Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Көзмоншақ шынымен көмектесе ме?

Көзмоншақ шынымен көмектесе ме?

Қазір жаңа туған нәрестенің бесігіне, босаға аттап түскен келінге, оның артынан келген жасауына, жаңа алынған темір тұлпар мен кез келген затқа "көз тимесін" деп көзмоншақ іліп қойып жатады. Тіпті көзмоншақ араластырып жасалатын әшекей-бұйымдар да көбейді. "Көзмоншаққа" қаншалық сенуге болады? Massaget.kz тілшісі зерттеп көрді. 

Тарихшылар бұл ұғымның сонау түркі заманында пайда болғанын айтады. Бірақ бір қызығы байырғы заманда көзмоншақтың түсі қоңыр болған. Жас тарихшылардың бірі Нұрқожа Ерсайын бұл тақырыпқа қатысты пікір білдірді.

"Бұрын көзмоншақтар қоңыр түсті болған. Кейін оғыздар Түркия жаққа көшкеннен кейін қазақ даласында Крест жорығы басталады. Осылайша, ата-бабамыз сол кресшілермен соғысты. Ол - тарих. Міне, кресшілердің көздері көк болған. Ал түркі халықтарында ұқсас нәрсе ұқсас затқа қарсы тұрады деген түсінік бар. Көзмоншақтың түсінің көк болуы да осыған тікелей байланысты. Крест жорығының кезінде көк көзді еуропалық солдаттар келген кезде солардан қорғану үшін осындай көк түсті көзмоншақтар ұстап жүрді. Осылайша, сол кезеңнен түсі көк болып қалып кетті. Негізінде, түркі халықтарының мұндай моншақтарының түсі қоңыр болатын", - дейді тарихшы.

Қариялардың сөзінше, қазіргі көзмоншақтардың барлығы қолдан жасалады. Ал бұрын көзмоншақты жасау оңайға түспеген көрінеді. Нағыз көзмоншақ кез келген жерде жататын, оңай табылатын тас емес. Өзен суы толқынымен ерекше ақ дақтары бар тасты ұрып жағаға шығарады деседі. Ол тасты басқа тастардан айыру қатты қиындық туғызбайды екен. Зерттеушілердің пайымдауынша, көздің өткірлігі адамға тиетіндігіне, яғни құпия сиқырлап тастайтындығына ежелгі египеттіктер өте қатты сенген. Содан олар түрлі түсті көз бояулар мен далаптарды ойлап тауып, жақсылық әкелмейтін көзқарастан қорғану үшін ерекше тасты пайдаланған. Зерделеп, ойланып қарасаң көз адамның ішіндегі сезімі мен ойын ашық әлемге шығаратын жалғыз мүшесі. "Біз көзімізбен оқимыз, ал жұрттар біздің көзімізден оқиды", "Көз - адам жанының жасырын камерасы" секілді нақыл тұжырымдар бұл сөзімізге дәлел.

Этнограф Досымбек Қатранұлы көзмоншақтардың түсі мүлде кресшілерге де, көк көзді адамдарға да қатысы жоқ екенін айтады. Оның айтуынша, қазақ халқы ежелден табиғатпен үндесіп келе жатқан соң қоршаған ортаның бояуын бойына сіңіре білген екен.

Осы орайда дінтанушылар "көзмоншақ көз тиюден сақтайды" деген де пікір айтады. Имам Нұрлан Байжігітұлы мұндай ырымға сенуші қазақтардың таспихпен бірге көзмоншақ іліп, оған қоса үкі, адыраспан тізбектеген істері дұрыс емес екенін айтады.

"Біле білсек, бұл ақиқат дініміздің ақ сеніміне көлеңке, серік қосуға алып баратын ауыр қателіктер. Жалпы ырым - сонау алыс заманда пайда болған наным-сенім, тыйым. Бұл қағидаттардың дінімізде сүйеніші болмаса, тасталуы керек. Мұсылманның ұлы семсер қорғаны - дұға", - деді ол.

Көз тию деген - тылсым сырға толы ежелгі наным-сенім. Ежелгі болғанымен қазір де оған сеніп, иланып, сақтану үшін түрлі іс-әрекеттерге барады. Шынында, көз тию мен сөз бар екені дінде де дәлелденіп, расталған.

 Балнұр Жумаділлә
11 тамыз 2023 ж. 284 0