеген дертті 8 минутта емдеген емшіні көргенде таңданбасқа шара қалмады. Содан мұндай емнің мүмкіндіктері туралы іздене бастағанмын. Жақсы нәтижелерге жеткен адамдардың пікірлеріне қанықтым. Нақтысы, қазіргі кезде көп көңілінен шығып келе жатқан мануалды терапия туралы жақсы ой қалыптасып келеді. Онымен айналысатын емшілерді де іздестіре бастадым. Сөйтсем мұндай емді қолға алып жүрген өзіміздің Аралда да емші бар екен. Есім-сойы – Жаннат Ғайнулқызы Егізбаева.
Негізінен халык және рухани емші, сынықшы, мануалды терапевт, балалар мен ересектерге арналған оңалту маманы. Сондай-ақ бүгінде Қызылорда облыстық жедел жәрдем орталығының Арал ауданына қарасты бөлімшесінде медбике болып қызмет етеді. 30 жылға жуық уақытын осы салаға арнап келе жатқан маманның жұмыс тәжірибесінен жиғаны мол. Алайда бүгінгі айтпағымыз кейіпкеріміздің басқа қыры болмақ. Мануалды терапия, сынықшылыққасиет, көзбен көру, қолмен сезу арқылы тамыр ұстап диагноз қою қасиеті тағы бар. Мұндай мүмкіндіктерін жедел жәрдем кезінде қолданып, сынған жарақаттарға алғашқы көмек көрсетіп, жандандырып, жабық сынықтарды түзету, иық, жамбас, жақ шыққанды салып, ауруханаға апару кейіпкеріміздің қалыпты жұмысына айналған.
Әдетте ғылым мен білімнің бастауы «Кәрі құрлықта» деп жатады. Әрине ілімі озған Еуропада медицина ерекше қолға алынғанына келіспеске лаж жоқ. Алайда медицина саласының Шығыста да ерекше дамығанына ешкім қарсылық білдіре қоймас. Одан бөлек, қазақтың да өзіндік шипагерлік жолы болғанын тарихи еңбектер айғақтайды. Міне, осындай қазақы емдік дәстүрмен қатар мануалды терапия әдісін игеру арқылы көптің ықыласына бөленіп жүрген кейіпкеріміз бойға дарыған ерекше қасиеттерін халық саулығы үшін қолданып келеді. Бойға дарыған деуіміздің себебі бар. Бойында дарыны бардың қай саладан да қарымы құлаш болады. Ізденіс үстінде жүріп, 1992 жылы Қызылорда облысы медициналық училищесіне оқуға қабылданып, оны 1995 жылы емдеу ісі мамандығы бойынша бітіріп шығады. Міне, содан басталған медициналық жол бүгінде Жаннаттың өмірлік тәжірибесін шыңдаған маңызды салаға айналды. Сол жылы Арал аудандық жедел жәрдем станциясының кезекші емдеу ісі маманы ретінде жұмысқа қабылданған жас, қазіргі уақытта өзінің жолы, ізі бар тәжірибелі маманға айналған. Қызметте жүріп талай мәрте жетістікке жетті, өзі қызмет атқарған жұмыс орнын жарқын жеңістерімен қуантты.
Жаннат қазіргі таңда «Құртқа Тәуіп атындағы Проскопиялық ғылым және дәстүрлі Шығыс, халық медицинасы дәрігерлері академиясы» қоғамдық қор академиясының толық мүшесіне айналды. Оны растайтын арнайы куәлік те табысталған. Одан бөлек, «Қазақстан Республикасының халық және рухани емшілері» мекемесі атынан берілген куәлік және арнайы сертификаты бар. Міне, осылайша стоун-массаж және фитотерапия тәсілдері бойынша ем жүргізу ісіне ден қойған Жаннат бар білгенін көптің еміне қолданып келеді. Оған мануалды терапия әдісі арқылы ем жүргізу шараларын қосыңыз.
Өзімен тілдесуге барғанымызда қабылдауында Диляра есімді келіншек отыр екен. 3 жасар Ахмет есімді баласының дамуында кешігу бары себепті бірнеше диагноз қойылған. Ем керек. Осы баланың қамымен үлкен қалаларға барып ем қабылдаған. Алайда мұндай диагнозға ұзақ жылдық ем қажет болғандықтан елдегі емші Жаннаттың қабылдауына келуді мақұл көріпті. Сол күні 2 сеансты қабылдаған ана мен баланыңкелер күннен күтер үміті зор.
– Баланың дамуындағы кешігуді біз кейін байқадық. Өйткені құндақтаулы кезінде көп білінбейді ғой. Уақыт өте баланың жас деңгейіне қарай қалыптасатын қылықтарында кешігу барын байқадық. Содан ем-шараларды қабылдап келеміз. Астана қаласына барып ем қабылдадық. Алайда мұндай диагноздың емі егу немесе арнайы препараттар арқылы кетпейді екен. Сондықтан ұзаққа созылатын ем түрлерін қабылдауға шешім қабылдап, Жаннат апайдың қабылдауына келіп жүрміз. Әзірге ем жүргізіліп жатыр. Нәтижесі жақсы болар деген үміттеміз, – дейді жас ана Д.Кадиржанова.
Мануалды терапия демекші, көзімізбен көрген емді айта кетсек. Жаннат қабылдауына келген әлгі жас ананың да тірек қимылдарында қалыпты қозғалыстың бұзылғанын айтты. Сондықтан мануалды терапия қабылдап, көзімізше әлгі емделушіге ем жүргізе бастады. Басында аяқтарының бір-бірінен қысқалығын көрсетіп, соны қалпына келтіруге жұмыс жасады. Еңбек нәтижесіз емес. Араға 5-10 минут салып, әлгі емделушінің аяғындағы кемшілікті түзеді. Бұл жолы мұндай емнің шын мәнінде нәтиже береріне көзімізді анық жеткіздік.
Кейіпкеріміз Жаннат бұған дейін қала орталығынан ғимарат ашып, емшілік жолдағы ісін кәсіпке айналдыруды көздеген. Алайда қолдың қысқалығы кедергі болып, тапқаны ол ғимараттың айсайынғы жалдау ақысынан әрі аспаған. Қаншама құрылғы мен ем жүргізу жолындағы түрлі тәжірибелерінің барлығы ақшаға келгендіктен, оның өтемі болуы керек қой. Мүмкіндік болса Жаннат та қиналғанға қолғанат, шарасызға шипагер болғысы келеді. Бірақ әр нәрсенің қайырымы болуы керек. Дей тұрғанмен, қазіргі күні ДЦП диагнозымен тіркеуде тұрған науқастарға ем жүргүзуде 50 пайыз жеңілдіктер қарастырған. Мұнысын біз емшінің қайырымы деп ұғындық.
«Анам көп жылдардан бері ауырып жүрді. 1987 жылы Астрахань қаласындағы профессор невропатолог дәрігерден және массаж жасайтын мамандардан нүкте массажын үйреніп, сол кезден бастап осы күнге дейін бұл ем түріне қызығушылық танытып келемін» деген Жаннаттың адам денесіндегі көптеген нүктелердің қандай қызмет атқаратынын игеріп алғанын аңғардық. Оған көмекке келетін арнайы плакат ретіндегі суреттемелері де бар. Бір қызығы, оның пайымынша адам денесіндегі меңді медицина жолымен емдеп кетіруге болады екен. Яғни, мең адам денесінің қай нүктесінде орналасқанына қарап, бірінші қай дене мүшесіне ем жүргізу керек екені анықталады. Сол арқылы ем басталады. Егер нәтиже беріп жатса, әлгі мең біршама уақыттан соң өзінен өзі кете бастайды екен. Мұны естіп таңданғаным рас. Рас-өтірігін қайдам, Шығыстағы медицинасы дамыған елдер қалыңдық ретінде меңі көп қыздарды таңдаудан бас тартады екен. Өйткені оның денсаулығында кінәрат бар деген сөз. Мұндай байламды ойдың бізге әсер ете қоймасын білсек те, денсаулықты күту және ауру белгілерімен дер кезінде жұмыс жасау керектігін ұғынғандай болдық.
– Осы күнге дейінгі тәжірибемде мүмкін емес жайттарды мүмкін қылуды маған тылсым күш-қуат, Алла тағала беріп қойған. Кейде мен бірінші рет жасаған қиын жұмыстардан қорықпай,өзінен-өзі шабыт келген кезде мені ешкім тоқтата алмайтындығын сеземін. Мысалы,қызылордалық 15жасарқыз балада 3 дәрежелі сколиоз, нейрохирург омыртқаға ота жасау керек деген.Бірақ отадан бас тартқан, ол меніңәріптесімнің туысы болып шықты. Мен арқасына қарап 2жауырыны сыртқа қисайып қалғанын байқадым. Ол науқасқа бірінші сеанста 3,5 сағат оңалту массажын жасадым, нүкте массаж, мануалды терапия, вибрациалдық массаж, сынықшы қызметі жасалды.Өзімнің таңғалғаным, омыртқаны түзеп ұрудың нәтижесіндетуыстары мен анасының көзінше жауырыны түзелді. 4 күн емін алып қуанып, ризашылығын білдірді. Қазіргі таңда эпилепсия, қол-аяғы тырысу аурулары көп екеніне көзім жетті.Бірақ медицинада тек белгілерді емдейді, оның себебін таппайды. Негізі себебін тауып, емді жүргізсе созылмалы аурудан біртіндеп айығып, ол ауруды келмейтіндей қып, түп-тамырымен алып тастауға болады. Бұл Қытай медицинасы арқылы жүзеге асады көбіне. Осыны тәжірибе ретінде қолданып, эпилепсия ауруынқолға алғым келіп,бірқыз балаға 4 сеанс сынықшы қызметі және мануалды терапия қолданған кездетаңғалғаным, 2,5жылдан беріәліұстамалары (судороги) ұстамағанын анасының өз аузынан естідім. Осылайша бүкіл аурудың себебі омыртқа, атлантка, жүйке ауру, күйзеліс, уайым, психикалық ауру, бауыр, жүрек аурулары,ішкі ағзасы дұрыс орналаспауы, омыртқа қисайған кезде ішкі ағзада қисаяды.Сол үшін висцералдық массаж арқылы сол дерттен айығуға болатынына көзім жетті, – дейді емші Жаннат.
Сондай-ақ маман ішкі құрылысқа висцералдық массаж жасау, қан айналымын жүргізу, бітелген тамырларды жазу, ішкі ағзаны 2 жылда бір рет тазарту, іштегі кұрттарды жою, бірақ анализде көрсетпейді, тек денедегі сүйелге қарап, оның түсіне, көлеміне қарап 33 түрлі кұрттардың түрін қандай екенін анықтауға болатынын, беттің, дененің безеуіне қарап, қай ағза ауыратынын анықтап, висцералдык массаж аркылы емдеуге болатынын айтып қалды.
Өзі қай нәрсенің де жарнамасы жақсы болса, жұмысы да жемісті, бастамасы да сәтті болмақ. Кезінде атағы шыққан емшілердің де жарнамасы жақсы болып, жер-жерде ауыздан-ауызға тиіп оған келушілер көбейген. Ал кейіпкеріміз Жаннат ондай атаққұмарлыққа аса құштар емес. Бар болғаны сеніп келгендер соңына дейін ем қабылдап, бір нәтижеге жетсе дейді. Нәтиже демекші,осы Жаннаттан ем қабылдап, бүгінде аяққа тұрған Алмасбек есімді аралдық жігітті жолықтырдық. Ол белінен тұра алмай 3 ай шамасында төсек тартып жатып қалған. Ақыры таңдауы кейіпкеріміз Жаннатқа түсіп, дертіне дауа тапқанын айтады.
– Осыдан бірер жыл бұрын белімнен тұра алмай жатып қалдым. Грыжа бар деді. Содан ауырған соң оған ем жүргізу керек. Емшілер іздей бастадық, жұрттың айтуымен Ақтөбе жақтан бір емшіні таптық. Барып ем қабылдадым. Бірақ нәтиже болмады. Содан елге келіп, жұрт айтып жүретін тағы бір емшілердің қабылдауында болдым. Арасында сынықшыларға да барып қаралдым. Алайда олардың барлығынан нәтиже болмады. Осылай жүргенде 3 айдай уақыт өтіпті. Содан бір таныстарым арқылы Жаннат апайды таптым. Анығы сол, осы кісінің жүргізген мануалды терапиясының арқасында бас-аяғы 10 күннің ішінде аяғыма тұрдым. Қазір бәрі жақсы. Ел қатарлы жүріп-тұрып, тіршілік етіп жатырмыз. Бастапқыда есімі бейтаныс, бұрын-соңды естіп-білмеген соң күмән болды. Дертіме дерт жамап алмаймынба деген оймен біраз тіксіндім. Бірақ бір нәтижеге жету керек болғандықтан тәуекел еттім. Еш өкінбеймін. Қайта рақметімді айтамын. Қолына қуат берген осындай жандардың еңбегі еленуі тиіс деп ойлаймын, – дейді қала тұрғыны А.Серікбаев.
Жаннат Егізбаеваның қабылдауына жазылып, үйіне қатынап жүргендердің қатары қалың. Алайда қаншама құрылғы мен қажетті заттарды тар үйге сыйғызу қиын екенін бізде байқадық. Сал ауруына шалдыққан жандарға көмектесетін үлкен құрылғылар қазір Жаннаттың төргі бөлмесінде тұр. Басқа қоятын жері жоқ. Одан басқа массаж үстелдері мен түрлі құрылғылары қуыс-қуыста тұр. Білімін жетілдіру жолында қол жеткізген арнайы сертификаттары мен дипломдарынан көз сүрінеді. Демек осының барлығы бекер емес деген ой сізге де келетін шығар. Өз ісіне осынша құмартпай, тек ақша табуды көздеген болса көптің ойы басқаша болар еді. Алайда бір құрылғы үшін қаншама мыңдаған қаржысын шығындау өз ісінің маманына тән әрекет деп ойлаймын. Расында Жаннат өз ісіне берілген жан. Алдына келген науқасты күн-түн демей қарауға пейіл. Ол сол жұмысынан ләззат алады. Алдағы уақытта үлкен орталық ашып, ауру балалар мен дертіне дауа іздеген жандарға көмек қолын созуды ол да қалайды. Бірақ оның бұл мақсатын жүзеге асыруға көмектесер ешкім жоқ. Қиыны осы болып тұр.
– Біз қолда бардың қадірін білмейтін халықпыз. Бірақ күндердің күнінде кез келген жан өз еңбегімен елге танылып, ел мерейін асырып жатса сонымен мақтануға пейілміз. Менің 30 жылдық тәжірибемде қателіктер де болды. Бірақ соншама уақытым құр босқа кетпеді деп ойлаймын. Ендігі жерде менің осы жұмысымның барлығы арнайы орталық ашу арқылы жолға қойылса деймін. Оған көп күш, қаржы керек. Жергілікті билік көмек көрсетсе құба-құп болар еді. Сол кезде мен бірнеше адамды жұмыспен қамтып, үкіметке де көптеп салық түсірер едім деп ойлаймын. Қалай болғанда да мен осы емшілік жұмысымды жалғастыра беремін. Өйткені бұл менің жан қалауым, – дейді кейіпкеріміз Ж.Ғайнулқызы.
А. БИСЕНОВ