Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аймағамбетов грантқа ілікпеген талапкерлерге ақысыз оқудың бірнеше жолын айтты

Аймағамбетов грантқа ілікпеген талапкерлерге ақысыз оқудың бірнеше жолын айтты

Парламент Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында мемлекеттік грантқа ілікпей қалған талапкерлерге кеңес берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Комменттерде және жекеме де осындай сұрақ көп қойылып жатыр. Сондықтан қысқаша өз ойымды жазайын. Бастысы әлі де грантты жеңіп алуға мүмкіндік бар. Неге?

Біріншіден, игерілмеген бірнеше мың грант қайтадан үлестіріледі. Яғни грант алған талапкерлерден кейін тұрған талапкерлерге ҰБТ-да жинаған ұпай санына сәйкес беріледі. Соны күтуге болады.

Екіншіден, әкімдіктердің гранттары бар. Бірнеше мың грант жергілікті бюджеттен бөлінеді.

Үшіншіден, «Қазақстан халқына» қорының гранттары тағы бар.

Төртіншіден, кейбір талапкерлер түрлі себеп бойынша жеңіп алған гранттарынан бас тартады. Олардың саны да аз болмайды. Ол гранттар да қайта тағайындалады.

Бесіншіден, тіпті ештеңе болмаса, университетке ақылы түрде түсіп, кейін жақсы оқып, GPA жоғары болса, білім алу кезінде босаған бос грантты ұтып алуға болады.

Алтыншыдан, «gap year»алып бір жыл дайындалып қайтадан ҰБТ тапсырып грантты жеңіп алуға болады. Ол менің өз басымнан өткен оқиға. Бұл да жақсы шешім.

Жетіншіден, колледжге түсуге болады. Колледжде грант көп, қажетті мамандықтар бойынша колледж бітіргендер нарықта тапшы. Керек болса, біраздан кейін әрі қарай ЖООға түсіп, қысқа мерзімде жоғары білім алып шығуға да болады.

Көріп отырғандарыңыздай мүмкіндіктер өте көп. Бәрі әлі алда. Толық мәлімет алу үшін университеттердің қабылдау комиссиясына жолығу керек›, деп жазды Асхат Аймағамбетов.
06 тамыз 2023 ж. 206 0