Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Кімге және қандай жағдайда көп жүруге болмайды?

Кімге және қандай жағдайда көп жүруге болмайды?

Жүру - физикалық белсенділіктің ең қарапайым және қолжетімді түрі. Massaget.kz жаяу жүрудің денсаулыққа пайдасын ұсынады. 

Көптеген зерттеулерге сай, жаяу жүрудің денсаулыққа пайдасы зор. Бірінші кезекте, ол иммунитетті қатайтады. Сондай-ақ көп жаяу жүретін адамдардың зат алмасуы жақсы жұмыс істейді.

Жүру денсаулықты қалай жақсартады:

Жүрек пен қан тамырларды жақсартады, соның себебінен адамның қан қысымы қалыпты болады;
Қант диабетінің даму қаупін азайтады;
Артық салмақтан арылуға көмектеседі. Жүрек соғу жиілігінің артуына байланысты қанағым күшейеді, ал бұлшықеттерді оттегімен қоректендіру қарқынды бола түседі. Жүру кезінде тыныштық жағдайындағыға қарағанда калория 5 есе көп жағылады;
Бұлшықеттерді тонусқа келтіреді, байламдарды жаттықтырады, ұйқыны жақсартады;
Күйзеліс пен мазасыздықтан арылтады, көңіл күйді жақсартады, күш береді;
Ми жұмысының тиімділігін арттырады. Нейрондық байламдар қатайған кезде адамның ақыл-ой қабілеттері жақсарады.


Кімдерге және қандай жағдайда көп жүруге болмайды?

Жаяу жүру денсаулыққа пайдалы болғанымен, ШЖҚ "Отбасылық медицина орталығының" жалпы тәжірибелік дәрігері Сейтмағұлова Ақботаның айтуынша, кей жағдайларда оған қарсыкөрсетілім бар.

"Біріншіден, адамға жақында ота жасалған болса, оған уақытша ұзақ жаяу жүру тыйым салынады. Себебі физикалық белсенділік тігістің ашылып кету қаупін арттыруы, оның жазылуын баяулатуы және ауыруды күшейтуі мүмкін. Екіншіден, созылмалы аурулар асқынған кезде, соның ішінде жоғары қан қысымы немесе жұқпалы процестер кезінде ұзақ жүруге болмайды. Үшіншіден, қимыл-тірек аппаратының бұзылуы кезінде проблема ушығып кетпес үшін ұзақ жүрумен айналыспаған жөн", - деп кеңес берді Сейтмағұлова Ақбота.

Күніне қанша уақыт жүру керек?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) ересектерге аптасына 150-ден 300 минутқа дейін жүруді ұсынады. Сондай-ақ жүруді басқа да аэробты жүктемемен, мысалы, жүзу, би немесе жүгірумен алмастыруға болады.

Күнде жаяу жүруді қалай әдетке айналдыруға болады?

Серуендеуге арналған жағымды жер табыңыз. Мысалы, орман, саябақ немесе өзен жағасы. Табиғат көңіл күйіңізге, хал-жағдайыңызға жағымды әсер етеді.
Жүруге ыңғайлы аяқ киім мен спорттық киім сатып алыңыз.
Сүйікті музыкаңызды немесе аудиокітап  қосып қойыңыз.
Интернеттен қалай дұрыс жүру керегі және қалай дұрыс тыныс алу керегі жайлы видеолар қараңыз. Дұрыс техника денеге түсетін күшті азайтуға көмектеседі.
Жылдамдықты уайымдамаңыз. Өз ырғағыңызда жүру және серуеннен ләззат алу маңызды.
Қасыңызға адам табыңыз. Досыңызбен немесе жақын адамыңызбен бірге жүру онымен қарым-қатынасыңыздың қатаюына ықпал етеді және мотивацияның жоғалмауына көмектеседі.
Дәрігер Сейтмағұлова Ақбота жүктемені біртіндеп қосуға кеңес берді.

"Күніне 20-30 минут жүруден бастаңыз. Уақыт өте уақытты және жүретін ара-қашықтықты арттыра беріңіз. Мысалы, жұмысқа жаяу барып, жаяу келіңіз. Егер жұмысыңыз қатты алыс болса, бірнеше аялдама бұрын түсіп қалып, ары қарай жаяу барыңыз. Жұмыста түскі ас кезінде далаға шығып, аздап жүріп қайтыңыз", - деді ол. 

Күніне қанша қадам жасау керек?

Қазір көпшілік ұялы телефонға қадам санаушы қосымша жазып алып, күнделікті қадамын бақылап жүреді. Көп жерде күніне 10 000 қадам жасау және жылдам жүру керегі жазылады. Бұл қаншалықты рас?

European Journal of Preventive Cardiology журналында жарияланған жаңа зерттеу бойынша, өлім қаупін азайту үшін күніне 4 000-5 000 қадам жасау жеткілікті.

Лодзь медициналық университетінің профессоры Мацей Банач және оның әріптестері осы тақырыпқа арналған алдыңғы 17 ғылыми жұмыстың деректерін жинақтап, талдау жүргізді. Олар барлығы 227 мыңға жуық адамды (орташа жас - 64 жас) қамтыды, олар қадамдар саны мен жүрек-қан тамырлары аурулары мен басқа себептерден болатын өлім қаупі арасындағы байланысты бағалады.

Бұл жұмыс тәулігіне орташа қадамдарды 500-ге арттыру жүрек-қан тамырлары проблемаларынан болатын өлім қаупін 7%-ға, ал 1000 қадамға арттыру кез келген себептерден болатын өлім қаупін 15%-ға төмендететінін көрсетті. Алайда жаяу жүрудің пайдасы бұрын ойлағаннан әлдеқайда аз қадамнан басталады.

Барлық себептерден болатын өлім-жітімнің төмендеуіне айтарлықтай әсер ету - 3967 қадамда, ал жүрек-қан тамырлары ауруларының азаюы 2337 қадамда байқалған.
11 тамыз 2023 ж. 607 0