Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Самокат" мінген балаға салынар тыйым бар ма?

"Самокат" мінген балаға салынар тыйым бар ма?

Бүгінде көше бойында мопед немесе электросамокат айдап жүрген балаларды көптеп көзіміз шалады. Балғын балалық шақтың балдай күндерінде бет-жүздері қуанышқа толы балалар қатары күн санап көбейіп барады. Иә, балалардың шаттанып жүргені кімді болмасын қуантары анық. Дегенмен атаулы көлік тізгініндегі кішкентай балаларды көріп «байқап жүрсе екен» дейсің де, жандарынан өтіп кете береміз. Жалпы мұндай көлік түрін тізгіндеген балалар жол ережесін біледі ме? Бұл тұрғыда заң не дейді? Мұндай құрылғыны айдағанына риза болған бала оқыс оқиғаға тап болып қалмасына кім кепіл?!
Бағасы 200 мыңнан басталатын мұндай құрылғы түрлері кәдімгі көлікке қарағанда адам қалтасына біршама жеңіл болады. Себебі темір тұлпарымызға күніне кем дегенде 2-3 мың теңгеге жанармай құятын болсақ, бұл көлік түрлері ондай шығынды қажет ете бермейді. Тіпті жүргізуші куәлігінің де қажеті жоқ. Мұндай көлік түрлері бүгінде қала тұрғындарының қатынас құралына айналып үлгерген. Яғни балалар мектепке сәнді мопедтерімен-ақ қатынайды. Сондай-ақ түрлі тағамдарды да мопед арқылы жеткізеді. Бұл қалалық жердегі студент жастарға ең ыңғайлы жұмыс түріне айналғаны анық.
Бүгінгі бүлдіршіндердің ойыншығына айналып отырған мопед сынды құрылғылар жаяу жүргіншілерге, көлік қозғалысына кедергі келтіру арқылы жол-көлік оқиғасына себепкер болып жатады. Бұл мәселеге заң да үнсіз қарап қалмады. Мамыр айында Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданған болатын.
– Бүгін біз электросамокаттардың жүрісін реттеу бойынша алғашқы түзетулер топтамасын ұсынып отырмыз. Жобаға сәйкес электр самокаттар көлік құралы ретінде танылады, сондай-ақ жүру жылдамдығы сағатына 25 километрге дейінгі көлік құралдары электр самокат санатына жатады. Электросамокаттар велосипед жолдары мен жол жиектерінде шектеусіз жүре алады. Тротуарларда сағатына 6 километрден аспайтын жылдамдықпен жүруге рұқсат етіледі. Бұл тәсіл – көліктің жаңа түрін пайдаланатындар мен жаяу жүргіншілер үшін ең қолайлы шешім. Шектеулерді қадағалау қиын. Бірақ мұндай жылдамдық шамамен жаяу жүргіншілер легінің жылдамдығына тең. Бұл жылдамдық сырттай көзбен шолып анықталады. Электросамокаттың жолдың жүру бөлігінің оң жақ шетімен, оның ішінде автобус жолағымен бір қатарда жүруіне жол беріледі. Алайда, бұл үшін жүргізуші 18 жасқа толуы және шлем киюі керек. Сондай-ақ оның үстінде жарық шағылыстыратын киім мен кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болуы қажет, – деген еді Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева.
Сонымен бірге тағы айта кететін жайт, Мәжілісте ішкі істер министрі Марат Ахметжанов елімізде велосипед пен мопедтерге мемлекеттік нөмір тағу міндеттелуі мүмкін екендігін айтқан болатын. Осы тұста журналистер тарапынан «Самокаттарға да мемлекеттік нөмір тағу қажет пе?» деген сауал қойылды. Бұл сауалға Марат Ахметжанов:
– Бұл мәселе қазір қарастырылып жатқан жоқ, бірақ біз оны кейінірек қарастырамыз. Бүгінде, өкінішке қарай, мопед пен самокат жүргізушілерінің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғасы жиілеп кетті. Сондықтан, мұны заңмен реттейтін уақыт келді, – деп жауап берді.
Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралып жатыр. Жобада депутаттар электросамокаттардың жүрісін реттеу бойынша алғашқы түзетулер топтамасын ұсынды. Атап өтер болсақ, электросамокаттар көлік құралы ретінде танылады, жүру жылдамдығы сағатына 25 километрге дейінгі көлік құралдары электросамокаттарға жатады, сонымен бірге электросамокаттар велосипед жолдары мен жол жиектерінде шектеусіз жүре алады, тротуарларда сағатына 6 километрден аспайтын жылдамдықпен жүруге рұқсат етіледі, электросамокаттың жолдың жүру бөлігінің оң жақ шетімен, оның ішінде автобус жолағымен бір қатарда жүруіне жол беріледі. Алайда, бұл үшін жүргізуші 18 жасқа толуы және шлем киюі, үстінде жарық шағылыстыратын киім мен кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болуы қажет.
Кешкілік серуенге шыға қалсақ, түрлі электросамокат, мопед түрлерін кездестіреміз. Оны тіпті балалардың үлкені де, кішісі де айдап жүреді. Ал мұндай көлік құрылғысын жалға беріп те кәсібін айналдырып отырған жандар жетерлік.
– Бүгінде жаяу жүргіншілер қатары азайды десек қате болмас. Себебі технология күн санап дамыған заманда түрлі көлік құрылғылары пайда болып жатыр. Мәселен, мектепке немесе жұмысқа күнделікті қатынауға электросамокат, мопед секілді түрлі көлік құрылғыларын тізгіндеген жандар қатары көбейіп келеді. Дегенмен жол ережесін білмейтін жандардың кесірінен оқыс оқиғалар болып жататыны көңілге қаяу салады. Сол үшін мұндай құрылғы түрлерін айдауға шектеу қойылғаны жөн секілді. Яғни жол ережесін білетін, жүргізуші куəлігі бар адамдар айдағаны дұрыс. Бұл барлығымыздың қауіпсіздігіміз үшін тиімді болар еді, – дейді қала тұрғыны Ж. Әбденова
Иә, электросамокат пен мопед секілді көлік құрылғыларының қозғалысын реттейтін заң дер кезінде қабылданбақ. Мүмкін бұл заң ертерек қарастырылғанда қаншама адамның өмірін сақтап қалар ма еді?! Ештен кеш жақсы... Мұндай көлік құралдарына арнайы жол салынбайтыны анық. Дегенмен құқықтық жауапкершілікті арттырған жөн. Сол үшін өзіміздің де, өзгенің де денсаулығына жауапкершілікпен қарап, жол үстінде сақ болып жүргеніміз дұрыс.
А. НҰРЛАНОВА
05 тамыз 2023 ж. 424 0