Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 400 мыңнан астам мектеп оқушысына ақшалай көмек беріледі

400 мыңнан астам мектеп оқушысына ақшалай көмек беріледі

Биыл халықтың әлеуметтік осал топтарынан 400 мыңнан астам бала мектеп формасымен, мектепке қажет керек-жарақтарымен қамтамасыз етуге материалдық көмекпен қамтылатын болады, деп хабарлады turkystan.kz.

Министрліктің мәліметінше, биыл әр білім алушыға киім, оқу құралдарын сатып алуға арналған қаражаттың ең төменгі мөлшері – 40 567 теңге. Барлық ақша аударымдары ата-аналардың карточкалық шоттары арқылы жүзеге асырылады.

«Қаражат ата-аналарға балалармен бірге мектеп формасын, аяқ киімді, кеңсе тауарларын өздері таңдап алу үшін беріледі. Қабылданған өзгерістер ата-аналар мен балаларға жеткізушілерді өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді», – дейді Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Жолдас Батырхан.

Мұқтаж отбасыларға материалдық көмек көрсету және балаларды 100% қамтамасыз ету үшін жалпыға бірдей міндетті орта білім беру қоры жұмыс істейді.

«Жалпыға бірдей оқыту» қоры атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардан шыққан балаларға, сондай-ақ жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан балаларға материалдық көмек көрсетеді.

Жаңа оқу жылы қарсаңында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, төтенше жағдайға тап болған оқушылар қаржылай көмек алады.

Оның ішінде Абай облысындағы апаттан қаза тапқан орманшылардың балалары бар», – делінген хабарламада.
31 шілде 2023 ж. 268 0